Тобыл қаласындағы бекіре фермасының өндірісі қанат жайды. Олар енді өнімдерін сату үшін «DRAGO MARINUS» дүкенін ашты. Бұл іс-шараға Қостанай обысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов қатысты.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов және облыстық Кәсіпкерлер палатасының АӨК мәселелері жөніндегі салалық кеңес төрағасы Александр Бородин фермаға арнайы барды. Атырау, Алматы, Қызылорда тәрізді балық шаруашылығы дамыған өңірлердің қатарына Қостанай облысы қосылатын күн де алыс емес сияқты. Бұған біраздан бері бағалы балық өсіруді қолға алып, оны тиімді табыс көзіне айналдыруды көздеп отырған «Қостанай бекіресі» серіктестігі айқын дәлел бола алады.
Аталған серіктестік – өңірде бекіре тұқымды бағалы балық өсіріп жатқан бірден-бір кәсіпорын. Балық фермасы толық өндірістік қуатына көшсе, жылына 10 тонна тірі бекіре, 10 тонна өңделген балық етін өндіре алады.
Кәсіпкер Валентин Ищенко бекіре тұқымын өсірумен 2018 жылы айналыса бастады. Ферманың бастапқы қуаты жылына небәрі 1,5 тонна балық еді. 2021 жылы кәсіпкер өндірісті кеңейту үшін жер алды. 2022 жылы қосымша құрылыстар басталды. 2023 жылы құны 180 млн теңге болатын жеңілдікті кредиттің көмегімен, оның ішінде 36 млн теңге өз қаражатын қоса отырып, ферманы кеңейту жұмысын аяқтады. Қазіргі қуаты – жылына 20 мың тонна балық.
Өңір тұрғындарына таңсық өнімді жергілікті жерде өндіріп жатқан бірегей кәсіпорын мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларын да тиімді пайдалана білген. Мемлекет аталған жобаға индустрияландыру картасы аясында Тобыл қаласынан ауқымы 1,1 гектар болатын жер телімін бөліп беріп отыр. Мұның сыртында, серіктестік «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде «Даму» қорының қолдауына ілігіп, «Bereke Bank» АҚ арқылы 100 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Қомақты қаржыға өндіріске қажет құрылғылар мен шабақ сатып алынды.
Серіктестік басшысы Валентин Ищенконың айтуынша, жоба үш кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезең ішінде, 2023 жылы балық фермасының ғимараты салынған. 2024 жылдың бастапқы айларынан бастап уылдырық сатып алынып, бекіре тұқымды балық өсіріле бастаған. Кәсіпорын қазан айында арнайы дүкенін ашып, балық өнімдерін саудаға шығаруды жоспарлап отыр.
«Ферманың ғимаратын көтеру, резервуарларды орнату жұмыстары аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымның жетпей қалған жеріне, атап айтқанда, ферма нысандарын электр қуатымен қамтамасыз етуге «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында облыстық бюджеттен тағы 91,7 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының бәрі кестеге сәйкес дер уақытында орындалды. Қазір балық өңдеу өндірісін іске қосу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Өзіміз өсірген балықты өңдейтін құрылғыны да сатып алып, орнатып қойдық. Сондай-ақ өнім сақтайтын тоңазытқыштарымыз бен дайын өнімді сатуға шығаратын құрылғыларымыз да дайын тұр», дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінде балық фермасындағы 7 бассейнде Астраханнан әкелінген уылдырықтан тараған 5 мыңға жуық бекіре тұқымы бар. Ал шабақ цехында 20 мыңнан астам бекіре шабағы мен аралас тұқымды шабақтар өсіп жатыр. Кәсіпорында 6 адам еңбек етеді. Алдағы күзде балық өңдеу цехы мен ферманың арнайы дүкені ашылған соң, жұмысшы саны да арта түспек.
Кәсіпорын келешекте бекіре өсірумен ғана шектелмей, нарықта жоғары сұранысқа ие, бағасы қымбат форель, ақсерке сынды таңсық балықтарды да өсіруді жоспарлап отыр. Осылайша, облыс көлеміндегі бағалы балық өнімдерінің түрін көбейтуді көздейді.
«Сонымен қатар әуесқой балықшылар келіп балық аулайтын арнайы су қоймасын ашуды ойластырып жатырмыз. Қостанай ауданы әкімдігі ферманың іргесінен қосымша тағы 0,4 гектар жер телімін беруге дайын отыр», дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер Қазақстан нарығын игеріп, одан әрі алыс-жақын шетелдерге экспортқа жол ашуды көздейді.
Арман Әбенов кәсіпкерге облыстағы көптеген су айдындарын (8 мыңға жуық өзендер мен көлдер) ескере отырып, шабақ өндірісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Өңір әкімінің орынбасары облыста ғана емес, бүкіл Солтүстік Қазақстанда мұндай инвестициялық жоба жоқ екенін атап өтті.
Ал Александр Бородин кәсіпкерді дүкеннің ашылуымен құттықтап, жергілікті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін осындай бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Қостанай бекіресі» серіктестігі өңір тұрғындарын бағалы балықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелден әкелініп жатқан теңіз балығы өнімдеріне де бәсекелес бола алады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды