Қазақтың заңғар жазушы, ақын, драматург, журналист, педагог Бейімбет Майлиннің 130 жылдық мерейтойы туған жерінде жоғары деңгейде аталып өтті. Ұлы тұлғаның есімімен аталатын ауданда рухани, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, Би-аға рухына тағзым жасалды.
Мерейтой аясында Бейімбет Майлин ауданына алыс-жақыннан келген қонақтар, қастерлі қаламгердің ұрпақтары әуелі мешітке бас сұғып, баба рухына арналып оқылған дұғаға қол жайды. Ғибадат үйінде облыстың бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев құран бағыштап, ұлт мұраты жолында құрбан болған көрнекті тұлғаның қазақ халқына сіңірген еңбегі туралы сыр шертті. Бұдан соң қалың қауым орталық алаңдағы Би-аға бюстіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналды. Аудан әкімдігінің өкілдері, мерейтой меймандары сөз алып, рухани іс-шараның мән-маңызы жөнінде ой толғады.
«Құрметті қонақтар, сіздерді ауданымызда қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз, – деді Бейімбет Майлин ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Ибраев. – Ұлы қайраткердің есімін алғанын мақтан ету кез келген ауданның талайына бұйырмаған. Біз асыл тұлғаның атын әрдайым ардақ тұтып келеміз. Оның туған жерінің абыройын асқақтата түсуге де барынша күш саламыз. Бүгінгі жоспарлы іс-шаралардың да жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймыз. Бұл күн ауданның ғана емес, облыстың тарихына елеулі оқиға ретінде таңбаланары сөзсіз».
Қазақ әдебиетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан құдіретті қаламгер, сан қырлы тұлға туралы, бай мұрасы жайлы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Бастысы, келте де қиындыққа толы өмірі, қазыналы еңбектері өскелең буынға насихатталып отыруы керек. Рәсім барысында лебіз-пікір айтқандар осы жайды тілге тиек етті.
«Ұлы жерлесімізді қазақ әдебиетінің негізін салушы тұлғалардың бірі де бірегейі ретінде білеміз. Оның әрбір туындысы жүрек төрінде тұр. Біздің мәдениет үйінде оның шығармалары арқау болған спектакльдер үнемі қойылып жатады. Кітапханалар мен мектептерде Бейімбет оқуларын өткізу дәстүрге айналған. Жыл сайын әртүрлі мәдени іс-шаралар өтіп отырады. Мұның бәрі көрнекті тұлғаны жас ұрпаққа насихат ету мақсатымен жасалатыны анық. Бүгінгі мерейтойдың да осы тұрғыдан алғандағы мазмұны терең», – дейді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Раиса Овчарова.
130 жылдық мерейтойға Бейімбет Майлин қорының өкілдері арнайы келгенін бұған дейін де жазған едік. Қор құрамында белгілі қайраткерлер, қаламгерлер, ғалымдар және Би-атаның туыстары, немере-шөберелері бар. Аудандық іс-шарада қор өкілі, ұлы тұлғаның ұрпағы Гүлзат Табынға да сөз берілді.
«Би-ағадай алыпты тудынған өлкенің қасиетті топырағына Алматыдан келіп отырмыз. Мерейтой дегенде қуанғанмызбен, азапты өмірін еске алсақ, жүрегімізге мұң түсетіні тағы рас. Сіздердей халқы барда Бейімбет атамыздың мәңгі жасайтыны анық. Алаш арманын арқалаған азаматтардың, қазақ елінің өсіп-өркендеуін, мемлекетке айналуын аңсап өткен асылдардың қай-қайсысы да ел жадынан өшпек емес. Бұл ұрпақтар сабақтастығының керемет көрінісі. Жерлестеріне мың да бір рахмет айтмыз! Қанша ғасыр алмасса да Би-атаның жұлдызы ешқашан төмендемейді», – деп ағынан жарылды Гүлзат ханым.
