Пәтер кілттері табысталды

9 января 2025 8:56 • 370 просмотров

Рудный қаласында Сеченов көшесі, нөмір 1 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйдің жаңа қоныстанушыларына кілттер табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Алтай Күздібаев қатысты.

Жаңа пәтердің көптен күткен кілттерін кезекте тұрған отбасы алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар, толық емес отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Барлығы «Отбасы банк» АҚ жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын пайдаланып, сатып алу-сату шарттарын рәсімдеді.

Жаңа тұрғын үйді «Рудныйсоколовстрой» АҚ салды. Үйдің жалпы ауданы – 3456,14 шаршы метр, барлығы 45 пәтер бар. Олардың ішінде бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер ұсынылған.

Өз сөзінде Құмар Ақсақалов азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету өңірдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті:

«Біз мүмкіндігінше көп отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуы үшін бар күшімізді саламыз. Бүгін кезекте тұрғандар тек өз баспаналарына ғана емес, болашаққа деген сенімдеріне де ие болды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.»

Салтанатты рәсім пәтер кілттерін табыстаумен және жаңа қоныстанушыларды құттықтаумен аяқталды. Бүгінгі күн олар үшін өмірдің жаңа парағын ашқан айтулы күн болды.

Лисаков қаласында көпбалалы алты отбасы баспаналы болды. Шағын қалада халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 19 пәтер сатып алынды.

Тұрғындарға пәтер кілттерін қала әкімі Абай Ыбыраев табыс етті. «Бұл жолы алты көпбалалы отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Біз бірінші шағын аудандағы әкімшілік ғимаратты 21 пәтерлі үйге айналдырдық. Оған тұрғын үй кезегінде тұрған бюджет қызметкерлері қоныстанды. Сондай-ақ медицина, спорт қызметкерлері мен педагогтерге берілді. Ендігі екі бөлмелі үш пәтер тұрғын үй кезегіне қарай, ата-анасыз балаларға берілетін болады. Қазір «Қазақстан» тұрғын үй компаниясымен бірге бес қабатты алпыс пәтердің сметалық құжатын әзірлеп жатырмыз», деді әкім.

Баспана қуанышына ие болғандардың ішінде бес баланың анасы Валерия Фризен де бар. Бір жарым жыл үй кезегінде тұрған көпбалалы ана қала басшылығына, құрылысшыларға жүрекжарды алғысын білдірді. «Жолдасым жұмыс істейді. Өзім бала тәрбиесімен айналысамын. Алтыншы сәбиімізді күтіп отырмыз. Бұған дейін пәтерден пәтерге көшіп, жалдап жүрген едік. Қуанышымызда шек жоқ. Тұңғышымыз – тоғыз жаста, кенже баламыз бір жарым жаста», дейді Валерия Фризен.

Лисаков тұрғыны Ақтоты Мағзұмова да 85 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. «Жолдасым екеуіміз төрт бала сүйіп отырмыз. Кезекке тұрғанымызға бір жылға жеткен жоқ. Өте қуаныштымыз. Бұған дейін енемнің қолында тұрып келдік», дейді көпбалалы ана.

Бүгінде Лисаков қаласында 570 тұрғын пәтер кезегінде тұр.

Жалпы облыста соңғы екі жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Өңіріміз бірте-бірте жаңа аумақтарды игеріп, құрылыс жұмыстарын кеңейте түскен. Атап айтсақ, Қостанай облысында 176 гектар аумақта «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарының құрылысы басталды. Онда 154 көп қабатты үй салынады. Бұл 60 мыңға жуық тұрғынның жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осы құрылыстың арқасында 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп болжанып отыр. Санаулы жылдан кейін мұнда заманауи үйлер, ойын-сауық орталықтары, мектептер, спорт нысандары – жайлы өмір сүруге қажеттінің бәрі болады.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, олар жаңа шағын аудандардың жайлылығы мен экологиялық тазалығына өте мұқият мән берген. Жайлы алаңдар мен серуендеу аймақтары заманауи ландшафтты қолдана отырып, бірегей дизайнмен жасалады.

Бұдан бөлек, облыста «Қостанай жастары» бағдарламасы белсенді жүзеге асып жатыр.

2022 жылдың соңынан бастап, облыстың барлық өңірлерінде «Отбасы банкімен» бірлесіп, «Қостанай жастары» бағдарламасы іске асырылу үстінде. Оны іске асыруға 2 жыл ішінде 2,1 млрд теңгеден қаржы бөлінген. Бұл 2022 жылға қарағанда үш есе артық (700 млн теңге). Осы бағдарламаның арқасында, жұмыс атқаратын жастардың ішінде 277 отбасы тұрмыстық жағдайларын жақсартты (2022 ж. – 49 отбасы).

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды