Қостанай облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті.
Бұл күні өңірдің және тұтастай алғанда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға елеулі үлес қосатын үздік аграрлар құрметке ие болды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде аталған мерекенің өңір үшін, атап айтқанда Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлері еңбегінің маңыздылығын атап өтті.
— Баршаңызды ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің басты астықты аймағы ретінде бұл күн біз үшін өте маңызды. Осыдан тура 70 жыл бұрын Қостанай облысына тың жерлерді игеру үшін мыңдаған жұмысшылар келді. Содан бері ауыл шаруашылығы саласы үздіксіз дамып, көптеген өзгерістерге ұшырады. Бүгінгі таңда жаһандық өзгерістер, сондай-ақ күрделі геосаяси жағдайда біз Мемлекет Басшысы қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Осы салада жұмыс істейтін еңбеккерлердің табандылығы мен кәсібилігінің арқасында биыл айтарлықтай мол өнім жиналды. Агроөнеркәсіптік кешен елдің экономикалық өсуінің негізгі салаларының біріне айналуы тиіс. Өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында ел Президенті оны атап өтті. Біздің облыстың аграршылары да атақ-даңққа бөленді. 6 млн тонна астық жиналды. Сондықтан біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында ғана біз алға қойған мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту бойынша нақты бағдарларды айқындап берді, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Біріншісі – агроөнеркәсіпті қаржыландырудың қолжетімділігі. Бұл ұзақ жылдар бойы шешілмеген мәселе. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру ел бойынша 3 есеге ұлғайтылды, келесі жылы бұл сома тағы 2,6 есеге ұлғаяды. Облыс бойынша биыл қаржыландыру сомасы 176 млрд теңгені құрады. Желтоқсан айында фермерлер жеңілдетілген несие ала алады. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің міндеті – алынған қаражатты тиімді пайдалану және көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала дайындалу.
— Облыста ауа-райына қарамастан жыл сайын жақсы өнім алатын шаруашылықтар бар. Олардың ішінде Ұзынкөл ауданының «Тойсай» шаруашылығын атап өтуге болады, биыл олар гектарына 30 центнер арпа және гектарына 25 центнер бидай алды. «Олжа Агро» холдингінің Алтынсарин, Меңдіқара, Сарыкөл, Ұзынкөл және Федоров аудандарындағы кәсіпорындары ағымдағы жылы 20-дан 27 центнерге дейін дәнді дақылдар алды. Алтынсарин ауданында «Айдала», Қарабалық ауданында «Тоғас и К», Федоров ауданданында «Тұрар», Ұзынкөл ауданында «Оразбеков» және «Веста» шаруа қожалықтарында 20 центнерден астық бастырылды. Облысымыздың оңтүстігіндегі Амангелді ауданында «Сары Адыр KZ» шаруашылығы әр гектардан 20 центнерден бидай мен 30 центнерден арпа жиналғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, осы аудандағы «Батыр» шаруа қожалығы 20 центерден дәнді дақылдар жинады. Барлық аталған кәсіпорындар ұсынылған агротехнологияларды сақтауды, сапалы тұқым себуді, минералды тыңайтқыштарды қолдануды, сондай-ақ дақылдарды зиянкестер мен аурулардан қорғауды пайдаланады. Облыста өсімдік шаруашылығын дамыту әлеуеті жоғары. Алайда, бірқатар шарттарды қатаң сақтау қажет, олардың бірі минералды тыңайтқыштарды қолдану болып табылады. Топырақ құнарлылығының артуы жақсы егіннің кепілі екенін атап өткен жөн. Мемлекет қаржыландыруды ұлғайтады, сәйкесінше минералды тыңайтқыштарды енгізу шығындары да өсуі керек. Келесі жылы біздің алдымызға 337 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар енгізу міндеті қойылды. Оның 150 мың тоннасын егіс жұмыстары басталғанға дейін сатып алу керек. Сондықтан отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» зауыттарымен алдын ала шарт жасасу қажет, – деп атап өтті өз сөзінде өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл сала жыл бойы жұмыспен қамтуды және кірісті қамтамасыз етеді.
