Махаббат, спорт, тәртіп-тәрбие – жарасымды жұптың отбасылық өмірінің басты формуласы. Олардың жеке жетістіктері өз алдына, үнемі аудан қоржынына олжа салумен келеді. Педагогтік еңбектерімен де ұжымына сыйлы болып отыр. Григорий-Алина Юдиндер – көпке үлгі етіп айтуға тұрарлық шаңырақ.
Кәсіпқой спортшы, кәнігі педагог
Григорий Викторович – жас күнінен спортты жанына серік еткен азамат. Туған жерінің намысын талай жарыста ту етіп ұстап, аудан қоржынына сан мәрте олжа салған саңлақ. Жеңіл атлетикаға таңдауы түскен желаяқ. 1500 метрге жүгіруден облыс чемпионы. 2013 жылғы облыстық «Тың» спартакиадасының жеңімпазы. Осы дәстүрлі спорт додасына Бейімбет Майлин ауданы командасының сапында жыл сайын қатысады. Облыс атынан республикалық жарыстарға да талай рет барып, жақсы нәтижелер көрсетті. Ал бүгінде бойындағы бар қабілетін, шеберлігін, білім-білігін жас ұрпаққа дарытып жүр.
«Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжін Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдадым. Қолыма диплом алысымен туған жерге жұмыс істеуге келдім. Бейімбет Майлин атындағы жалпы білім беретін мектепте қызмет етіп жатқаныма 13 жыл. Бұдан бөлек, аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де жаттықтырушымын. Мақсатым –саламатты өмір салтын насихаттау, осы ұғымды өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Балалардың бәрі бірдей спортшы болып шықпас. Бірақ бұл әр шәкіртімнің жібі түзу азамат, жақсы тұлға болып қалыптасуына зор ықпалын тигізеніне кәміл сенімдімін», – дейді Григорий.
Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бола жүре жас өркенді үлкен өмірге дайындауға болады деп есептейді. Тәрбиеленушілердің тәні шынығып қана қоймай, тәртібі мен тәрбиесі қалыптасатынын, қоғамның болашақ сауатты да саламатты өкілі болып өсетінін айтады.
«Мұғалім ретіндегі басты міндетім – еліміздің ертеңі саналатын ізбасарларымыздың бала күнінен жан-жақты бәсекеге қабілетті ұл-қыз болып жетілуіне өзімше үлес қосу. Жас ұрпақ туралы айтқанда, әрине, ойға «отбасы» ұғымы келеді. Отбасы – қоғам бөлшегі. Ал мен Қазақстан Республикасының азамат ретінде өз миссиямды спортқа, дене шынықтыруға, өскелең буынның болашақта саламатты отбасын құруы үшін мызғымас іргетасын қалап беруге арнадым», – дейді ол.
Туған жерде тоғысқан тағдырлар
Григорийдің өмірлік серігі Алина Юдина да ауданға есімі белгілі спортшы. Олардың танысу, отбасы құру оқиғасы да айтарлықтай қызықты. Екеуінің жас айырмашылығы – 7,5 жыл. Екеуі де бір ауданның тумасы. Олардың махаббат хикаясын мектепке жаңа қызметке орналасқан жас маман мен жас түлектің арасында тұтанған балауса сезім деуге болатындай.
«Мен мектепке жас мұғалім болып келгенде ол жоғары сынып оқушысы еді. Бірақ ол шақта оқушы қызға деген алабөтен көңілім болған жоқ. Бұл жөнінде ойлаған да емеспін. Бар назарым жұмысымда еді. Кейін Алина мектепті бітірген соң жазғы каникул шақтарында әлеуметтік желілер арқылы хат жазысу басталды. Ол уақытта оның жасы 17-де болғандықтан, арамыздағы жас айырмашылығын ескеріп, тартқыншақтап жүрдім. Сонда да болса оның маған ұнайтынын түсіндім. Күні кешегі оқушым болғандықтан, басында көп ойландым. Ал ол 18 жасқа толғанда әкесіне бардым да: «Маған сіздің қызыңыз ұнайды. Кәмелеттік жасқа толғанда көңіл жарастырмақ ойым бар», – деп турасын айттым. Ол кісі де қарсылық танытпай, келісімін берді. Осыдан соң Алина екеуіміз қыз-жігіт болып кездесе бастадық. Бірнеше жылдан кейін заңды некеге отырдық», – дейді Григорий.
Бүгінде Григорий мен Алинаның сүйкімді екі қызы бар. Үлкендерінің есімі – Мирель. Жасы бесте. Ал кіші қыздарының аты – Милана. Ол биыл екі жасқа толды. Мирель биыл әкесі жұмыс істейтін мектептің 1-сыныбына барған.
Отанасы Алинаның да қызметі спорт саласымен тығыз байланысты. Аудандық Спорт бөлімінде спорт нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Аудан орталығының ересек тұрғындарына фитнестен сабақ жүргізеді. Күнделікті жұмыстан кейін спортпен шұғылданғысы келетін адамдарды «Қайсар» кешенінде жаттықтырып жүр.
