Қостанай облысы бүгінде сауда-саттық пен экономика саласында 110 мемлекетпен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Облыстың сыртқы сауда айналымы 3 млн доллардан асады. Оның 1 млн доллардан астамы ЕАЭО елдеріне тиесілі.
Өңірде қазірде шетелдік компаниялардың қатысуымен 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл – өңірде ауыр техникаға қажет қосалқы бөлшектер шығаратын ірі өндіріс орындарының пайда болуына, жүздеген жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беріп отыр.
Көршілес Ресей мемлекетімен экономикалық әріптестік аясында кейінгі жылдары пайда болған кәсіпорынның бірі – «KamLitKZ» шойын құю зауыты. Бүгінде «KamLitKZ» серіктестігі үш бірдей ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Зауыт директоры Дмитрий Окуневтің айтуынша, құны 78,2 млрд теңге болатын алпауыт кәсіпорын жылына 45 мың тонна шойын қорытып, одан түрлі бұйымдар шығарады. Бүгінде мұнда 500 адам жұмыс істейді. Зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған.
«Бұл – біздің серіктестік іске асырып жатқан бірінші жоба. Биыл 2 300 жеңіл және жүк көліктеріне арналған шойын бұйымдарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Оның жартысынан астамын өндірдік. Өндіріс цехтары толық іске қосылған соң, облыста шойын құю көлемі шамамен бес есеге артады. Серіктестік қазір 82,5 млрд теңгеге іштен жанатын қозғалтқыштарға арналған шойын құймаларын және жетекші ось тетіктерін өндіретін екі заманауи өндіріс орнының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, тағы 550 жұмыс орны ашылмақ», дейді кәсіпорын басшысы.
Шойын құю зауыты қазір қозғалтқыш картері, цилиндрлер блогін шығарып жатыр. Тапсырыс берушінің сұранысына сай техника бөлшегі алдымен зауыттың констуркторлық бюросында өлшеніп-пішіледі, сосын барып құйылады.
Зауыттың инженер-конструкторы Дария Есмұхамбетованың айтуынша, Қостанайда шығатын дайын шойын құймаларына жекелеген тапсырыс берушілер де көп.
«Бізге тапсырыс келген соң, оны алдымен талдаймыз, қалай жасай алатынымызды ойластырып, технологиясын құрастырып аламыз. Кейде өз идеямызды қосамыз. Оны тапсырыс берушіге көрсетіп, келісімін аламыз. Біз шойыннан жүк машиналарына арналған жетекші белдеменің 12 түрін, картердің 13 түрін, цилиндр блоктарын және цилиндр блоктарының бастарын құйып шығарамыз. Зауыт өнім сапасына баса мән береді. Сондықтан әрбір өнім жоғары технологиялы бірнеше сатылы сынама зертханасынан өтеді», дейді жас маман.
Зауыттың физика-механикалық сынамалар зертханасында металдың сапасы, оның құрамы, басқа да сипаттары жан-жақты зерттеледі. Мұнда металды, құйылған шойынның беріктігі арнайы электронды машина арқылы тексеріледі. Ақылды құрылғы шойынның сапасы туралы мәліметтерді компьютерге шығарып көрсетіп береді.
«KamLitKZ» шойын құю зауыты қолға алып отырған 3 жоба толық іске қосылған соң, кәсіпорын шойыннан 164 мыңға жуық техника бөлшегін шығаратын болады. Олар жүк және жеңіл техника өндірісінде қолданылады.
Мұның сыртында, Қостанай қаласында теміржол көлігіне арналған серіппе шығаратын «Орал пружина зауытының» құрылысы жүріп жатыр. Аталған жобаға Ресей компаниясы 1,1 млрд теңге қаржы салып отыр. Зауыт жылына 10 мың серіппе шығаратын болады. Кәсіпорын іске қосылса, 56 жұмыс орны ашылады.
Челябі қаласындағы «Оксид» химия зауыты да Қостанайда мырыш оксиді мен мырыш ерітіндісін шығаратын кәсіпорынның іргесін қалады. Құны 2,7 млрд теңге тұратын жаңа зауыт жылына 50 тонна мырыш оксидін және 150 тонна мырыш ерітіндісін өңдеп шығаратын болады. Кәсіпорын іске қосылған соң, 60-тан астам жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар өңірде Ресей компаниясының қаржысына кварцит зауыты салынып жатыр. Өңірдің өнеркәсіп өндірісін өркендету бағытында бұдан басқа да ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Келер жылы индустриялық аймаққа теміржол тартылып, халықаралық логистикалық орталық салынбақ.
«Елімізде бүгінде екі халықаралық логистикалық орталық бар. Үшіншісін келесі жылы Қостанай қаласында салу көзделіп отыр. Өйткені жаңадан іске қосылып жатқан, алдағы уақытта ашылатын зауыттардың біраз өнімін уақытында алып, басқа мемлекеттерге жеткізуіміз керек. Жылына 400 мың контейнер келетін болады. Бұл жоба жүзеге асса, Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісі 50 пайызға дейін артады», дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, астықты өңір Ресей, Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан тәрізді 37 елге өнім жібереді. Мәселен, жыл басынан бергі экспорт көлемі 1 млрд доллардан асқан. ЕАЭО аумағындағы елдерге 398,9 млн доллардың өнімі экспортталады. Ал импорт көлемі – 2 млрд доллардың үстінде. Оның ішінде 666,7 млн доллардың өнімі ЕАЭО елдерінен келеді.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды