Қостанайда «Баян Сұлу» АҚ-ның жаңа өндірістік кешені – «Кондитерлік астана» жобасының алғашқы тасын қалау рәсімі өтті.
Бұл жоба отандық өнеркәсіптің дамуына серпін беріп қана қоймай, Мемлекет басшысының алдағы үш жыл ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын іске асырудың маңызды кезеңі болмақ.
Жаңа кешеннің өндірістік қуаты жылына 16 мың тонна өнімді құрайды. Бұл отандық өндірушінің ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер нарығында, оның ішінде тоқаш пен бисквит сегменттерінде көшбасшылық орын алуына мүмкіндік береді. Кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылады, олар ауыл шаруашылығы шикізатынан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өз сөзінде атап өтті:
«Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, оның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу деңгейін үш жыл ішінде 70%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Осындай ауқымды жобалардың іске асырылуымен біз негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті азайтып, отандық шикізатты тереңдетіп өңдеу деңгейін көтеріп, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыра аламыз. Бұл жоба – бизнестің және мемлекеттік қолдаудың үйлесімді жұмысының нақты көрінісі», – деді облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов.
Кәсіпорын өкілдері кешеннің іске қосылуы отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті:
«Біздің мақсатымыз – тек ішкі нарықты қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту. Жаңа фабрикадағы инновациялық өндіріс желілері өнімнің әлемдік стандарттарға сай болуын қамтамасыз етеді. Біз «Кондитерлік астана» тек Қостанай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы болатынына сенімдіміз»» – деп атап өтті «Баян Сұлу» АҚ президенті Тимур Садыков.
Жаңа кешеннің құрылысының басталуына орай өткен салтанатты шарада 40 жылдан астам осы салада қызмет еткен зейнеткер Алла Лайконина сөз сөйледі. Ол қарапайым жұмысшыдан кәмпит цехының басшысына дейінгі жолды жүріп өтті. Оның пікірі компанияның дамуы мен саладағы өзгерістердің маңыздылығын көрсетті.
«Мен бұл салада бүкіл ғұмырымды өткіздім. Соңғы жылдары өнеркәсіптің қалай дамып келе жатқанын, жаңа технологиялар мен жобалардың іске асырылып жатқанын ерекше байқаймын. Жаңа зауыттың ашылуы – бұл жай ғана өндірістік қадам емес, біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын дәлелі. Мемлекеттің біздің саланың дамуына ерекше көңіл бөліп отырғаны – үлкен қуаныш. Бұл мен үшін зор мақтаныш, өйткені Қостанай Қазақстанның нағыз кондитерлік астанасына айналып келеді», – деді ол.
Жаңа өндірістік кешен 260 жаңа жұмыс орнын ашады, бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді. Жоба аясында кәсіпорын заманауи жабдықтармен жұмыс істейтін жоғары білікті мамандарды даярлауды көздеп отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанның отандық өндірушілері 300-ден астам түрлі кондитерлік өнім шығарады, оның 55%-ы ішкі нарықта сатылса, 45%-ы экспортқа жіберіледі. Жаңа кешеннің іске қосылуы компанияның ішкі нарықтағы көшбасшылық ұстанымын нығайтуға және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы құны 14 миллиард теңгеден асатын бұл жоба жеке инвестицияларды тарту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
«Мемлекеттік қолдау үшін алғысымыз шексіз. Бұл жоба Қостанай облысында бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалғанының дәлелі. «Кондитерлік астана» бүкіл сала үшін жаңа дәуірдің бастамасы болады және Қостанайды Қазақстанның кондитерлік астанасына айналдырады деп сенеміз», – деп қорытындылады кәсіпорын өкілі.
Жаңа кешеннің құрылысы – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық стратегияларды жүзеге асырудағы маңызды қадам. Қостанай облысы өнеркәсіптік даму орталығы ретіндегі орнын одан әрі нығайтып, бизнестің және мемлекеттің табысты серіктестігін көрсетіп отыр.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды