Арқалықта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Қала орталығындағы «Гаухар» базарында ұйымдастырылатын азық-түлік сауда-саттығы тұтынушы мен жергілікті өнім өндірушілер арасындағы байланысты арттыра түскендей.
Ауласында өз қолымен өндірген өнімін жәрмеңкеге алып келген сатушылардың бірі – Көктау ауылының тұрғыны Ира Ахметова. Ол қалада өтетін азық-түлік өнімдері саудасына тұрақты қатысып тұрады. Маңдай теріңді сіңдіріп, ыждақатты еңбекпен өнім алдың, оны жәрмеңкеге өз қолыңмен әкеліп саттың, оның өзіңе де, халыққа да пайдасы бар емес пе. Сүт, қаймақ, ірімшіктерін тұтынушылар қолға тигізбей, пышақ үстінен бөліп әкетті.
«Қазір келіншектер сиыр саууға ерінеді. Еңбектенген адамға табыс бар. Сүттің литрін 600 теңгеден, ірімшіктің келісін 1200 теңгеден саттым. Сауда жақсы жүрді. Қыста сүт аздау болады. 10 литрдей әкеліп едім, әп сәтте өтіп кетті», – дейді Ира ханым.
Өнім өндірушілер еңбектерінің осылай жемісін көріп жатса, жәрмеңкеге келіп, нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан тауар алып жатқан тұтынушылар да сауданың сәтті болғанына дән риза.
«Жәрмеңкеге келіп, қалаған азық-түлігімізді түгендеп алып жатырмыз. Елу келідей ет сатып алдым. Келісі 2200 теңгеден екен. Бұл дүкендегі бағадан аз да болса арзанға түседі. Жәрмеңкеден ешкім ұтылмайды. Екі тарапқа да тиімді. Алдағы уақытта да ұйымдастырылғанын қалаймыз», – дейді Родина ауылының тұрғыны, ақсақал Майлыбай Жүкенов.
Қалалық Ауыл шаруашылығы бөлімінің әдіскері Аружан Наурыздың айтуынша, жәрмеңкеге тұрақты қатысып тұратын ауылдар баршылық. Олардың қатарында Әбдіғаппар хан ауылы, Фурманов, Родина ауылдары мен Северный кенттерін атап өтуге болады. Ал жәрмеңкеде белгіленген бағаның көтерілмеуін бөлім ұдайы назарда ұстап отырады.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, Сурет Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