«Менің бастапқыда таңдауым түскен сала мүлдем басқа-тын. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын Музыка мамандығы бойынша бітірдім. Бірақ кейінірек қалауым басқа арнаға бұрылып, жұбайым сияқты спорт саласына ауыстым. Қазіргі таңда жемісті, табысты қызмет етіп жүрмін дей аламын. Мамандығымды мақтаныш тұтамын», – дейді Алина.
Отанасы да спорттан қаражаяу емес. Толайым жетістігі бар. Мәселен, биыл Қарабалық ауданында өткен облыстық «Тың» спартакиадасында жұлдызы жарқырады. Естеріңізде болса, осы жылы алғаш рет спартакиада бағдарламасына веложарыс қосылған еді. Майлин ауданының басшылығы аталмыш спорт түрінен үміткер дайындау тапсырмасын бергенде таңдау осы Алинаға түсіпті. Ал ол артылған сенімді абыроймен ақтап, айды аспаннан шығарды.
«Өзім жеңіл атлетикаға жақынмын. Спорт бөлімінің басшылығынан тапсырма түскен соң жаз бойы дамылсыз жаттығу жасадым. Нәтижесінде, кәсіпқой велошабандоз болмасам да, спартакиаданың жеңімпазы атандым. Мұндай жетістікке жететінімді ешкім күтпесе керек, бәрі мәре алдынан ерекше қуанышпен күтіп алды. Бұл да отбасының, жерлестердің қолдауымен әуесқой спортшының өзі жоғары нәтижеге жете алатынын көрсетеді», – дейді Алина.
Болашақ бала шақтан басталады
Спортшылар отбасы балаларының да жан-жақты тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Келешекте қыздарының білім мен спортты тең ұстағанын қалайды. Сөйткен жағдайда ғана белсенді, ширақ, бәсекеге қабілетті, өмірге құштар, мақсатына адал, қоғамда өз орнын жаңылмай таба алатын азамат болып өсетініне сенеді.
«Қыздарымыз әлі кішкентай. Олардың өз-өздерін икемді қырынан көрсетуін күтемін. Спортқа мақсатты, мәжбүрлі түрде итермелейтін ойым жоқ. Дей тұрғанмен олар қалайда спорттық тәрбиені алады. Өйткені онымен шұғылдаған, спорт залынан шыққан балалар – қашаннан-ақ біздің қоғамымыздың ертеңгі лайықты өкілдері. Ол үшін әуелі өзің іс-әрекетіңмен өнеге болуың керек», – дейді Григорий.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, отағасы да әр шаңырақта тек жақсы дағдыларды, пайдалы әрекеттерді бала атаулы көзбен көріп, ішке түйіп өсуі керек деген қағиданы берік ұстанады. Өйткені дағды ұстанымға, ұстаным мінезге, мінез өмір салтыңа айналады. Мұны білікті педагог барлық шәкіртінің санасына сіңіріп келеді. Оның тәлім-тәрбиесін көрген жас буын өкілдері де тәуір көрсеткішпен көзге түсіп жүр.
«Облыстық, республикалық жарыстарға тұрақты қатысып жүрген шәкірттерім баршылық. Әртүрлі қашықтыққа жүгіруден облыста алдына жан салмайтын чемпиондар өсіп келеді. Біздің қатысқан әр жарыстан жүлдесіз қайтқан кезіміз жоқ. Сондай-ақ бұрын алдымды көрген шәкірттерім үнемі хабарласып тұрады. Қазір көбі спортпен айналыспаса да үлкен жетістікке жетіп, жеке кәсібін ашып, отбасы құрған. «Григорий Викторович, мені кезінде жеңіл атлетикаға дайындағаныңызға рахмет. Ол бізге көп қиындықты еңсеруге көмектесті. Бизнесімді бастағанда ауырлықтар болды. Бірақ спорттық ерік-жігер, мінез «сынып кетпеуіме» себепші болды. Ісімді соңына жеткіздім. Қазір бәрі жақсы», – деп жатады. Мұндайды есту – зор қуаныш. Бұл – педагог үшін үлкен марапат», – дейді жаттықтырушы.
Григорий оқу тәмамдап, еңбек жолын бастағалы ауылда. Әзірге қалаға қоныс аударатын ойы да жоқ. Айтуларынша, мұнда бәрі ұнайды. Бәрі таныс, құдды үлкен бір отбасы секілді өмір сүріп жатқан ортадан кеткілері келмейді. Жұмыс жайлы, тұрмыс сайлы. Өзі жас маман ретінде үкіметтен 2014 жылы алған үйде бала-шағасымен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Туған жерде тамыр жайып, ауданның абыройына қалтқысыз қызмет ету – басты мақсаты.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