Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиналысында өңір халқын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы қаралды. 2025 жылы денсаулық сақтау саласына 110 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден жоғары. Қаражат медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және мамандарды тартуға бағытталуда.
Қостанай облысында барлығы 450 мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесі бар. Өткен жылмен салыстырғанда едәуір қаражат медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталды. Егер өткен жылы 4 млрд теңге болса, биыл 7 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, облыс халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласының басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Соңғы 2 жылда облыс ауылдарында 324 дәріхана пункті ашылды, онда тұрғындар тегін дәрі-дәрмек ала алады.
Медициналық мекемелер мен тұрғындарды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұрақты мониторинг жүргізіліп, жеткізілімдер қатаң бақылауда. Облыста 405 дәріхана пункті жұмыс істейді, олар әрбір медициналық ұйым жанынан ашылған. Сондай-ақ, вакциналарды сақтау үшін арнайы дәріхана қоймасы бар.
Бұған қоса, 2025 жылы сирек кездесетін аурулары бар науқастарға өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді сатып алуға 556 млн теңге қосымша қаражат бөлінді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары «СК-Фармация» ұйымымен бірлесіп, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылуда.
Облыс көлемінде өткен жылы стационарлық ем үшін жалпы сомасы 8,1 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алынған. Ал биыл 7,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Тамыз айынан бастап облыс аумағындағы үш медициналық ұйымда госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу жұмыстары жүргізілуде. Олардың бірі Қостанай облыстық ауруханасында болса, оған қоса Қостанай мен Рудный қалаларындағы екі көпсалалы аурухананы жатқызуға болады. Әзірге мұндай бөлімше тек Рудный қалалық ауруханасында жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін облыстың қалған 26 медициналық ұйымында госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу көзделген.
— Қазіргі уақытта амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қиындық туғызып тұр. Ол 2021 жылдың 5 тамызындағы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің № 75 бұйрығымен бекітілген дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың тізіміне сәйкес жүзеге асырылады. Тізімге үш қамтамасыз ету пакеті бойынша жүзеге асады. Дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізуді «СК-Фармация» ЖШС жүзеге асырады. Барлығы диспансерлік есепте түрлі аурулармен тіркелген 180 мың адам тұр. Жүрек-қан тамырлары, тыныс алу органдарының, эндокриндік жүйе, жүйке жүйесі, онкологиялық және басқа аурулармен есепте тұрады», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.

Биыл амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қажеттілік 13,8 миллиард теңгені құрайды, оның ішінде 11,8 миллиард теңге республикалық бюджеттен болса, 2 миллиард теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен. Осы жылы дәрі-дәрмектерді жеткізу уақтылы басталған. 1 наурызға дейін облысқа 4,7 миллиард теңге сомасында дәрі-дәрмек жөнелтілген.
— Сіздің қолдауыңыздың арқасында, облыстық бюджет бекітілгенде 556,5 миллион теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылғы сомадан 2,5 есе көп, осылайша сирек кездесетін ауруы бар 75-тен астам науқасты қымбат дәрі-дәрмекке қол жеткізе алады», – деді Данияр Жандаев.
Жалпы алғанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қанағаттанарлық жағдайда өтіп жатыр. Алайда шешімді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар.
— Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық мекемелерді жаңғырту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Өңірдің медицина саласын білікті кадрлармен нығайту мақсатында 2024 жылы Қостанай облысына 345 дәрігер келіп, оларға 527,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. 2025 жылы кемінде 200 дәрігердің өңірге келуі күтілуде, – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, ауылдық жерлерде дәріханалар желісі белсенді түрде дамып келеді. Соңғы екі жылда ауылдық елді мекендерде 324 дәріхана пункті ашылып, тұрғындарға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалды. Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында соңғы екі жылда облыстың ауылдық елді мекендерінде 25 жаңа медициналық нысан салынды, оның ішінде 5 дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік және 1 медициналық пункт.
Қазіргі уақытта халықты алаңдататын басты мәселе – дәрі-дәрмектердің бағасы мен жоқтығы. Әсіресе ауылдық жерлерде жағдай қиын. Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитеті дәрі-дәрмектердің бағасын тұрақты түрде мониторинг жүргізуі керек. Бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу қажет.
— Маңыздысы, өңірдегі барлық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір адам, тұрғылықты жеріне қарамастан, өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге қол жеткізуі керек. Жалпы, денсаулық сақтау басқармасы «СК-Фармациямен» бірлесіп, әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде халықты тегін дәрілік заттармен қамтамасыз еуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ облыс тұрғындарына арналған қажетті дәрілік препараттарды сатып алу және жеткізу мерзімін қысқарту мүмкіндігін қарастырсын», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысында денсаулық сақтау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық мекемелерді жаңғырту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Барлық жүргізіліп жатқан жұмыстар өңір тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды