Қостанайда ХХ ғасырдың басындағы діни-ағартушылық бағыттағы әдебиеттің көрнекті өкілі, ақын, сазгер Нұржан Наушабайұлы атындағы жыр-терме, дәстүрлі ән фестивалі өтті. «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» деп аталатын дәстүрлі өнер мерекесі биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.
Жыр фестивалін осы іс-шара үшін Тобыл өңіріне арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов жүргізді. Әйгілі жыршы аталған жобаға бес жылдан бері қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып келеді. Іс-шара барысында облыстың мәдениет саласының басшылары Алмасбек ағамызға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
«Ұлы Торғай даласын дәстүрлі өнеріміздің қалыптасуына бірден-бір еңбек сіңірген аймақ деп білеміз. Айрықша шоқтығы биік тұлға Нұржан Наушабаев шығармашылығына арналған бүгінгі байқаудың орны ерекше. Еліміздің әр түкпірінен келген талантты орындаушылар осы байқау арқылы қанаттанып, елге танылып жатыр. Мысалы, үшінші байқауда Қостанай облысының азаматы бас жүлде алды. Байқау өтіп келе жатқан бес жыл ішінде Нұржан әндерін насихаттауда, оның бұрын белгісіз болып келген шығармаларын жарыққа шығаруда бірталай шаруа атқарылды. Ғалымдар Нұржан шығармашылығына ден қойып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ақылбек Шаяхмет бастап, оның ар жағында ақын мұраларын зерттеген бірнеше жас ғалым ғылым кандидаты дәрежесін қорғады. Олай болса, қазақ музыка тарихында Нұржанның өз орны бар деп айта аламыз. Бүгінгі іс-шараға Айгүл Қосанова, Бағлан Бәбіжан сынды ел сүйіспеншілігіне бөленген өнерпаздар келіп отыр. Бұл кісілер консерваторияда академиялық деңгейде Нұржан шығармашылығының танылуына көп еңбек сіңіріп жүр. Фестивальды келер жылы конференция түрінде өткізуді көздеп отырмыз. Ондағы мақсатымыз – Тобыл-Торғай өңірінің фольклорын ғылыми тұрғыда қарастырғымыз келеді», деді Алмасбек Алматов.
Фестиваль аясында үш өнерпаз да көпшіліктің өтінішімен саханаға шығып өнер көрсетіп, елдің құрмет-қошеметіне бөленді. Қазақ ұлттық консерваториясы ғылыми-зерттеу фольклорлық зертханасының жетекшісі Бағлан Бәбіжан Ахмет Байтұрсынұлының «Кәмшат бөрік» әнін әуелете шырқады.
«Ақаңның Затаевичке 25 ән бергені белгілі. Затаевич қазақ тілін білмеген соң, сөзін жазбаған. Тек «Қарагөз» және «Кәмшат бөріктің» сөзі бар. «Кәмшат бөрік» – Тобыл-Торғайдың әні. Сондықтан Ақаң бұл әннің сақталып қалуына қалайда ықпалын тигізді. Бірақ мәтінінде қазақтың көне сөздері, діни сөздер болғандықтан, 70–80 жыл бойы айтылмай келді. Мен консерваторияда оқып жүргенімде ұстазым Бекболат Тілеухан: «Осы әнді орындап көрші», деді. 1999 жылы мемлекеттік емтиханда айтып шықтым. Содан бері репертуарымда», дейді әнші.
Фестивальға қатысушылардың бәріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Байқаудан кейін дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова жергілікті өнерпаздарға әншілік мектептер, орындаушылық шеберлік туралы дәріс оқыды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды