Қостанай облысында жолдарды су тасқынынан қорғайтын бөгет орнатылды.
Қостанай облыстық филиалының жолшылары «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының (211 км) және «Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы – Сарыкөл – Қостанай» автожолының (689–690 км) учаскелерінде су тасқынының алдын алатын маңызды іс-шаралар жүргізді.
Олар жолдарды су басудан қорғау мақсатында арнайы су толтырылатын бөгеттер орнатты.
«Су толтырылатын бөгет ұзындығы 25 метр, биіктігі 1,5 метр болатын су өткізбейтін берік материалдан жасалған арнайы қорғаныс құрылымы. Құрылым ішіндегі арнайы саңылаулар арқылы су немесе ауа толтырылғаннан кейін, ауыр әрі тұрақты қалыпқа келеді. Мұндай бөгеттер судың таралуына жол бермей, кедергі жасайды», – деп түсіндіреді мамандар.
Су тасқыны қаупі жойылғаннан кейін бөгет ішіндегі су немесе ауа шығарылып, құрылым жинақы күйде бүктеліп, келесі қолдануға дейін сақтауға қойылады.
Су толтырылатын бөгеттердің негізгі артықшылығы – олардың мобильділігі мен орнатылу жылдамдығы. Оларды тасымалдау оңай арі су басу қаупі бар аумақтарға тез арада орнатуға болады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды