Әулиекөл ауылында 280 балаға арналған заманауи балабақша пайдалануға берілді. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мұғалімдік қызмет атқарып, бала оқытқан шежірелі мекенде халық санының өсімі жоғары.
Бұған дейін мұндағы екі балабақша ауыл балаларын сыйдыра алмай, тұрғындар ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр болып келген. Ел қуанышын еселеген үлкен балабақшаға аудандық білім бөлімінде кезекте тұрған балалар түгелдей қабылданды.
«Алтын бесік» аталған тәрбие ошағының ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов қатысты. Салтанатты жиында жаңа үлгідегі мектепке дейінгі білім нысанының бой көтеруі – игі істі жұмыла көтеріскен мемлекет пен аталған қордың, жергілікті белсенді қауымдастық өкілдерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екені айтылды.
«Халық» қайырымдылық қоры іші-сырты келіскен үш қабатты балабақшаның құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсаған. Сондай-ақ 57 млн теңге қаржыға ғимаратты түгелдей жабдықтап шыққан. Ал әкімдік облыс қазынасынан 500 млн теңге қосымша қаржы шығарып, жаңа нысанның айналасын абаттандырып берген.
«Бүгін біз мынадай үлкен балабақшаны ашып жатырмыз. Осы орайда балабақшаға қабылданған кішкентай бөбектеріміз бүтіндей бір жаңа әлемге еніп, жаңа өмір бастайтынын да айта кету керек. Бұл – халық игілігіне, ел болашағына салынған инвестиция. «Алтын бесік» балабақшасы көптеген ақылды, талантты, бақытты баланы тәрбиелеп шығаратынына сенімдімін», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Ауданы 4202 шаршы метр, үш қабатты жаңа балабақшаға 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар барады. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесінде балалардың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалған: кең ойын залы, жатын бөлмелері, музыка, спорт залдары, медициналық кабинет, сондай-ақ қосымша сабақтарға арналған сыныптар бар. Мұнда қазақ, орыс тілінде тәрбие беретін он екі топ жұмыс істейді.
Әулиекөл ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ырысты Жансүгірова балаларын қазақ тобына беріпті. «Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Қай ата-ана болсын, кішкентай құлыншағының жақсы балабақшада сапалы тәрбие алып, мектепке дейін қатардан қалмай ширап, жетілгенін қалайды. Бүгін сол арманымыз орындалып, қолымыз ұзарып жатыр. Жаңа ішіне кіріп, бәрін аралап, өз көзімізбен көріп шықтық, нақ ертегідегідей, балаға керектің бәрі бар. Ауылға осындай заманауи балабақша салып берген ел азаматтарына алғысым шексіз. Өте қуаныштымын», дейді көпбалалы ана.
Балабақша аумағы абаттандырылған, заманауи балалар алаңы, спорт алаңдары бар. Әсем ғимарат бейнебақылау жүйесімен, өртке қарсы дабыл көтергіш құрылғымен жабдықталған.
Дәл осы күні Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылында да мемлекет пен жеке меншік иесінің серіктестігі аясында жаңа балабақша есігін айқара ашты. «Еркетай» деп аталатын бұл мектепке дейінгі білім мекемесіне «Электрондық балабақша – Индиго» ақпараттық жүйесі арқылы кезекте тұрған 1 жастан 5 жасқа дейінгі 100 бала қабылданды.
Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды