Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тіл туралы талаптар талқыланды

28 ноября 2024 9:22 • 358 просмотров

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде мәнді жиын өтті. Дөңгелек үстелде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның көрнекі ақпараттағы сапасын арттыру мәселелері қарастырылды.

Жиынды Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Әзімжанова ашып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

Бөлімнің бас маманы Қарлығаш Мадиярова «Қостанай қаласындағы көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі» тақырыбында баяндама жасап, тіл заңнамасы талаптарының жиі бұзылатынына назар аударды.

«Кейбір аударма агенттіктері кәсіби аудармамен жұмыс істемейді. Бұл мәселе бақылау мен қоғамдық жауапкершілікті талап етеді», – деді ол.

Жиында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бөлім басшысы Кенжеғали Бимағанбетов «Көрнекі ақпаратқа қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында түсініктеме берді. Ол өзгерістердің тіл мәдениетіне оң ықпалын атап, тұрғындардың бұл мәселеге белсенділік танытуының маңызды екенін айтты.

«Қате ақпараттарды түзетуге көмек беруге әрдайым дайынбыз. Азаматтар автобус маршруттары немесе дүкендердегі жарнамалардағы қателерді бізге хабарлап отырады, біз бұл мәселелерді жедел шешуге тырысамыз», – деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Гүлім Сейтқалиева мемлекеттік тілді оқытудың тиімді әдістемелерін қолдану мен оның азаматтардың кәсіби және қоғамдық өміріне тигізетін пайдасы туралы баяндады. Оның айтуынша, заманауи әдіс-тәсілдер арқылы қазақ тілін үйрену үрдісі жеңілдей түсуде.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің көрнекі ақпарат саласында қолданылуын арттыру жолдарын талқылады. Әсіресе, жарнама өнімдерінде тіл заңнамасын сақтау, қоғамдық бақылауды күшейту және осы бағытта арнайы жобаларды іске асыру туралы нақты ұсыныстар айтылды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Қанғожин бұдан екі жыл бұрын жүзеге асырылған «Көрнекі» жобасы турасында ақпарат беріп өтті.

«2022 жылы біз Мәдениет басқармасының қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамының бастамасы «Көрнекі» жобасын жүзеге асырдық. Он алты көшедегі төрт жүзден астам нысанды аралап шығып, олардың тоқсан пайызынан астамынан қателік таптық. Көрнекі ақпаратты тек бір тілде (орысша) бергендер мен қате аударма жиі кездесті. Біздің қоғам мүшелері оларға заңның талаптарын түсіндіріп, қолдарына жадынама ұстатты. Түсіндіру кезінде қатесін бірден жөндеп қойғандар да болды», – дейді төраға орынбасары.

Іс-шара барысында «Тіл керуені» жобасының белсенді қатысушылары марапатталып, бұл жоба аясында қоғамда тіл мәдениетін қалыптастыру жұмыстарының жалғасатынына сенім білдірілді. Сонымен қатар, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріне қатысты құқықтық кеңестер беру, мемлекеттік тілді үйрету курстарының ауқымын кеңейту, және жарнама агенттіктерімен серіктестік байланыстарды нығайту бойынша ұсыныстар қабылданды.

Жиын мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған жүйелі іс-шаралардың жалғасы ретінде қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.

Бақыт ТҰРАШ, суретті түсірген автор