Тағзым гүлін қою рәсімінен соң іс-шаралар легі Е. Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Ғимарат кіреберісіне Би-ағаның өмір жолынан, шығармашылығынан сыр шертетін, ол кісінң ғұмырдеректері өзек етілген жазбалар, ғылыми жұмыстар топтастырылған көп бөлімді көрме қойылды. Ең ерекшесі – жазушының «Шұғаның белгісі», «Келін мен ене», «Раушан коммунист», «Ауыл мектебі», «Әже», «Неке қияр» шығармалары негізінде жергілікті театр әртістері көпшілік назарына инсталяция ұсынды. Мүсіндей қатып, қимылсыз тұрған актерлерге қарап, әр туындының мазмұнын, сыр-сипатын анық көруге болады. Инсталяцияланған барлық шығарма жөнінде арнаулы маман ақпарат беріп шықты.
Іс-шаралардың ең елеулісі І. Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері сахналаған «Қаламгер» спектаклі болды десек қателеспейміз. Қойылымда көрнекті жазушының тартысқа, азапқа толы ауыр тағдыры суреттеледі. Нақақтан жала жабылып, тұтқынға ілінгені, нойыс күш нояндарының кінәсіз жанды отбасынан айырып, қалай қинағаны көрсетіледі. Қамауда қорлық шегіп, кеңес үкіметінің озбыр билігімен арпалысқа түскен Би-ағаның ішкі бұлқынысы – «Қаламгер» спектаклінің негізгі өзегі. Әп сәтте «ең қауіпті дұшпан» деп танылып, «халық жауына» айналған ардақты тұлға туралы спектакль көрерменнің көңілін толқытып, ыстық ықыласына бөленді. Абақтыдағы сұрақ-жауап архив құжаттары негізінде әзірленіп, айна-қатесіз көрсетілген. Әр кейіпкердің сахналық образы өте нанымды. Драма ә дегеннен-ақ өзіне баурап алады. Барлық әртіс өзіне жүктелген міндетті асқан шеберлікпен шықты.
«Қандай ауыр тағдыр, неткен бейнетті өмір, не деген әсерлі қойылым! Әртістеріміз асыл азаматымыздың азапты өмірін, арман-мұратын, күрескерлігін өте жақсы жеткізді. Араға бес жыл салып, осы қойылымның сахнаға қайып оралғанына қуаныштымыз. Жалпы, кешеден бері өңір өнерпаздары жергілікті сахнада рухани сый-тартуларын жасап жатыр. Алғашында Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің концерті өткен еді. Енді бүгін ерекше тартымды қойылымды тамашаладық. Атамыздың аруағы шат болғай! Той тойға ұлассын!» – деді қойылымнан кейін құттықтау лебізін жолдаған облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Аталған қойылымның премьерасы Би-ағаның 125 жылдығында Қостанайда, кейін Алматыда қойылған еді. Қайта сахналанып отырған спектакль туралы жазушының ұрпақтары тебіреніспен пікірін айтып, көздеріне жас алды. Облыстық театр труппасына бас иіп алғыстарын жеткізіп, ақ тілектерін айтты.
«Керемет туындыны көпшілік назарына ұсынған әртістер қауына көптен-көп рахмет. Дәйім жұмыстарыңыз алға басып, жемісті бола беріңіздер. Беделдеріңіз артып, шетел сахналарына жол ашылсын. Қасиетті Қостанай жері өркендей түссін. Мерейтойға жоғары деңгейде дайындалып, ұмытылмас оқиғалар ұйытқы болған азаматтарға да шексіз разымыз! Сіздерді Би-атамыздың аруағы қолдай жүрсін!» – деді Бейімбет Майлиннің шөбересі Ботагөз Тұрсынбекқызы.
Ұлы жазушының ұрпақтары 130 жылдыққа арналған іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып, жан-жақты атсалысқан өңір азаматтарына мерейтойлық медаль мен естелік сыйлықтар табыс етті. Облыс басшылығы тарапынан да алыстан ат терлетіп келген құрметті меймандарға тарту-таралғы жасады.
Ал түстен кейін мерейтойлық іс-шара «Бейімбеттің биігі» атты облыстық айтыс ақындарының аламанымен түйінделді
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Ерасыл ТАЛҒАТҰЛЫ