Қазірдің өзінде өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы инвестиция сомасы 23 млрд теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба несиелендірілді. 2028 жылға дейін облыста барлығы 30 жаңа өнеркәсіптік сүт және тауар фермалары салынады. Келесі жылы ірі қара басын 6% – ға ұлғайту, сондай-ақ аналық мал басын тұқымдық түрлендірумен қамту үлесін 45% – ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Өткен жылдан бастап Амангелді, Жангелдин аудандарының және Арқалық қаласының кәсіпкерлері үшін бизнесті, оның ішінде мал шаруашылығы саласын дамыту үшін 1% несие беріледі.
Құс шаруашылығы саласында 2 жобаны іске асыру жоспарланған: құс фабрикаларын жаңғырту және салу. Нәтижесінде құс етін өндіру жылына 62,5 мың тоннаға артады. Саланы дамытудың тағы бір маңызды шарты – ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру. Мемлекет басшысы техниканы жылына 8–10% – ға дейін жаңарту міндетін қойды. Осы мақсатта жеңілдікті лизинг бағдарламасы іске қосылды. Биыл ҚазАгроҚаржы арқылы лизинг бойынша техника сатып алуға 120 млрд.теңге бөлінді. Келесі жылы қарастырылған 200 млрд.теңге, бұл 1,6 есе көп.
Ағымдағы жылы аграршылар мыңнан астам техника мен агрегат сатып алды, оның 72% – ы-отандық өндіріс техникасы. Келесі жылы машина-трактор паркін жаңартуды 7% – ға дейін жеткізу міндеті тұр.
Сондай-ақ, облыс әкімі ауыл тұрғындарының да жағдайын жақсарту керектігін атап өтті.
— Барлық жетістіктің артында аянбай жұмыс істейтін ауыл тұрғындарының еңбегі тұр. Сондықтан сіз бен біз үшін басты құндылық – бұл ең алдымен адамдар. Ауылдағы өмір сапасы деңгейін көтеру – біздің басты міндеттеріміздің бірі болуы тиіс. Тек жалақы төлеу жеткіліксіз. Ауылдағы әрбір кәсіпкер еңбек өнімділігінің өсуі тұрғындарындардың өмір сүру сапасына тікелей байланысты екенін түсіну керек. Сондықтан қызметкерлердің жалақысын көтеру, жаңа жұмыс орындарын құру қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Іс-шарада өзінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары табысталды.
«Парасат» ордені «ПКФ Қайрат» ЖШС директоры Төремұрат Өтеповке, «Жас Қанат 2006» ЖШС бас директоры Қайрат Маишевқа берілді.
«Құрмет» ордені «Тогас и К» ЖШС директоры Руслан Қабаевқа, «Асар 1» шаруа қожалығының басшысы Николай Поспеловқа берілді.
III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені «Жаңабек» ЖШС агрономы Төлеген Сүлейменовке берілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалін ҚР АШМ АӨК ҚМИ «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қамысты аудандық филиалы басшысының міндетін атқарушы Елизавета Рязанцеваға табысталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградалары «Еңбек ардагері» медалі Қали Балгураевқа, Иван Шписке, Абай Өмірбаевқа табыталды.
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі «Айдала» ЖШС директоры Лариса Стороженкоға, «Сарыағаш» ЖШС бас агрономы Берік Сейітмұратовқа берілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы» агрономдарды, шаруашылықтардың басшылары мен механизаторларын қоса алғанда, бір топ саланың үздік қызметкерлеріне табысталды.
Бұл марапаттар – Қостанай облысының ауыл шаруашылығында және қайта өңдеу кәсіпорындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен өз ісіне адалдығының белгісі.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды