Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өңдеу өнеркәсібі қанат жаяды

19 декабря 2024 9:19 • 340 просмотров

Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу саласы жақсы дамыған Қостанай облысы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып отырған өңірдің бірі. Облыс республика көлемінде ұн өндірісі бойынша бірінші, сүт және қою кілегей, йогурт өндірісі бойынша екінші, макарон, жарма өндіру саласында үшінші орында тұр.

Азық-түлік өндірісін экспорттау жөнінен 17,4 пайыз үлеспен екінші орында болса, егін және мал шаруашылығы салаларын дамыту бойынша былтыр ең алдыңғы қатардан көрінген. Тәулігіне 130–150 тонна сүт өңдеп, одан 150-ге жуық өнім түрін шығарып отырған тағы бір іргелі кәсіпорын – «Милх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өз өнімдерінің 30 пайызын Ресейдің іргелес жатқан аймақтарына экспорттайды. 710 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған серіктестік өндіріске қажет шикізатты негізінен сүтті сиыр бағатын жеке шаруа қожалықтарынан сатып алады.

Бүгінде кәсіпорынның «Новый день» брендімен шығатын пастерленген сүт, қаймақ, ірімшік, балмұздақ, сүзбе сияқты сапасы жоғары өнімдері тек облыс жұртшылығына ғана емес, еліміздің бірқатар өңіріне жақсы таныс.

Зауыт алдағы уақытта Батыс Еуропадағы серіктесі «Deutsches Milchkontor Gmbh» компаниясымен бірлесіп, қатты ірімшік өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жобаның құны шамамен 7,2 млрд теңге болады. Жоба сәтті іске асса, кәсіпорын тәулігіне 250 тонна сүт өңдеуге қол жеткізеді. Еуроодақ нарығына бағытталған жаңа өндірістің бірінші желісі осы жылы іске қосылады.

Алайда жаңа желі ойдағыдай жұмыс істеп тұру үшін шикізат тапшылығы мәселелерін шешу қажет. Қазіргі уақытта кәсіпорын өңірдегі 12 мың жеке қосалқы шаруашылықтан сүт сатып алып отыр. Жаңа өндіріс іске қосылса, 12 мың ұсақ шаруаның кәсіпорынға қажет шикізат сұранысын өтеуге шамасы келмейді. Алайда өңірде азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырыла бастады.

Мәселен, Қарасу ауданында 400 басқа, Меңдіқара ауданындағы Степанов елді мекенінде құны 6 млрд теңге болатын 1200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы салынып жатыр. Степановтағы ірі ферма құрылысының 4,8 млрд теңгесі «Тобыл» ӘКК» АҚ арқылы мемлекет есебінен қаржыландырылса, 1,2 млрд теңгесі – сол ферманы салып жатқан «Қарқы агрофирмасы» серіктестігінің өз ақшасы.

Аталған екі ферма жұмыс істей бастаса, «Милх» серіктестігінің де ісі ілгерілейді. Мұны аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та айтып отыр.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге барынша көңіл бөлінеді. Қайта өңдеу бағытында 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Оларға 80 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарлануда. Солардың бірі – Deutsches Milchkontor GmbH технологиясын тарта отырып, ассортименті бай барлық түрдегі ірімшік өндіретін жаңа кешен салу. Бұл міндетті «Милх» ЖШС атқарып жатыр. Аталған жоба ірімшік өндірісінің қуатын арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Жоба іске қосылған соң, кәсіпорын жылына 2 мың тонна өнім өндіреді, – дейді әкім.

«Милх» серіктестігіндегі бірлескен өндіріс шамамен 35 адамды жұмыспен қамтымақ.

Өңірдің ауыл шаруашылығы соңғы бірнеше жыл қатарынан қайталанған аптап құрғақшылық пен биыл күзде бір ай бойы тоқтаусыз жауған жауын-шашыннан ең көп зардап шеккен аймақтар қатарына енді. Соған қарамастан өндіріс ауқымын кеңейте алып отырған бірқатар ірі шаруашылықтың аяқ алысы қуантады. Мысалы, Бейімбет Майлин ауданына қарасты Байшуақ ауылындағы «Green Terra» ЖШС биыл аграрлық кластер құру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын 2003 жылдан бері күнбағыс, бидай, картоп өсірумен айналысып келеді. Былтыр 6 мың тонна көкөніс сиятын сақтау қоймасын салып алды. Ауа температурасы автоматты түрде реттеліп отыратын қоймаға картоп тазартатын және сұрыптайтын заманауи техника құрылғылары орнатылған. Кәсіпорын енді егістікке арналған суармалы жерлерді кеңейту, сондай-ақ тауарлы сүт фермасын және ет комбинатын салуды көздеп отыр.

«Біз 2 257 га алқапқа суару жүйесін орнатуды, 12 мың тонна көкөніс қоймасын және 1 200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Ауқымды жобаны 2020 жылы қолға алдық. Бүгінгі таңда оған 2 млрд теңгеге жуық қаржы салынды. 2026 жылға дейін тағы 10 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. 2020 жылы – 225 га, 2022 жылы 631 гектар жерге суару жүйесі іске қосылып, ірі көкөніс сақтау қоймасы салынды. 2026 жылға дейін 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуды жоспарлап отырмыз», дейді кәсіпорын басшысы Ердос Тапаев.

Таяуда аталған серіктестікке Тобыл өңіріне жұмыс сапарымен келген вице-премьер Серік Жұманғарин келіп, кәсіпорынның жұмысымен танысқан. Кәсіпкер орайы келгенде өзі тұрғызып жатқан тауарлы сүт фермасына салынған инвестицияның өтеу нормасын 25 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ көкөніс сақтау қоймасына келетін жол салуға және суару жобасына электр жүргізуге көмектесуін сұраған. Оған Үкімет басшысының орынбасарымен бірге келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек көкөніс сақтау қоймаларын салу бойынша бизнесті ынталандыру үшін министрлік қолданыстағы сақтау технологиясына байланысты шығындарды өтеу нормативін 25%-дан 40–50%-ға дейін ұлғайту бойынша инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Кәсіпкер сұраған коммуникациялық мәселелер әкімдіктің көмегімен шешілмек.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды