Қостанай облысы әкімдігінің отырысында азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты маңызды мәселелер талқыланды, атап айтқанда, жұмыспен қамту және табыстарды арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта жыл сайын жұмыспен қамту шараларын іске асыруға 4 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінеді.
2024 жылы 48 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылу бойынша көмек алды, 19 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Көптеген жұмыс орындары өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалар нәтижесінде ашылды. 2025 жылы 8 жобаны іске асыру жоспарланып, 3,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Соңғы екі жылда облыстағы жалдамалы жұмысшылар саны 3%-ға артты, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. Жұмыспен қамту, гранттар және оқыту шаралары халықтың табысын арттыруға әсер етті, бұл өз кезегінде адреске әлеуметтік көмек алушы отбасылардың санының 40%-ға қысқаруына әкелді. 2023 жылы көмек алғфан отбасылар саны 4 мыңды құраса, 2024 жылы олардың саны 2,4 мыңға дейін төмендеді.
Шағын және орта бизнесті қолдауға да айрықша назар аударылады. 1%-бен кәсіпкерлерді қаржыландыру бағдарламасы жалғасуда, 2024 жылы Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарының тұрғындарына 1,1 миллиард теңге көлемінде 27 кредит берілді, оның басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды. Сондай-ақ, суармалы егіншілік бойынша 2 миллиард теңгеге жобалар қаржыландырылды.
Соңғы екі жылда облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8%-ға артып, 66 мыңға жетті. Осы сектордағы өнім өндіру 3%-ға өсіп, шығару көлемі 900 миллиард теңгені құрады.
Жұмыспен қамту шаралары 2025 жылы жалғасады, жастарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар аударылатын болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды