Қостанайда қазақ тіліндегі зияткерлік ойын дүниеге келді. «Qosta quiz» аталатын біліктілер сайысының мән-мазмұны басқалардан ерекше. Өңірдің тарихы, ұлттың мәдениеті мен әдебиеті, қазыналы құндылықтары – командалық бәсекенің басты арқауы. Жақында алғашқы ойын жоғары деңгейде өтті.
Қаламызда қазақы орта қалыптастыру қай кезде де маңызды. Ал бұған осындай жобалардың ықпалы зор. Бұл, біріншіден, рухани серпіліс, әдемі, кәделі демалыс. Екіншіден, бастары жиі бір арнада тоғыса бермейтін әр сала өкілдерін жақындастыра түсетін атмосфера, достастық мекені. Үшіншіден, осындай сайысқа қызығушылығы бар жандар үшін орыс тілді куиздердің өз тіліміздегі үздік баламасын жасауға талпыныс жасалған.
Жобаға қызығушылық танытқан зерделілер мен зияттылар қала орталығындағы «Пинта» барында бас қосты. Ойынға ұзын саны тоғыз команда, 48 адам тіркелген. Олардың араларында студенттер, белсенді жастар, әр салада қызмет ететін қыз-жігіттер, ұжымдар және еркін құрамалар болды. Сайыс басталмас бұрын жоба авторы, «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин интеллектуалды ойынның мақсат-міндеті туралы айта өтті.
«Қаламызда осы секілді орыс тіліндегі ойындар жеткілікті. Ал бізде «BasTime» сайысынан бөлек іліп алар жоба жоққа тән еді. Сондықтан қазақ тіліндегі ақылмандар алаңын құрып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – өңіріміздің тарихын, тұлғаларын насихаттау, білімдар орта қалыптастыру. Қатысушы командалар санына шектеу жоқ. Қатарымыз неғұрлым көбейе түссе, соғұрлым жобаның мазмұны артып, діттеген мақсатымызға жақындай түсеріміз сөзсіз. Бастысы, білім жарысында жеңілген адам болмайтынын естен шығармайық!» – деді ол.
«Qosta quiz» авторлары ойыншыларға арнап, «Қостанай таңы», «Факт/фейк», «Жеті қазына», «Шұғаның белгісі», «Бас редактор», «Суреттер сөйлейді» және «Қиыннан қиыстыр» аталатын жеті түрлі сайыс әзірлеген. Олардың басым бөлігі өңірімізге, ұлтымыздың рухани құндылықтарына, мәдениеті мен әдебиетіне негізделген. Әлбетте, әлемдік деңгейдегі қызықты, қисынды сауалдар да, әр алуан салаға қатысты сұрақтар да аз болмады.
Сайыс барған сайын ширыға түсіп, қай команда да неғұрлым көп ұпай жинауға барын салды. Қызық болғанда, ойын қорытындысында көш басындағы екі команданың ұпайы тең болып шықты. Ұйымдастырушылар ұйғарымымен екі топқа қосымша бес сұрақ қойылды. Мұнда да қос мықты ұжым тең түсті. Бірақ жауаптарын бірінші болып тапсырған командаға жеңіс берілді.
Сонымен, «Qosta quiz» жобасының тырнақалды ойынында журналистерден, тіл мамандарынан құралған «Хазірет» командасы топ жарды. Бұлармен үзеңгі қағыстырып келген педагогтер қауымының «Қазбілім» тобы 2-орын еншіледі. Әкімдікте қызмет ететін арулар құрған «Асыл тас» ұжымы 3-ші тұғырдан көрінді. Ойынның үздік капитаны – «Қазбілім» командасының жетекшісі!
Жүлдегерлерге демеушілеріміз дайындаған сый-сияпат тарту етілді. Сайыстың тартысты өтуіне атсалысқан басқа командалар да құр алақан қайтпады. Барлығына әртүрлі кәдесый үлестірілді. Қатысушылар ұйымдастыру алқасына рахмет айтып, естелік суреттерге түсіп, кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған алғашқы ойын өте жақсы өтті. Бүгінгі сайыста «Хазірет» командасы жеңімпаз атанды. Топ мүшесі ретінде қуаныштымын! Сұрақтары, турлары өте қызықты. Ең бастысы, жаңа көзқарас, тың тыныс сезіледі. Қостанайда қазақша зияткерлік ойындар көбейсе, қазақ тілді орта кеңейсе екен деп тілейміз!» – деп лебізін айтты белсенді ойыншы Ерік Есенгелді.
Осы кезге дейін қазақ тілінде ойнатылып келе жатқан «BasTime» интеллектуалды ойнының жүргізушісі Марғұлан Бәкір де жаңа сайыстың пайда болуын жағымды жаңалықққа балады. Ол бұл жолы жеке бір командаға жетекшілік етіп, сайысқа түсіп көрді. Ойынның тартысты өткенін айтып, тұрақты қатысушысына айналуға уәде берді.
«Бұл да бір мәдениеттің, демалыстың тамаша түрі. Сондықтан мұнда қазақ тілді қауым, әсіресе, жастар жағы көп жиналса, ол мемлекеттік тілдің дамуына, жалпы қазақ тілді ортаның қалыптасуына септігін тигізеді. «Qosta quiz» осы үдеден шыға берсін! Қадамына сәттілік тілейміз! Өзіміз де команда жасақтап, білімімізді сынға салып көрдік. Жалпы, көңілімізден шықты. Әр ойынға қалмай қатысуға ниеттіміз», – деді ол.
Айта кетейік, жобаға қостанайлық ірі кәсіпкерлер, сондай-ақ «Kosta Doner» тез тамақтану орны және «Arun» киім дүкені демеуші болды. Жобаның сәтті жүзеге асуына «Тобыл» футбол клубының баспасөз хатшысы Қасқырбай Қойшымановтың да қосқан үлесі қомақты.
Естеріңізге саламыз, ойын айына бір рет өтеді. Тоқсан сайын қорытындысы шығарылып, чемпион командалар анықталып, қомақты жүлде иеленеді. Қатарға қосыламын деушілерге әлі де кеш емес. Алдағы ойындар алғашқысынан да қызықты болады деп сендіріп отыр ұйымдастырушылар.
Жан ҚҰРМАШҰЛЫ, суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