Қостанай қаласында 2100 орынға арналған мемлекеттік тілде оқытатын бірден екі Жайлы мектептің салтанатты ашылуы өтті.
Оған Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен «Samruk-Kazyna Construction» акционерлық қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров қатысты.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мектептердің ашылуында бқл мектептер белсенді дамып келе жатқан «Береке» және «Аэропорт» шағын аудандарында оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге және мемлекеттік тілде сапалы білім беруді қамтамасыз ететінін атап өтті.
— Сапалы білім беру және өскелең ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің басты құндылықтары болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясатының арқасында елімізде сапалы білім алу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, заманауи мектептер салынуда. Өткен жылы облыста 1 200 орынға 2 мектеп салынды. Биыл 4,5 мың орынға тағы 7 мектеп ашылады. Бүгін жаңа жылдың басында соның екеуін салтанатты түрде ашып отырмыз. Осындай маңызды әлеуметтік нысандарды іске қосу нәтижесінде облыстағы оқу орындарының тапшылығы шешіліп келеді. «Әуежай» шағын ауданында 15 мыңнан астам, «Береке» шағын ауданында 20 мыңннан астам адам тұрады. Сондықтан тұрғындар үшін бұл жаңа әрі қолайлы білім ордасы. Мектеп әлемдік трендтерге сай келеді. Интерактивті оқу құралдары, STEAM-зертхана, пәндік кабинеттер жасанды интеллектті пайдалануға және виртуалды тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалар өз таланттарын дамыта алатын хореография залы, коворкинг аймақтары бар. Бұдан басқа, мектеп ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген. Осындай жайлы мектептер біз үшін қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Біз осыған жұмыс жасауымыз керек. Облысымыздың білім саласы жетістіктерге бай. Бұған дәлел, өңіріміз өткен жылдары республика бойынша пәндік олимпиада нәтижесінде үшінші орында, халықаралық зерттеу PISA нәтижесінде алдынғы қатардамыз. Осы бағытты жалғастыру керек. Құрметті оқушылар! Бүгін сіздер үшін жаңа білім ордасының есігі ашылды. Бұл жерде сіздер үлкен армандарға жол бастап, жаңа білім мен достар табасыздар. Оқуда табыс пен жарқын жетістіктер тілеймін! — деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
![](https://qagro.kz/wp-content/uploads/2025/01/CL0A5099-885x590.jpg)
Республикалық бюджеттен 14 млрд теңге жұмсалған «Береке» шағын ауданындағы 1200 орындық № 31 және «Аэропорт» шағын ауданындағы 900 орынға арналған № 32 жалпы білім беретін мектептері әлемдік трендтерге сәйкес толық жабдықталған. Сапалы білім беру үшін жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалып отыр.
Оқу кабинеттері компьютерлік жабдықтармен, интерактивті тақталармен, шет тілдер кабинеттері – лингафондармен жарақталған. Оқушылардың зерттеу мәдениетін дамыту үшін химия, биология, физика, информатика кабинеттері, робототехника, сондай-ақ STEAM-зертхана да пайдалануға дайын.
Мектептердің бірнеше спорт залдары мен хореография залдары, қажетті құралдармен жабдықталған жайлы асханалары бар. Әрбір мектепте акт залы балалар өз таланттарын дамыта алатын өнер студиясына айналуы мүмкін. Еңбекке баулу шеберханаларында станоктар және тігін жабдықтары қойылған.
Мектептер ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт, пандустар жұмыс істейді, арнайы санитарлық бөлмелер жабдықталған.
Мектептерде мемлекеттік тілдегі көркем кітаптардың үлкен қоры бар оқу залымен кітапханалар, оқушылар мен педагогтар үшін ыңғайлы коворкинг аймақтары, жоғары жылдамдықты интернет – осының барлығы сапалы білім алып, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жайлы жағдай жасайды.
![](https://qagro.kz/wp-content/uploads/2025/01/CL0A4492-885x590.jpg)
Мектептердің ашылуында ата-аналардың да, балалардың да қуанышында шек жоқ. Қала ақсақалдары мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға өз жылы лебіздерін білдірді.
Екінші сынып оқушысының анасы Нұргүл Әубәкірова қуанышымен бөлісті: «Біз Берекедегі мектепті асыға күттік! Бұрын менің ұлым басқа шағын аудандағы мектепке баратын, оны жеткізу және қарсы алу қиындық тудыратын. Енді, міне, жақын жерде орналасқан мектепте біздің балаларымыз үшін ең жақсы жағдайлар жасалған. Біз тек жақсы оқып қана қоймай, мектеп өміріне белсенді қатысуға тырысамыз!».
Жаңа мектептерде 167 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 100-ге жуығы мұғалімдер. Педагогикалық ұжымдардың міндеті – ата-аналармен және оқушылармен бірге қаланың үздік мектептерінің дәстүрлерін жалғастыру, Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосуға дайын еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу болып табылады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында барлығы 4500 орындық 6 мектеп салынады, оның екеуі 2024 жылғы қарашада ашылды.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды