Қостанай облыстық «Аймағамбетқажы Спанұлы» мешітінде «Дін мен дәстүр: ысырапшылдықтың алдын алу» атты конференция өтті.
Жиында діни рәсімдерді, атап айтқанда жерлеу, жаназа, марқұмның қайтқан күнгі қонақ асын, қырық күндік, жылдық асын беру кезіндегі ысырапшылдық мәселесі қозғалды.
Кейінгі уақытта қоғамда жерлеу рәсімдерін өткізу кезінде қайғылы отбасы көп шығынға ұшырайтыны жиі айтылып жүр. Әсіресе, ас беруге жұмсалатын шығын шаш-етектен. Айталық, жерлеуден бір күн бұрын қонағасы берудің өзі артық рәсуа екені сөз етіліп келеді. Дәстүрімізде алыстан келген етжақын ағайынға қонағасы беру салты бар. Бірақ қазір бұл дәстүр осы қалпынан шығып, 200–300 адамға дастарқан жаю әдеті дендеп барады. Бір сөзбен айтқанда, кісі қайтқан үй екі мәрте шығындалып ас беруге мәжбүр. Бұл дәстүрге де, ислам қағидаларына да қайшы. Себебі қайтқан кісінің жамбасы жерге тимей, құран бағышталмайды. Сондықтан ысырапшылдыққа жол бермеу, ұлттық дәстүр мен ислам қағидаларын сақтауға қатысты осы және өзге де мәселелер конференция алаңында талқыға салынды.
«Той-жиында ысырапқа жол бермеу керек. Әсіресе, қайғылы үйде үш күнге дейін ас тартылмағаны жөн. Жан-жақтан келген ілік-жақындары үй ішінде қонағасы берсе құба-құп. Ал қалған жерде бүкіл халықты жинап, көл-көсір дастархан жаю дәстүрге де, шариғатқа да келмейді. Жаназаның өзінің төрт парызы бар: жуындыру, кебінге орау, жаназаға қатысу, жерлеу. Пайғамбарымыз жаназаға қатысқандарға Ухуд тауындай, жерлесе одан екі есе сауап берілетінін айтқан. Әрине, ас беру де сауапты іс. Бірақ оны шектен шығарып жібермеу, той дастарханымен шатастырмау керек. Бұл мәселе қазір Қостанайда ғана емес, жер-жерде көтеріліп жатыр. Елдің, жердің иесі ретінде өзіміздегі басқа ұлт пен ұлыстарға өнеге болуымыз қажет», – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Шоқанов.
Жиынға арқау болған тақырыптардың бәрі өзекті. Дін қызметкерлері пәтуалы пікірлерінде ҚМДБ жанынан басылып шыққан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын басшылыққа алды. Басқа да қоғам белсенділері, ел ақсақалдары келелі ой, кесімді көзқарас, ұтқыр ұсыныстарын ортаға салды. Жиын соңында Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын Уәлиев қорытынды сөз сөйлеп, қабылданып отырған шешімді жария етті:
1. Қостанай облысы көлемінде қонақ асын беруді тоқтату (жаназадан бір күн бұрын берілетін ас);
2. Бекітілген ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ немесе нан, қант, кәмпит-печенье, су (газды, газсыз), шай, ыстық тамақ (ет немесе күріштен ас);
3. Діни рәсімдердегі ас-жиындарда сөз сөйлеуді үш адаммен шектеу;
4.ҚМДБ-ның «Қамқор – шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру (қайтыс болған кісінің құлпытасына фото-сурет салуға, Құран аятын, өлең шумақтарын жазуға тыйым салынсын);
5. Марқұмға арналған жылдық астарда көрсетілетін бейнероликтердің мазмұнына назар аудару (қойылатын әуенге (музыка) мұқият болу, алкогольді ішімдігі бар, әуреті ашық киіммен түскен бейне және фотокөріністердің болмауын қадағалау).
Осы шешімге ҚМДБ төрағасының орынбасары Сансызбай Шоқанов, Қостанай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, облыстық Дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, ҚМДБ Қостанай облысындағы бас имамы Бектұрсын Уәлиев қол қойды. Бұл маңызды пәтуа өңірдегі барлық аудан-қала, ауыл-аймаққа таратылып, оның орындалуы бақылауда ұсталмақ.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, сурет Бағдат АХМЕТБЕКОВ