Жанкелдин ауданының Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебі олжаға кенелді. 7-сынып оқушысы Жайна Алпысқызы тоғызқұмалақтан Монғолия елінде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Бұл туралы жеңімпаз Жайнаның бапкері Қайрат Айтмағамбетов хабарлады. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде осы жеңіс туралы тарап жатқан ақпаратқа сәл түзету енгізгісі келетінін айтады.
«Жайна қызымыз әлем чемпионы болды» деген ақпарат тарап кетіпті. Негізі, бұл шындыққа жанаса қоймайды. Шәкіртім Монғолия елінде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Әлем чемпионы болу, әрине, арманымыз. Дегенмен бұл да олқы олжа емес. Әлбетте, мәліметтің шынайы болғаны абзал», – дейді Қайрат Әбдібекұлы.
Халықаралық турнирге елімізден 12 спортшы қатысып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия өкілдерімен шеберлік байқасқан. Жайна жеті бірдей қарсыласының алтауынан басым түсіп, жеңімпаз атанып отыр.
Бұған дейін Қайрат Айтмағамбетовтің шәкірттері Семей қаласында өткен бәсекені бағындырып, облыс намысын абыроймен қорғап, жүлдемен оралғаны еді. Ол жолы Жанкелдин ауданынан барған екі оқушы бір топта өнер көрсетіп, күміс жүлдені иеленіп, Қазақстан біріншілігінің вице-чемпиондары атанған болатын.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттер Қайрат Айтмағамбетов