Тобыл-Торғай өңірінде елді мекендерді газдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылы бес жоба қолға алынбақ. Атқарылған жұмыс пен алға қойылған жоспарлар туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов мәлімет берді.
Ауылдарға газ тарту жұмысы өткен жылы жоғары қарқынмен жүргенін айырықша атай кеткен жөн. Берік Таңжарықовтың мағлұматына сәйкес, былтыр облыста 15 жоба қолға алынған.
«Оларды іске асыруға 4 454 млн теңге бөлінді. 2024 жылы жеті бірдей газбен жабдықтау нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Алтынсарин ауданының Үлкен Чураков, Жітіқара ауданының Забелов, Б. Майлин ауданының Береговой, Қамысты ауданының Адаев, Денисов ауданының Аршалы және Зааят ауылдарына газбен жабдықтау желілері тартылды. Сондай-ақ Жітіқара қаласының Кенсай шағын ауданына газ берілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрғын көгілдір отын игілігіне қол жеткізді», – дейді Б. Таңжарықов.
Ал биыл бес жоба қолға алынады. Оның төртеуі – құрылыс-монтаж жұмысы, біреуі – жобалық-құндық құжат әзірлеу жобасы. Бұған 1 210,2 млн теңге жұмсалмақ. Жобалардың төртеуі былтырдан осы жылға көшіріліп отыр. Атап айтқанда:
— Әулиекөл ауданының Құсмұрын кентінде газ тарату желілерін салу (2026 жылдың қараша айында іске қосылмақ);
— Әулиекөл ауданы Новоселов ауылын қоса отырып, ауданның АГТС-ынан Диев ауылына дейін тартылатын газ құбырын салу (2025 жылдың қараша айында іске қосу жоспарланған);
— Әулиекөл ауданының Диев ауылында газ тарату желілерін салу (2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілмек);
— Федоров ауданының Лесное және Березов ауылдарына газ құбыры мен газ тарату желілерін салу (2025 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарда бар).
«Биыл Құсмұрын ауылында газ тарату желілері құрылысының 1-бөлігі пайдалануға беріледі. Республикалық бюджеттен қосымша қаражат түскен жағдайда Әулиекөл ауданының Диев, Федоров ауданының Лесное және Березов ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде газбен жабдықтау желілеріне қолжетімділік облыс халқының 59,6%-ға дейін ұлғайып, тағы 4 мыңға жуық халық көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алады», – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, елді мекендерді газдандыру кезінде Қостанай облысын табиғи газбен қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі жағдайды ескеру қажет. Бүгінде облысты газбен жабдықтау «Бұхара-Орал» магистралды газ құбыры арқылы жүзеге асырылады. Көгілдір отынның 95%-ға дейінгі негізгі көлемі «Қарталы-Рудный-Қостанай» магистралды газ құбыры арқылы жеткізіледі.
«Алдағы уақытта өңірде тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі және өндірістің дамуына байланысты, газ тұтыну үлесінің ұлғая түсетіні болжанып отыр. Осыған орай, ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, бүгінде «Ақтөбе облысының 14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін магистралды газ құбырын салу» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ол мемлекеттік сараптамада. Жобаның жоспарлы мерзімі – 2026 жыл. Алдын ала есептеулер бойынша, ұзындығы 630 шақырым болатын «14 КС – Қостанай» МГ құрылысының құны шамамен 500 млрд теңге болады», – деп толықтырды Берік Таңжарықов.
Аталған магистралды газ құбырын салу Қостанай облысына табиғи газ жеткізуді 4,5 млрд текше метрге ұлғайтады делініп отыр. Сондай-ақ ол облыстың энергетикалық қауіпсіздігіне сенімділікті арттырып, көптеген ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүмкіндік бермек. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылады. Мұның сыртында облысымыздың оңтүстік өңірлерін (Жанкелдин, Амангелді аудандары, Арқалық қаласы) және Ұзынкөл, Меңдіқара, Сарыкөл, Қарасу аудандарын газбен жабдықтауға жол ашады.
Айта кетейік, қазір облыстың 501 елді мекенінің 84-і газдандырылған. Пайызға шақсақ, көгілдір отын игілігін көріп отырған халық үлесі 59,2% шамасында.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттер: облыс әкімінің баспасөз қызметі