Өткен жылда өсім, биыл бастама көп

16 января 2025 9:24 • 383 просмотров

Қостанай облысында өткен жылдың қорытындысы жасалып, осы жылға арналған жоспарлар талқыланды.

Қостанай облысы 2024 жылды экономиканың 6%-дан астам өсіммен аяқтап, Мемлекет басшысының тапсырмасын сәтті орындады. Өңір ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудың және инвестициялардың рекордтық ағынының арқасында позициясын күшейтуді жалғастыруда. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов өткен жылдың қорытындысы бойынша жұртшылықтың қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте айтты.

Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасаралы әр аудан мен қаланың әлекметтік-экономикалық дамуы және өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Ал, облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 638,9 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Негізгі бөлігі, атап айтқанда олардың 77%-ы жеке инвестициялар. Маңызды инвесторлардың арасында ірі халықаралық компаниялар да бар, ал тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі екі жыл ішінде 1 млрд АҚШ долларынан асып отыр.

— Өңірде 125,8 млрд теңге сомасына 7 индустриялық жоба іске асырылды. Ең маңыздыларының арасында жалпы құны 38,7 млрд теңге, қуаты жылына 50 мың автомобиль болатын Chevrolet Оnix, Һongqi, Skoda автомобильдерін шығару. Осы өндірісте 650 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, шойын құю зауыты туралы жақсы білесіздер. Оның құны 78,2 млрд теңге. Қуаттылығы – жылына 45 мың тонна өнім. 500 жұмыс орны қамтамасыз етілді. Және пластикалық бояу цехын іске қостық. Оның құны да аз емес, 7,9 млрд теңге. Қуаттылығы жылына 64 мың бірлік өнім және 100 жұмыс орнын ашып отыр. Теміржол құрамына арналған серіппелер шығаратын зауыт тағы бар. Жобаның сомасы 1,1 млрд теңге. Қуаты жылына 10 мың вагон жинағы. 51 жұмыс орны құрылды, – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ал 2025 жылы жалпы инвестиция көлемі 286,2 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба іске асырылмақ.

— Олардың ішінде, әрине, KІА зауыты. Жылына 70 мың автомобиль шығарады. Ең маңыздысы, бір уақытта 1,500 жұмыс орны ашылатын ең ірі жоба. Тәуелсіздік жылдары Қостанай облысында бір мезетте мұнша көп жұмыс орны болатын кәсіпорын ашылмаған. Сонымен қатар, автокомпоненттерді шығаратын зауытты да ерекше атап өту керек. Өйткені, көлік құрастырумен айналысатын зауыттарға жеңіл автомобильдердің шаын бөлшектері осы зауытта жасалатын болады. Инвестиция көлемі 17,8 млрд теңге. Өндіріс – жылына 60 мың бөлшек. 800 жұмыс орны құрылады. Ыстық брикетті темір зауыты – инвестиция жөнінен ең ірі жоба. Салынған қаржы көлемі – 920 млрд теңге. Жыл сайын 4 млн.тонна өнім өндірісі. 1 100 жұмыс орнын ашылады. Келесі ірі жобалардың бірі – болат балқыту зауыты. Инвестиция көлемі 300 млрд теңге. 1 млн тоннаға дейін болат дайындамаларын өндіру. 600 жұмыс орны құрылды, – деп өңір басшысы Құмар Ақсақалов 2025 жылы басталатын жобалармен бөлісті.

Сәйкесінше, Қостанай облысы Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын айтарлықтай нығайта отырып, машина жасау және қара металлургия орталығына айналады. 2024 жылы экономиканың 6% – дан астам өсуі – 2025 жылға арналған жоспарлардың кепілі болды. Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірді өнеркәсіптік дамудың республикалық рейтингтерінің көшбасшыларына шығарады.

Сондай-ақ, Қостанай облысы Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын сенімді орындайтын болады. Жаңа жобалар аймақты қайта өңдеу орталығына айналдырады және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.

— Ауыл шаруашылығы – Қостанай облысының негізгі саласы болып саналады. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 700 млрд теңгеге жетті, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен едәуір асып түсіп отыр. Мұндай өсімге жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді. Ағымдағы жылы аграрлық секторды қаржыландыру 65%-ға артып, 175 млрд теңгені құрады. Біз ел Президентінің тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға ұмтыламыз. Мұндай зауыттардың құрылуы шикізат өндіріп қана қоймай, нарықтық құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов жыл қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңесте.

