Жанкелдин ауданы Сужарған ауылында соңғы жылдары атқарылған шаруа аз емес. Тұрғындардың басты мәселелері оңтайлы шешіліп, жайлы тұрмыс үшін барлық жағдай жасалу үстінде. Оны ауыл әкімі Берік Әубәкіровтің өзі баяндап берді.
Берік Әубәкіров ауыл әкімдігіне сайлауға 2021 жылы түсіп, өз бағдарламасын ұсынған еді. Оның бәрі жүйелі жүзеге асып жатыр. Ауыз су желісі тартылып, білім беру нысандарының жаңартылып, көптеген маңызды шаруа атқарылды. Жобалардың көпшілігі жергілікті бюджетпен ғана емес, республикалық және облыстық қазынадан бөлінген қаржымен жүзеге асырылған.
«Алдымен, ауыл тұрғындарының өтініші бойынша ауыз су мәселесін шештік. Оған облыстық және республикалық бюджеттен 451 095 млн теңге қаржы бөлініп, сол жылы желтоқсан айында қолданысқа берілді. Оның сыртында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойыншы мектепке спорт зал мен асхана салуға ұлттық қордан 624,506 млн теңге қаражат бөлініп, былтыр жылдың аяғында пайдалануға берілді», – дейді ауыл әкімі.
Ол 2023–2024 жылдары ауыл көшелеріне шамдар қойылғанын да айтып отыр. Мұның сыртында, жазғы спорт алаңын орнатуға аудандық бюджеттен 10 млн қаражат бөлініп, шағын спорт алаңы салынған.
«Мен ауылдың бюджеті шектеулі екенін білемін. Сондықтан көп бастамаға қосымша қаржы көздерін іздеп, демеушілер арқылы көп істі тындырдық десе де болады. Былтыр 8 млн теңгеге Ғабдыкен Мананов көшесіне еурошарбақ орнатылды, – дейді Берік Әубәкіров.
Ауыл әкімінің сайлауына түсерде ол мал шаруашылығын және жеке кәсіпкерлікті дамытуға, ауылды абаттандыруға, туған жер перзенттерінің басын қосып, демеуші тартуға күш салатынын айтқан-ды. Сол уәделердің орындалғанына ел куә. Биыл да атқарылар іс аз емес. Көптеген ауқымды жоба жүзеге асырылмақ.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттер: ауыл әкімі мұрағатынан