Мал шаруашылығындағы маңызды мәселе

13 февраля 2025 9:34 • 594 просмотров

Қостанайда БҰҰ құзырындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) өкілдері ветеринар мамандардың біліктілігін жетілдіруге арналған тренинг өткізді.

Мал дәрігерлері алдымен ірі қарада кездесетін қауіпті індетті анықтайтын сынаманы алудың заманауи талаптары туралы дәріс тыңдады.

«Қостанайагроөнім» серіктестігіне қарасты мал сою бекетінде өткен тәжірибелік бөлім барысында ҒАО мамандары жергілікті ветеринарлардың тірі малдан, сондай-ақ сойылған мал мен құстан қалай сынама алатынын тәжірибе түрінде көріп, тексерді. Мал дәрігерлері сынама алу кезінде пайдаланылатын арнайы костюм, қолғап, көзілдірік, маска секілді қорғаныш киімдерін дұрыс киіп, дұрыс шешуге жаттықты.

«Іс-шараның басты мақсаты – зертханалық диагностика үлгілерін жинау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін жетілдіру арқылы сібір жарасы, бруцеллез, құс тұмауы және пастереллез сияқты қауіпті ауруларды эпидемиологиялық бақылаудың сапасын жақсарту. Аса қауіпті індеттің алдын алу, кеселді тап басып анықтау – ең алдымен, дұрыс алынған сынамаға байланысты. Сынама дұрыс алынбаса инфекциялық ауру ушығып кетеді. Қандай ауруда қандай сынама алу керек, оны малдың қай жерінен, қай органдарынан алу керек, оны қандай контейнерге жинау керек, оны зертханаға қалай жеткізу керек, сынама алғанда қандай құжаттар толтыру керек деген сұрақтарға жауап бердік. Сонымен бірге сынама алатын маман қалай киіну керек деген мәселе де айтылды. Мал дәрігері жеке қорғаныш киімін дұрыс киіп, дұрыс шеше білу керек. Әйтпесе маманның өзі кесел жұқтырып алуы мүмкін», дейді ҒАО-ның ұлттық кеңесшісі Ербол Қамсаев.

Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Төлеген Иманбаевтың айтуынша, өңірде мал дәрігерлерінің бәрі сынама алуды жақсы біледі. Алайда жыл сайын олардың біліктілігін арттырып, кәсіби дағдысын шыңдап отырған дұрыс.

«Өңірде мал басы жыл озған сайын көбейіп жатыр. Шетелден де мал әкелініп жатыр. Олардың өз аурулары бар. Оны да дереу анықтауымыз қажет. Қара малдың өзінде бруцеллез, сібір жарасы, аусыл тәрізді ауру көп таралады. Өткен жылы облыста мал ауруының отыз шақты ошағы табылса, биыл біздің дәрігерлердің ширақ қимылының арқасында оны бесеуге дейін төмендеттік. Мамандар сапалы жұмыс істесе, кез келген аурудың алдын алуға болады. Мұндай тренингтер сол үшін өте қажет», дейді Төлеген Иманбаев.

Арқа ауылындағы ветеринарлық пункттің меңгерушісі Сағыныш Демесінова мұндай тренингтен біздің де аларымыз көп, кейінгі жастар да білімін жетілдіре түседі дейді.

«Осындай шаралар арқылы өз кәсібімізді мейлінше жетілдіре түссек, одан ешкім ұтылмайды. Рас, кез келген мал ауруының алдын алса, мал өнімдерінің сапасына да кепілдік беруге болады», дейді маман.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды