Кран операторы мен сұлулық байқауының жүлдегері – бұл екі ұғым бір адамға қатысты болса, таңғалмасқа болмайды. Дәл осы ерекше жолды Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауылының тумасы, 28 жасар Аққалқа Болатбекова таңдаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», деп атап көрсетті.
Біздің кейіпкеріміз Аққалқа бала кезінен журналист болуды армандап, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетке оқуға түскен. Дипломын қолына алған соң, Ақтөбе облыстық телеарнасында қызмет етті. Алайда арман қуған арудың мамандығы мүлдем өзгеріп, ойламаған жерден кран басқарушы қызметіне ауысқан. Өзі де бұл жағдайды таңдасынпен еске алады.
«Он жыл бұрын маған біреу «сен кран басқарып, зауытта жұмыс істейсің» десе, сенбес едім», – дейді Аққалқа күлімсіреп.

Ол АО ТНК Казхром компаниясына журналист ретінде түсірілімге келген кезде, өндіріс әлемімен алғаш рет танысқан. Сол жерде кран басқарып отырған әйелдерді көріп, таңқалған екен.
«Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Өйткені әйел адамдардың мұндай жұмысты атқаратынын білмеппін. Іштей осы кәсіпті меңгеруге деген қызығушылығым оянды», – деп еске алады ол.
Қысқа мерзімді оқу курсынан өткен соң, ол батыл шешім қабылдап, осы салаға бет бұрды. Бүгінде Аққалқа – өндірісте бес жылдық тәжірибесі бар білікті кран операторы. Зауыттағы жұмысы металл тасымалдау мен балқытылған металды құюдан тұрады. Температурасы 1500 градусқа дейін жететін пештің жанында жұмыс істеу оңай емес. Алғашында қорқынышы болғанын жасырмайды. Бірақ уақыт өте келе, бұл үйреншікті тірлікке айналыпты.
Алайда ауыр жұмыс оның нәзіктігі мен сұлулығын ұмыттырған жоқ. Аққалқа бала кезінен сұлулық байқауларына қатысуды армандап келген. 2023 жылы Қазақстандағы барлық зауыттар арасында ұйымдастырылған «Казхром ажары» сұлулық байқауына қатысып, ол бірінші вице-мисс атағын жеңіп алды. Өндіріс алаңында тер төгіп жүрген нәзік жандардың да өзіне тән сұлулығы мен тартымдылығы бар екенін осылайша дәлелдеді.
Қазіргі кезде жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аққалқа бұл қызығушылықты күнделікті сезінеді.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Кез келген салада әйелдер өз орнын таба алады. Жап-жас қыздың кран тізгіндеп отырғаны көпшілікті таңғалдырады. Маған сұрақ қойып, қызығушылық танытатындар көп. Мен бұл жұмысымды қатты жақсы көремін. Еш қысылмаймын. Еңбектің жаман жақсысы жоқ деп есептеймін», – деп түйіндеді ол.

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізу, қапысыз атқару қажет.
Аққалқа Болатбекова – нағыз батылдық пен нәзіктіктің үйлесімі. Ол өзімен қызмет атқаратын ер азматтардың ерекше қолдауы мен қамқорлығына алғысын білдірді.
Сондай ақ өз таңдауын мақтан ете отырып, қыз-келіншектерді кез келген салада өзін сынап көруден қорықпауға шақырады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру мәселесі қоғамдағы адами фактор мәселесімен тікелей байланысты, олай дейтін себебіміз, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жастар мен құзіретті мамандар ғана қоғамның өркендеп-дамуына елеулі үлестерін қоса алады.Қоғамның қарқынды дамуы үшін бәсекеге қабілетті, әлеуметтік белсенді жас жұмысшы мамандар қажет.
Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты ескеріп, мамандық таңдағалы отырған жас буынға техникалық білім алуға жағдай жасау керек. Бұл ретте оларға кәсіби бағдар беріп, заман талабына сай мамандықты таңдауға жөн сілтеу қажет.
Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға грант бөлініп, тегін білім алуға ықпал ету маңызды екендігін ескерген жөн. Себебі, еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Балауса ЖАҚСЫБАЙ, суреттер кейіпкердің мұрағатынан алынды