Астықты аймақта ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік жобалар белсенді дамып келеді.
Жаңа өндіріс орындары өңірдің аграрлық сектордағы позициясын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына сеп болып отыр. Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі. Сондықтан Қостанай облысында оның дамуына көп көңіл бөлінеді. Соның бір дәлелі ретінде облыс орталығында «Аруана-2010» ЖШС жаңа диірмен кешені ашылды. Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Жаңа нысан өңірдің тамақ өнеркәсібін дамытудағы маңызды қадам болып отыр. Диірмен кешенінің құрылысына 3 миллиард теңге салынған. Оның қуаттылығы жылына 180 мың тонна ұнды құрайды. Сондай-ақ, жаңа кешен тұрақты 100 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етті, бұл әсіресе әлеуметтік тұрақтылықты нығайту үшін маңызды
— Бүгін біз Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен оны қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмыс жасап жатырмыз. «Аруана – 2010» ЖШС диірмен кешенінің ашылуы – аймақ экономикасы үшін маңызды қадам. Мұндай жобалар өңдеу саласының тұрақты өсуін қамтамасыз ете отырып, облыс экономикасы нығайтады. Кешен өңірдің дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа кәсіпорын ашу Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту бойынша қойған міндетін іске асыру болып табылатынын атап өтті.
— Қайта өңдеу саласын дамыту стратегиясы алдағы жылдары облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 60%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы мақсатқа жету үшін заманауи технологияларды қолдана отырып жаңа жобалар іске асырылуда. Бұршақ дақылдарынан жарма өндіретін «Кайдзен» ЖШС зауыты іске қосылды. Жоба құны – 9 млрд теңге, қуаты – жылына 170 мың тонна өнім, 70 жұмыс орны ашылды. 2026 жылы дәл осындай зауытты «AC Agro» ЖШС бастағалы отыр. Инвестиция көлемі – 24 млрд теңге, қуаты – жылына 100 мың тонна өнім және 50 жұмыс орны болады. Ал 2027 жылға қарай «Qostanai Grain Industry» ЖШС жылына 415 мың тонна астықты терең өңдеу жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл глютен, крахмал, амин қышқылдары және биоэтанол сияқты сұранысқа ие өнімдерді өндіретін болады. Бұл жобалар егіс алқаптарын әртараптандыруға, шаруашылықтардың рентабельділігін арттыруға, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және экспорт көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Былтыр күзде ғана Түркияның «Arbel» халықаралық холдингінің қаржысына салынған фабрика отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарумен қатар, бүгінде өңірдегі бұршақ дақылдары алқабының кеңейе түсуіне де едәуір серпін беріп отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл шаруашылықтардың көбі алқабының едәуір бөлігіне бұршақ тұқымын себуді жоспарлап отыр.
«Kaizen» ЖШС бұршақ, ноқат, қызыл және жасыл жасымық тәрізді бұршақ дақылдарын өңдейді. Шикізатты Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарынан сатып алып отыр. Алайда аталған өңірлер фабриканың сұранысын жеткілікті түрде өтей алмайтынын да айта кету керек. Сондықтан «Kaizen» ЖШС жергілікті аграрлық компаниялардың бұршақ өсіруге деген ынтасын арттыру жағын қарастырып жатыр. Фабрика қазірдің өзінде бірқатар шаруашылыққа көмек ретінде Түркиядан тұқым жеткізіп береді. Кәсіпорын алдағы уақытта Канададан бұршақ дақылдарының тұқымын, Солтүстік Америкадан жасыл және қызыл жасымық тұқымын алдыртпақ. Тәулігіне 520 тоннаға дейін өнім өндіре алатын кәсіпорында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Өнімінің көбін шетелге экспорттап жатқан өндіріс орны алдағы үш жыл ішінде тауар айналымын 170 млн доллаға жеткізуді жоспарлап қойған.
