Облыс әкімдігінде өткен жиында автожол саласындағы құрылыс жұмыстарының қорытындылары және қысқы күтіп ұстауға дайындық туралы және жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау мәселелері талқыланды.
Жұмысшы мамандықтары – бұл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету саласының негізі. Келесі жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланып, бұл салада үлкен серпіліс жасалады.
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев баяндады.
— Ағымдағы жылы облыстың автожол саласының бюджеті 73,8 млрд.теңге құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32%-ке артық. Биыл автомобиль жолдарын қайта жаңғырту бойынша едәуір жұмыс орындалды. Облыстың 108 елді мекенінде 1 200 шақырым автожол мен 371 көше жөнделді. Оның ішінде ауылдық елді мекендердің 70-тен астам кіберіс жолы жөнделд, – деді Олжас Нұрғалиев.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік-логистика секторының дамуын стратегиялық басымдық ретінде белгіледі. Автожолдарымыздың жағдайы бұл бағыттың дамуына әсер етеді.
Одан әрі сөз «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қостанай облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Айдар Хасановқа берілді.
Қолайсыз ауа-райы жағдайында жолдардағы қауіпті жағдайларды болдырмау мақсатында облыс әімі Құмар Ақсақалов барлық әкімдерге Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, ауа-райының нашарлауы кезеңінде халықтың жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдарға бақылаусыз шығуына жол бермеу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.
Екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Айман Ибраева баяндады.
— Жұмысшы мамандықтары экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар өнеркәсіптік өндірістің, құрылыстың, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету саласының негізі болып табылады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Қостанай облысы – тау-кен өндірісі саласындағы көшбасшылардың бірі. Алдағы жылдары ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы 1 000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Экономиканың маңызды драйверлерінің бірі – автомобиль өндірісі. Келесі жылы іске қосылатын KIA автозауыты 1 500 жұмыс орнын ашады. Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқитын студенттердің саны 2 есе артты. Агрокәсіпорындар колледждермен қажетті мамандарды даярлау бойынша келісімдер жасап, ынтымақтастықты нығайтуда. Облыстың ірі компаниялары қызметкерлерді қолдау бағдарламаларын іске асыруда. Мысалы, ERG компаниясы Отбасы банкі мен әкімдікпен бірлесіп, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша бағдарлама әзірледі. Осындай жобаларды басқа да кәсіпорындар жүзеге асыруда. Бүгінде жұмыс орындары – бұл тұрақты жалақы ғана емес, сонымен қатар таза, қауіпсіз және технологиялық жабдықталған жағдайларда жұмыс істеу. Біз оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамытып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері мен кәсіби шеберлік байқауларын өткізуді жалғастырамыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды