Облыс көлемінде сенбілік өтті

10 апреля 2025 8:15 • 396 просмотров

Қостанайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында алғашқы көктемгі сенбілік өтті. Бұл бастама қаланың маңызды қоғамдық кеңістіктерінің бірі – Орталық саябақтан басталды.

Өткен жылы бұл жерде абаттандыру жұмыстары жүргізілді, ал биылғы күзде саябақта 18 жаңа аттракцион орнатылады. Ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды демалыс аймағына айналады.

Осы бастаманың аясында өткен алғашқы сенбілікке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен қала әкімі Марат Жүндібаев арнайы қатысты. Олар қала тұрғындарымен бірге шаһар аумағын тазартуға атсалысып, экологиялық мәдениеттің маңызын насихаттады.

Аймақ басшысының айтуынша, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасады. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, өңірде 165 мың көшет отырғызылады, 1200 көшеге 15 мыңнан астам шам орнатылады. Сонымен қатар, 135 балалар және спорт алаңы салынады, 75 әлеуметтік нысан іске қосылады.

Биыл облыста бір ғана саябақтарды абаттандырудың өзіне 5,5 млрд теңге бөлініп отыр.

«Экологиялық сауаттылық – еліміз ұстанған саясаттардың негізгі бағыттардың бірі. Қоршаған ортаға күтіммен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру – алдымызда тұрған міндет. Мемлекет басшысы мұны әр азамат пен халқымыздың күнделікті өмір салтына айналуы керегін айтқан еді. «Таза Қазақстан» облысымызда кешенді іске асырылып жатыр. Елді мекендерді абаттандырып, сәулеттік келбетін жақсарту, қараусыз қалған ғимараттар мен үй-жайларды реставрациялау, қалпына келтіру шаруасына былтыр кірістік. Биыл бұл мақсатқа 16,8 млрд теңге көзделген. Өсім – 50 пайыз», – дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Былтыр облыста 327 қоғамдық нысан, атап айтқанда, саябақтар мен скверлер абаттандырылған. 148 мың жасыл желек егілді. 16 мыңнан астам шам, 5,5 мың баған орнатылды. 174 елді мекенде 670 көше жарықтандырылды. Елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңарту жоспары аясында ескі ғимараттар жаңа баспанаға айналып, ел игілігіне беріле бастаған.

«Таза Қазақстан» айлығы аясында мұндай сенбіліктер облыстың барлық аудандарында өтеді. Жоспарға сәйкес, өзен-көл жағалауларын, саябақтарды, көпшілік орындарды тазалау жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, ағаш отырғызу, эко-сабақтар өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған. Бұл бастама өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

«Бір ғана Рудныйда инвесторлар есебінен 11 үй қалпына келтіріліп, 500-ге жуық отбасыға табыс етілді. Кеншілер қаласында иесі жоқ тағы жеті нысан тұрғын үйге айналмақ. Ал Арқалық қаласында бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасы ғимаратын Ы. Алтынсарин педагогикалық университетінің оқу корпусына айналдыру, сондай-ақ ескі әуежайды қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз», – деп толықтырды Құмар Ақсақалов.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов сөз алды.

«Құрылыс компаниялары санитарлық және экологиялық нормаларды қаперден тыс қалдырмауы керек. Мысалы, қалалық инфрақұрылымның жолдарын бүлдіру, ластауды тыюлары шарт. Мұндай деректер тыйылмай келеді. Сондықтан жауапты органдарға тиісті міндеттемелер жүктелуі деп есептейміз. Бұдан бөлек, белгіленбеген жерге қоқыс тастағандарға айыппұл төлету де қатаң, қағидалы түрде қолданылуы қажет. Бұл да қасақана ереже бұзушылықты мәжбүрлі түрде тоқтатуға ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді Берік Таңжарықов.

«Тазалық жиналған жерде емес, шашылмаған жерде». Ол осы ұстаным бойынша, бағдарлама аясында іске асатын жоспарлы жұмыстар туралы халықты ақпараттандыру барлық деңгейдегі әкімдіктерге міндеттелуі керек екенін айтады. Әсіресе, «Таза Қазақстан» идеясы тәлім-тәрбие көзі ретінде жас ұрпақ арасында кең насихатталғаны жөн.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкмі баспасөз қызметінің архивінен алынды