— Мәселен, 2024 жылы «Милх» ЖШС ірімшік өндіру зауыты іске қосылды. Инвестиция көлемі – 7,2 млрд теңге. Зауыт ірімшіктің 20 түрін өндіреді және өндіріс көлемін жылына 2,5 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Бұл өңделген сүт үлесінің 46%-дан 60%-ға дейін өсуін қамтамасыз етті. Ал «Аруана-2010» ЖШС диірмен кешенінің құны 3 млрд теңге. Жыл сайын 85 мың тонна астық өңдіреді, 100 жаңа жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ, Меңдіқара, Қарабалық және Федоров аудандарында жаңа сүт фермалары салынды. Бұл нысандар өңірге жылына 43 мың тонна сүт қосып, облыстың өңдеу секторын күшейтті. Тағы 3 шаруа қожалығының құрылысы жүргізілуде. Осы жобаларды іске асыру сүт өндірісін 30%-ға ұлғайтуға және өңдеу зауыттарының жүктемесін 86%-ға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ал биыл бұршақ дақылдарын өңдеу зауыты салынады. Өндірістік қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін. Сондай-ақ, «Кондитерлік астана» кондитер фабрикасы бой көтереді. Құны 14,3 млрд теңге болатын жоба жылына 16,6 мың тонна өнім, 260 жұмыс орнын ашады. Тағы бір ірі жоба, ол бидайды терең өңдеу зауыты. Мұнда глютен, крахмал, биоэтанол және лизин өндіріледі. Ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие бірегей өнімдер өңірдің экспорттық әлеуетін арттыратыны сөзсіз.

— Агроөнеркәсіптік кешенде жаңа өндірістер құру отандық кәсіпорындардың рентабельділігін арттыруға, шығарылатын өнімнің сапасын жақсартуға, тауарлар ассортиментін кеңейтуге және, ең бастысы, азық-түлікпен қамтамасыз етуді күшейтуге мүмкіндік береді. Барлық жоспарланған жобалар толық қуатына жеткенде Қостанай облысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталығына айнала алады, – деді Қ. Ақсақалов.

Қостанай облысында инфрақұрылымды дамыту өңірдің өнеркәсіптік және экономикалық әлеуетін нығайтумен қатар жүреді. Жаңа жолдар, тұрғын үй және энергетикалық жобалар тұрғындар үшін жайлылық қана емес, сонымен қатар өндіріс пен инвестицияның өсуіне негіз болады.

Мәселен, Қостанай облысының энергетикалық инфрақұрылымының дамуы өнеркәсіп секторының өсіп келе жатқан қажеттіліктерімен тығыз байланысты.

«Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең ауқымды жобалардың бірі – Ақтөбе облысынан Қостанайға дейінгі ұзындығы 700 шақырымнан асатын магистральдық газ құбырын салу басталады», – деді аймақ әкімі Құмар Ақсақалов.

Газдандыру 50 елді мекенге әсер етіп, 150 мың тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ ыстық брикетті темір және болат балқыту зауыты сияқты ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Сонымен қатар, Қостанай облысы баламалы энергия көздерін белсенді дамытуда. Арқалық пен Қостанай ауданында әрқайсысының қуаты 50 МВт болатын екі жел электр станциясы пайдалануға берілді. Оларға биыл жаңа жобалар қосылады. Ол Б. Майлин ауданында қуаттылығы 22,6 МВт күн электр станциясы мен жалпы құны 35,6 млрд теңгені құрайтын 40 МВт газ поршенді станциясының құрылысы. Жалпы қуаттылығы 1 ГВт Рудныйда 165 жел электр станциясын салу жобасын ерекше атап өткен жөн, ол облыстың өз электр энергиясын өндіруді он есеге – 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін ұлғайтып, өңірдің қажеттіліктерін толығымен жабады.

Жол инфрақұрылымы тек көлік қана емес, сонымен қатар экономикалық дамудың негізі болып табылады. Қостанай облысы автожол саласын қаржыландырудың ең ірі көлемімен ерекшеленеді. 2024 жылы 1,300 шақырым автожол жөнделіп, 108 елді мекенде 371 көше жаңғыртылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Бұл жаңартулар қалалар, ауылдар мен өнеркәсіптік нысандар арасындағы байланысты жақсартады, бұл аймақты инвестициялар мен сауда үшін қол жетімді етеді. Ауылдарға кірме жолдарға ерекше назар аударылады.

2025 жылы елді мекендерді негізгі магистральдармен байланыстыратын ұзындығы 500 шақырымнан асатын тағы 83 жолды жөндеу жоспарланған. Бұл 200 мыңнан астам ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына жағдай жасау.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің өсуі адамдардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. 2024 жылы облыста 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, кезекте тұрғандар үшін жалпы құны 18 млрд теңгені құрайтын 940 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Бұл аймақтың тұрғындарға қолжетімді баспана беруге деген ұмтылысын көрсететін рекордтық көрсеткіштер.

Жаңа шағын аудандарға ерекше көңіл бөлінеді. «Астана «мен» Бәйтерек» шағын аудандарында бір мезгілде 10 үйдің құрылысы жүргізілуде, ал биыл тағы 21 үй қосылады. Бұл жобалар шамамен 60 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеді және өмір сүру үшін заманауи, жайлы жағдай жасайды.

Инфрақұрылымды дамыту – Қостанай облысының экономикалық өрлеуінің көрінісі. Жаңа жолдар, энергетикалық нысандар және тұрғын аудандар өнеркәсіптік сектордың белсенді дамуымен және инвестицияларды тартумен тікелей байланысты. 2024 жылы өңірдің инфрақұрылымына тікелей инвестициялар көлемі 100 млрд теңгеден асты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды