Жаңа зауыттың жобасы талқыланды

27 марта 2025 8:23 • 394 просмотров

Қостанай облысында өңір әкімі Құмар Ақсақалов пен WEINENGDA IMPORT AND EXPORT (HUBEI) CO., LTD компаниясының өкілдері арасында кездесу өтті. Қытай тарапынан компанияның вице-президенті Ли Шан Фин ханым қатысты. Келіссөздер барысында Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінде вагон жөндеу депосын салу мүмкіндігі талқыланды.

Болашақ нысан аумағында жүк вагондары мен локомотивтердің қосалқы бөлшектерін шығаратын үш цех, инженерлік машина құрастыратын бір цех, контейнерлер сақтау орталығы және қоймалар орналасады. Сондай-ақ қызметкерлер мен жұмысшылар жатақханасын, әкімшілік кеңсе салу да жобаға енгізілген. Бұл үшін Тобыл елді мекені аумағынан кем дегенде 171 гектар жер қажет. Газ, су, электр тартылып, кірме жолдар салынуы да керек. Егер жоба толық жүзеге асса, 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Облыс әкімі мұндай ауқымды өндіріс нысанын салу өңірге аса қажет жоба екенін алға тартты. Ол Қытай тарабының тең инвесторы, WEINENGDA IMPORT AND EXPORT (HUBEI) CO., LTD компаниясының вице-президенті Шан Фин ЛИ ханымға өңірдің басты экономикалық бағыттары туралы мәлімет бере өтті.

Құмар Ақсақалов Қостанай облысының үш негізгі бағытта дамып келе жатқанын атап өтті:

«Үш негізгі бағытты дамытуды көздейтін стратегиялық жоспарымыз бар. Біріншісі – Қостанай облысын машина жасау орталығына айналдыру. Екіншісі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді оң жолға қою. Үшіншіден, осы кезге дейін сыртқа шикізат күйінде экспортталып келген қара металлургияны өзімізде өңдейтін зауыт салу. Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін ірі жобалар қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек, КІА зауыты, жүк көліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт, локализация орталығы салыну үстінде. Осы салаларды тиімді дамыту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылым қажет. Егер жоба жүзеге асса, депо өңірдің теміржол тасымалы жүйесінде маңызды буынға айналып, жылжымалы құрамды жөндеу және қосалқы бөлшектер өндіру ісін жолға қоюға мүмкіндік берер еді. Сондықтан облысымыщ үшін сіздер ұсынып отырған жоба өте қажет. Есігіміз өздеріңіздей инвесторларға әрдайым ашық. Барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Бұл салаларды тиімді дамыту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылым қажет. Егер жоба жүзеге асса, вагон жөндеу депосы өңірдің теміржол жүйесінде маңызды буынға айналып, жылжымалы құрамды техникалық жөндеумен қатар, теміржол көлігіне арналған қосалқы бөлшектерді өндіруді қамтамасыз ететін болады.

Қостанай облысы өз индустриялық әлеуетін нығайтып, стратегиялық маңызы бар жобаларға инвесторларды белсенді түрде тартуды жалғастыруда. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық мәселелері талқылану үстінде, ықтимал әріптестіктің шарттарын егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшылығы жаңа жұмыс орындарын құратын, облыс экономикасын нығайтып, оның инвестициялық тартымдылығын арттыратын заманауи өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға мүдделі.

Қазақстан тарабының тең инвесторы, «Tulpar Rail Technologies› ЖШС директоры Мырзахмет Абылғазиев өндіріс нысанының экономикалық тиімділігі, цехтар қызметі, шығарылатын вагон бөлшектері және басқа да негізгі жоспарлар туралы кеңінен ақпарат берді.

«Алдын ала құрылып отырған жоспар бойынша, жобаны 2025–2026 жылдары жүзеге асыру көзделеді. Өнімдердің сапасы жоғары болуы үшін заманауи технология мен құрылғы-жабдықтар енгізіледі. Қосалқы бөлшектер мен өнімдерді сақтайтын қоймалардың қуаттылығы да логистикалық операцияларды жүргізуді жеңілдете түседі. Бұл, әлбетте, сіздердің экономикалық дамуларыңызға зор серпін. Жобаны іске асыру қолға алынғанда, бастапқыда 10 млн доллардан артық қаржы құйылады. Тағы бір айта кетерлігі, қажетті өнім толығымен осы өндіріс орнында шығарылмақ», – деп атап өтті Қазақстан тарабының тең инвесторы, «Tulpar Rail Technologies› ЖШС директоры Мырзахмет Абылғазиев.

Вагон жөндеу депосы Тобылдан бөлек Қазақстанның тағы үш өңірінде салынады. Атап айтқанда, Ақтауда (25 млн $), Арыста (35 млн $) және Достық (15 млн $) елді мекенінде пайда болмақ. Ең көп қаржы – 38,5 млн доллар – Қостанай облысына бағытталғалы отыр. Қос тарапты келіссөз барысында жобаны іске асыру тетіктері әлі де жан-жақты пысықталады.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды