Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Руханият қызметкерлеріне құрмет

14 ноября 2024 14:37 • 391 просмотров

Қостанайдағы «IQostanay» оқушылар сарайында Кітапханашы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында көпшілік оқырманға қашанда қалтқысыз қызмет көрсетуден айнымаған қарапайым жандардың ерен еңбегі ұлықталып, отыздан астам кітапханашыға түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді.

Мерекелік жиында сала қызметкерлерін облыс басшылары, өңір зиялылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары құттықтады. Мысалы, ауыл кітапханасының өткені мен бүгіні туралы біраз мәселенің басын қайырған белгілі диқан Ибраш Естаев өз ойын «сіздер менің егін егіп, бидай орғанымнан жүз есе артық, мың есе сауапты іс атқарып жатырсыздар», деп түйіндеді.

Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев Кітапханашы күні еліміздің ең ұлық ұлттық мерекесі Республика күні қарсаңында келуін жақсылыққа жорып, кітапхананың ел өміріндегі маңызы зор екеніне тоқталды.

«Заманымыздың заңғар қаламгері, мемлекет қайраткері, ойшыл жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзі – кітапхананың қаншалықты маңызды екенін айшықтап тұр. Кітапхана қашанда мәдени-рухани іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын руханият ордасы. Демек, кітапханашыларды қоғамның рухани дәнекері десек те болады. Бүгінде өңірдің мәдениет және білім саласында 1252 кітапханашы жұмыс істейді. Құрметті кітапхана қызметкерлері! Кәсіби білік-білімдеріңізді тынбай жетілдіріп, осы бағытта атқарып келе жатқан үздіксіз ізденістеріңізге табыс тілеймін», деді Ринат Зәкиұлы.

Мерекелік жиынға ардагер кітапханашылар да арнайы қатысып, кейінгі буынға деген ізгі тілектерін арнады.

«Күн сайын сегіз сағат бойы көз майын тауысып, кітаппен, оқырманмен жұмыс істеу оңай емес. Кітапханашының еңбегі – көзге көрінбейтін жұмыс. Келген кітапты түптеу, шифрлау, электронды каталогке салу, оқырманға жеткізу, күнделікті газет-журналдың бетіндегі осы оқырманға керек болып қалады-ау деген материалдарды жиып-теріп, оның электрондық және карточкалық нұсқасын жасап отыру адамнан, әрине, үлкен төзімді талап етеді. Сондықтан өз ісіне шындап беріле алмаған адам кітапханада көп тұрақтай алмайды. Ал бүгінгі іс-шараға жиналғандардың дені осы қаладағы, сонау шалғай түпкірдегі ауыл кітапханаларында талай жылдан бері адал еңбек етіп келе жатқан мамандар. Олардың ішінде менің шәкірттерім де жүр», дейді Гүлжамерия Ғалиасқарқызы.

Салтанатты іс-шара барысында 5 кітапханашы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, он шақты кітапханашы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапатталды.

Мерекелік кеште Л. Толстой атындағы облыстық кітапхана өткізген «Үздік жас кітапханашы» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар табыс етілді.

Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды