Қалдықтарды қайта қолдану мәселесі қаралды

27 марта 2025 8:19 • 391 просмотров

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалдықтарды басқару мәселелері қаралды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқарудың жай-күйі мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов отын-энергетика кешені қалдықтарын басқару туралы айтты. Сондай-ақ Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Отырыс барысында Премьер-министр қалдықтардың жиналып қалуы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналғанын атап өтті. Ғылыми зерттеулер қалдықтарды басқару мәселесіне жете көңіл бөлмеудің салдары экологиялық ахуалға, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететінін көрсетіп отыр.

«Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін былтыр елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда, оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. Бүгінде 67 жоба қаралған. Соның 6-уы ғана 4 млрд теңге сомасында қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктердің тарапынан үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жобаларды іске асыру, жабдықтарды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс қажет екенін атап өтті.

Өткен жылы өңірлерде 5 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Оның шамамен 26%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Бұған негізінен қағаз бен пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы қол жеткізіліп отыр.

Премьер-министр барлық нормативтік база қабылданғанына қарамастан, коммуналдық және басқа да қалдықтарды өртеу жобаларын іске асыру мәселелері созылып кеткенін атап өтті.

Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де өз шешімін таппай келеді. Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі шамалы, небәрі 11%-ды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70–80%-ға жетеді. Сонымен қатар кен орындарындағы үйінділердің құрамында бағалы және сирек кездесетін металл қоспалары бар. Оларды алу үшін тиімді жаңа технологияларды қолдану қажет. Энергетика кәсіпорындарының күл үйінділері де көбейіп барады.

Олжас Бектенов қалдықтарды тиімді басқарудың айқын жүйесін жасап, оны цифрландыру қажет екенін баса айтты.

«Дұрыс тәсілдерді қолдану арқылы қалдықтарды жойып қана қоймай, олар өңделіп, қайтадан кәдеге жаратылуға тиіс. Сондықтан да озық елдердің осы саладағы тәжірибесін меңгеру керек. Ал мұндай жобалар бізде баршылық. Отандық тау-кен компаниялары қалдықтарды қайта өңдеп, 30-ға жуық өнім түрін шығаратын жобаларды бастады. Олардың ішінде құрылыс материалдары мен тыңайтқыштар шығаратын және басқа да көптеген жобалар бар», – деп атап өтті Премьер-министр.

Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін Қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Ол қалдықтарды басқару процестерін орталықтандыруға, барлық мүдделі тараптарды тартуға, циклдік экономика моделін құруға бағытталуы тиіс.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өнеркәсіп қорымен және әкімдіктермен бірлесе, қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды іске асыру жұмысын күшейтіп, 3 ай мерзімде бекітілген тізімнің ішінен қаржы бөлінген жобалар санын 5 есеге арттыруы қажет. Өңір әкімдіктері қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі әрбір жобаға олар іске қосылғанша толық қолдау көрсетуі керек.

Экология, Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату саласындағы жобалардың тізбесін айқындауды тапсырды. Сәуір айында инвесторлар тарту үшін аукцион ұйымдастырылуы керек.

Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарды қолдау мен ынталандырудың нақты шараларын әзірлеуі қажет. Бұл көмір химиясы, құрылыс материалдарын жасау, жерде сирек кездесетін металдарды алу салаларында жаңа өндірістер құруға мүмкіндік береді.

Экология, өнеркәсіп, энергетика және цифрландыру министрліктерінің алдына коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару, мониторингтеу және бақылау саласында цифрлық шешімдерді әзірлеу міндеті қойылды.

Үкімет отырысында коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыс туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады.

Ол еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыру, сондай-ақ халықты қоқыс шығару қызметтерімен қамтуды арттыру көзделгенін атап өтті.

«Осы жоспардың индикаторларын декомпозициялау шеңберінде барлық өңірлерге жоспарлы көрсеткіштер белгіленді. Коммуналдық қалдықтар бойынша, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна түзіледі, 2024 жылғы қайта өңдеу жоспары 30% болса, нақты өңделгені шамамен – 26%. Еліміздің 20 өңірінен жоспарлы көрсеткішке 7 өңір қол жеткізбеді. Олардың ішінен: Ұлытау, Маңғыстау облыстары және Алматы қаласын ерекше атап өтемін. Біз бұл салада қалыптасқан жағдайды түзетуге мүмкіндік беретін бірқатар мәселелерді шешумен айналасып жатырмыз», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Министрдің айтуынша, негізгі себептің бірі – экономикалық тартымдылықтың төменділігі. 2021 жылы жаңа Экологиялық кодексті қабылдаған сәттен бастап әкімдіктер тұрмыстық қалдықтар тарифін қайта қарап, мәслихаттарда бекітуі тиіс болған. Бүгінгі күні еліміздегі 211 аудан мен қаланың 155-інде тарифтер қайта қаралды. Тарифтері қайта қаралмаған аудан мен қалалардың басым бөлігі – Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында.

Осыған байланысты, қолданыстағы тарифтер тиісті қызмет көрсету шығындарын өтемейді. Мысалы, Атырау қаласында әкімдік есептеген тариф мөлшері 527 теңге болса, мәслихаттардың халық мүддесін ескере отырып, бекіткені – 379 теңге.

«Бұл мәселені мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы шешу жоспарлануда. Онда тұрмыстық қалдықтар үшін шекті, яғни экономикалық тартымды тарифті бекіту көзделуде. Жеке серіктес ағымдағы және шекті тарифтің айырмасын утильтөлем есебінен алатын болады. Тиімділікті арттыру мақсатында біз шекті тарифтерді бекітуді әкімдіктер құзіретіне береміз. Заңнамаға тиісті түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», – деді министр.

Бұған қоса, Министрлік мәселені жүйелі шешу мақсатында тұрмыстық қалдықтар тарифін 3 жылда кемінде бір рет қайта қарау кезеңділігі бойынша Кодекске түзетулерді әзірледі.

Өткен жылдан бастап Министрлік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру мақсатында «ЕсoQolday» бағдарламасын қайта іске қосты. Биыл осы төлемдерге 9,2 млрд теңге қарастырылды.

«Мысалы, полимер қалдықтарының жиналған және қайта өңделген әр тоннасы үшін биыл төлемдер сомасы 71 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, біз қалдықтарды қайта өңдеудің меншікті жүйесі бар өндірушілер мен импорттаушыларды утильалым төлеуден босату талаптарын жеңілдеттік», – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Бақыт ТҰРАШ, сурет ҚР Үкіметінің сайтынан алынды