«Әзірге жылына 170 мың тонна өнім шығарамыз. Негізінен Ауғанстанға бұршақ жөнелтіп жатырмыз. Кәсіпорын өндіріс қуатына толық көшкен соң, Үндістан, Бангладеш, Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, сондай-ақ Шығыс Азия елдеріне өнім жіберуді көздеп отырмыз. Өкінішке қарай, бүгінге дейін елімізде бұршақ өсіруге аса мән берілмей келді. Біздің алдымызда осы кемшіліктің орнын толтыру міндеті тұр. Бұршақ дақылын барынша насихаттауға тырысамыз. Шикізатты қазір бүкіл Қазақстан аумағынан сатып алып жатырмыз. Ең бастысы, отандық шикізатты өңдейміз, бұл сол шикізатты өсіріп жатқан жергілікті шаруаларға да жақсы. Олар өздері өсірген өнімді лайықты бағамен сатып алатын нақты кәсіпорынның бар екенін біле бастады. Сондықтан шамасы жеткендері алқабын әртараптандырып, ертең бұл өнімді өткізе алам ба деп алаңдамай бұршақ өсіруге ден қойып жатыр», деді бұршақ дақылдарын өңдеу фабрикасының директоры Нұрлан Есетов.
Кәсіпорынның 9 мың тонна шикізат сыятын қоймасы бар. Биыл тағы осындай мөлшерде шикізат сақтайтын жаңа қойманың құрылысы аяқталады. Қазір өндіріс орнында 50 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа қойма пайдалануға берілген соң, қосымша тағы 20 жұмысшы қажет болады. Кәсіпорын өзіне жүктеліп отырған әлеуметтік міндетті де жете сезінеді. Өйткені өзі де мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отыр.
«Мұндай ілкімді жоба Қостанай облысының әкімдігі мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік өкілдігінің көмегімен іске асырылғанын айта кету керек. Облыс әкімдігі инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан үлкен көмек көрсетті. Жол салды. Газ құбырын тартып берді. Кәсіпкерлік аясын кеңейтіп жатқан шетелдік компаниялар үшін кез келген елде мұндай қолайлы инвестициялық жағдай жасала бермейді. Мұны біз жақсы түсінеміз және Қазақстан экономикасының дами түсуіне өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін», дейді «Kaizen» серіктестігінің басшысы.
Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары дамуда. Мысалы, «МИЛХ» ЖШС ірімшік өнімдерін өндіру зауытын салды. Инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге, қуаты – жылына 10 мың тонна ірімшік өндіру. 35 жаңа жұмыс орны пайда болды.
2027 жылға қарай жаңа инвестициялық жобаларды енгізу өңір бюджетін қосымша 3 миллиард теңгемен қамтамасыз етеді және жалақы 70%-ға өседі. Сонымен қатар, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Құмар Ақсақаловтың баяндауынша, биыл диқандар 5 миллион гектар алқапқа егін еккен. Элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайту, сондай-ақ машина-трактор паркін жаңарту арқылы егін шаруашылығының өнімділігін арттыру жоспарланып отыр.
Алдағы үш жылда 14 тауарлы сүт фермасына инвестиция тартылады. Мал шаруашылығына арналған 44 кешен және екі ірі құс фабрикасы салынады. Аталған жобалар есебінен облыстағы сүт және ет өндіру көлемі 1,4 есе, ал құс еті өндірісі 5 есе көбейеді. Бұдан бөлек, бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде үш жыл ішінде терең өңделетін өнімдердің үлесін 70 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Сондай-ақ, «S-Agro-Borovskoe» ЖШС былтыр Каменскуральск кентінің маңында бие сүтін сублимациялау зауытын іске қосқанын айта кеткен жөн. Бұл – «Local food» брендімен құрғақ саумал шығаратын «Zollmann» неміс компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Неміс сублимация технологиясы жаңа сауылған бие сүтін –72 °C температураға дейін қатыру арқылы оның барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 120 кг құрғақ сүт шығаруға жетеді. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында «S-Аgro-Borovskoe» 5 тонна құрғақ сүт өндіріліп, өнім Астана және Алматы базарларына және дәріхана желілеріне жіберілген.
Кәсіпорын басшысы Амангелді Сарбасовтың айтуынша, биыл саумал негізіндегі косметика өндірісіне арналған жабдықты (қолға, бетке арналған крем, сабын, сусабындар және т. б.) орнату жоспарланып отыр. Кәсіпорынның неміс серіктесі «Zollmann» бұл косметиканы Еуропада шығарады, ол үлкен сұранысқа ие, бірақ Германияда өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жоқ. Экспортқа жылқы етін өткізу нарығы кенжелеп тұрғаны белгілі. Алайда құрғақ бие сүті негізінде өнім өндіру елімізде жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға жол ашады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды