Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тараптар әріптестікке әзір

5 декабря 2024 14:17 • 307 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында америкалық компаниялармен ынтымақтастықтың болашағы мен өңірге инвестициялар тарту мүмкіндіктері талқыланды. Ерекше назар облыстың өнеркәсіп, агробизнес және білім беру сияқты негізгі даму бағыттарына аударылды.

Қостанай облысы сенімді түрде дамуын жалғастырып, Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Өңір халықаралық саудаға белсенді қатысып, әлемнің 109 елімен сыртқы экономикалық байланыстарды қолдап келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстың сыртқы сауда айналымы 5,2 млрд АҚШ долларын құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 18,2%-ға артты.

Кездесуде облыстың экономикалық және өндірістік әлеуеті басты тақырыптардың бірі болды. Құмар Ақсақалов Қостанай облысының көлік жасау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және тау-кен өнеркәсібі сияқты салаларды белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өңір автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі, сондай-ақ темір кені окатыштары мен хризотил-асбест сияқты тау-кен өнімдерін шығару бойынша көшбасшы болып табылады.

Сонымен қатар, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа жобаларды іске қосуға инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Биыл өңірде жалпы сомасы 255,8 млн АҚШ долларын құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 1,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Құмар Ақсақалов инвесторларды қолдаудың және өңірде қолайлы бизнес ахуалын құрудың маңыздылығын атап өтті. Өңірлік деңгейде мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, инвесторларға қолдау көрсететін Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Қолдау шараларының қатарында салықтық жеңілдіктер, инфрақұрылымдық жобаларға субсидиялар және шетелдік мамандарды тарту үшін визалық режимді жеңілдету қарастырылған.

Негізгі жобалардың бірі KIA автомобильдерін шығаратын зауыт құрылысы болып табылады. Бұл жобаны іске асыру аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымының толық кешенін құру жоспарланған.

Қостанай облысы аграрлық секторды да белсенді дамытып келеді. 2024 жылы астықтың жалпы жиынтығы шамамен 6 млн тоннаны құрады, ал өнімді өңдеу үлесін 60%-дан 70%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Өңірде 200-ден астам қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, ал алдағы жылдары аграрлық салада 96 жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Кездесу барысында Қостанай облысында John Deere ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытты іске қосу мүмкіндігі ерекше назар аударды. Облыс әкімі АҚШ елшісінен компаниясының басшылығы арасындағы келіссөздерге қолдау көрсетуді және өңірге компанияны тартуды сұрады.

Сонымен қатар, Құмар Ақсақалов Қостанай облысында Миннесота университетінің жеке кампусын салу жоспарларымен бөлісті. Қазірдің өзінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері білім алуды Қостанайда бастап, кейін оны Миннесота университетінде жалғастыруға мүмкіндік беретін бағдарлама жұмыс істейді. Кампус құрылысы жастардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуде және америкалық университеттермен байланыстарды нығайтуда келесі қадам болмақ.

Құмар Ақсақалов америкалық инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен қызығушылық білдіріп, Қостанай облысының экономика салаларының, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым ашық екенін атап өтті.

Бақыт ТҰРАШ, сурет Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды