Министр кәсіпорындарды аралады

13 февраля 2025 9:35 • 1 115 просмотров

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қостанайдағы бірнеше өнеркәсіп орнына барды. Алдымен облыс орталығындағы Индустриялық аймаққа ат басын тіреген министр 2023 жылы іргетасы қаланған «КІА» зауытының құрылысымен танысты.

2023 жылдың қараша айында алғашқы іргетасы қаланған «КІА» зауытының құрылысы биыл күзде аяқталады. Қазіргі таңда зауыт ғимаратының құрылысы толық аяқталып, өндіріс желісіне заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Зауыт алдағы қазан айында іске қосылады.

«Kia Qazaqstan» ЖШС бас директоры Ким Де Ки министрге зауытта 1500 жаңа жұмыс орны ашылатынын айтты. Автоматтандырылған заманауи кәсіпорынның дәнекерлеу желісінде, автокөлікті бояу цехы мен құрастыру желісінде 100 робот пайдаланылады. Жобаның құны – 200 млн доллар, оның 80 пайызға жуығы шетелдік инвестицияның үлесінде.

Зауыт өндірісі іске қосылған соң жылына 70 мың «КІА Sorento» кроссоверін шығара бастайды. Оның 50 мыңы ұсақ бөлшектерден құрастырылады, яғни бұл жерде өндірістің жергілікті үлесінің мейлінше жоғары болуына баса мән беріліп отыр.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев одан кейін «KamLitKZ» серіктестігіне барды. Бүгінде «KamLitKZ» серіктестігі үш бірдей ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. ЖШС бас директоры Алексей Котовтың айтуынша, құны 78,2 млрд теңге болатын алпауыт кәсіпорын жылына 45 мың тонна шойын қорытып, одан ауыр машинаға қажет түрлі бөлшектер құяды. Бүгінде мұнда 500 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыт әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған.

«Бұл – біздің серіктестік іске асырып жатқан бірінші жоба. Былтыр 2 300 жеңіл және жүк көліктеріне арналған шойын бөлшектерін құйдық. Өндіріс цехтары толық іске қосылған соң, облыста шойын құю көлемі шамамен бес есе артады. Серіктестік қазір 82,5 млрд теңгеге іштен жанатын қозғалтқыштарға арналған шойын құймаларын және жетекші ось тетіктерін өндіретін екі заманауи өндіріс орнының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, тағы 550 жұмыс орны ашылмақ», дейді А. Котов.

Арман Шаққалиев жұмыс сапары аясында сүт өнімдерін шығаратын «Милх» серіктестігінде болып, «Новый день» сауда белгісімен шығатын сүт өнімдерінің технологиясымен танысты. «Милх» бүгінде Қазақстан мен Ресей тұрғындарына етене таныс жүз түрлі сүт өнімін шығарады. Серіктестік басшысы Сергей Блок министрге алдағы уақытта компания өнімдері еуропа елдеріне саудаланатынын айтты.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды