Өңір басшысы Қарасу ауданына барды

27 марта 2025 8:30 • 398 просмотров

Көктемгі су тасқыны – барынша дайындық пен барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын талап ететін маңызды сынақ. Жағдайды бақылау мақсатында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қарасу ауданына барып, су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы су өткізу құрылыстарын, қорғаныс бөгеттерін және ең осал учаскелерді аралады. Новоселов, Қарамырза және Октябрьский ауылдарындағы дайындық деңгейі бағаланды. Қарамырза ауылында ұзындығы 5 км болатын бөгет тексеріліп, оның тасқын судан қорғау қабілеті қаралды. Новоселов ауылында су бұру арнасының жағдайы және «Үлкен Чураков – Қарасу» облыстық маңызы бар жол учаскесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары назарға алынды.

Тімтуір өзеніндегі гидротехникалық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, өзендегі мұз штаттық режимде еріп, елді мекендерге қауіп төндірмейді. Тобыл өзенінде су тасқыны қаупі жоқ, су қоймалары су жинау режиміне көшті.

Су тасқынына қарсы шараларға құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, Семей қаласындағы 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта олар су өткізбейтін қаптарды дайындап, нығайту жұмыстарын жалғастыруда.

«Су тасқыны жағдайы бақылауда. Барлық шаралардың уақытында орындалуы маңызды, ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау бойынша жұмыстар жалғасуда, жауапты қызметтер толық дайындықта.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды