Үкімет Мемлекет басшысының биылғы наурыз айында Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасы аясында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Ұлттық құрылтайда айтылған ұтымды бастаманың бірі – Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура апаратын жол құрылысы. Мемлекет басшысы жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады деп, мұны тұтас өңірдің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба деп бағалады.
Қостанай облысында Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстыратын автожолын салу, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Көлік министрі Марат Қарабаев Қостанай облысында «Орталық – Батыс» автожолын салу жобасы бойынша дайындық барысын тексерді. Бүгінгі таңда жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды.
Қостанайға сапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Торғай арқылы Астана мен Ырғызға төте түсетін Орталық – Батыс автожолының құрылысы жоспар бойынша 2027 жылы басталуға тиіс. Бірақ ыңғайы келсе келер жылы-ақ қолға алынуы әбден мүмкін.

Қазір Астанадан Ырғызға дейінгі жолдың қашықтығы – 1 438 шақырым. Осы бағытқа Арқалық, Торғай арқылы өтетін төте жол 865 шақырым болады.
«Ұсынып отырған жобамыз бойынша жол Астанадан Жантекеге, одан Егіндікөлге барады. Әрі қарай Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандары арқылы Ырғызға барады. Екінші санатты, ені 9 метр болатын, екі жолақты жол саламыз», деді М. Қарабаев.
Орталық – Батыс төте жолының картасына сәйкес, Астанадан Жантекеге дейін 100 шақырым, бірінші санаттағы төрт жолақты жол салынады. Жантекеден Егіндікөл, Арқалыққа қарай дәл қазір жол жоқ. Сондықтан бұл бағытқа ұзындығы 241 шақырым болатын жаңа жол түседі. Арқалық пен Торғайды жалғап жатқан үшінші санатты жол екінші санатты болып қайта жөндеуден өтеді. Ені 7 метр жол 9 метрге дейін кеңейтіледі. Арқалық қаласы мен Амангелді, Торғай кенттерінің маңынан айналма жол түседі. Торғайдан әрі Ырғызға дейін де жол жоқ. Бұл екі аралыққа ұзындығы 193 шақырым жаңа жол салынады. Орталық – Батыс күре жолы Ақтөбе, Ақтау, Ресей, Қытай, Өзбекстанға кететін Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығады.
«Орталық – Батыс» жаңа бағыты Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарының шалғай аудандарындағы жол мәселесін шешеді. Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандары, Ақмола облысының Егіндікөл және Жарқайың аудандары, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Астана арасындағы жол қатынасы жақсарады. Бұл жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасына айтарлықтай әсер етеді.
Жалпы, автожол жобасын іске асыру әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізеді.
Қашықтық пен жол жүру уақыты қысқарады. Қазіргі уақытта Астанадан батыс аймақтарға дейінгі аралық «Астана – Атбасар – Есіл – Қостанай – Қарабұтақ – Ырғыз» бағыты 1 438 шақырымды құрайды. Жантеке, Егіндікөл, Арқалық және Торғай арқылы өтетін жаңа бағыт жолды 865 шақырымға дейін, ал қолданыстағы бағытты 560-тан астам шақырымға қысқартады. Көлік желісі 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Жол ені 8 метр болатын 2 жолақтан тұрады. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 3 мың автокөлікті құрайды.

Транзиттік әлеует айтарлықтай артады. Автожол Қазақстанның орталық өңірлерінен Транскаспий халықаралық көлік бағытына шығуды қамтамасыз етеді, Қазақстанның позициясын нығайтады әрі халықаралық тасымалдаудағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді.
Министрдің айтуынша, пайдалануға берілген соң бұл жол да ақылы жолға айналмақ.
«Бұл жерден мыңдаған шетелдік көлік өтеді. Транзиттік көліктер бізге ақы төлеуі керек. Қазір жергілікті халыққа арналған абонемент бар. Мысалы, Жангелдин ауданының ішінде жүретін жергілікті көліктер 1 АЕК, яғни бір жылға 3 932 теңге төлейді. Ауыр жүк көліктері бір шақырымға 55 теңге төлейді. Ақылы жолдан түскен ақша жолды күтіп ұстауға, жол бойында қызмет көрсететін нысандарды салуға бағытталады», деді М. Қарабаев.
Жоба авторларының айтуынша, Орталық пен Батысты жалғайтын күре жолдың үстімен тәулігіне 3 мың автокөлік өтеді. Бұл – осы жолдың бойында жатқан 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекеннің өркендеуіне, түкпірдегі өңірдің транзиттік әлеуетінің айтарлықтай артуына мүмкіндік сыйламақ.
Тағы бір маңызды жоба – қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары аяқталып жатқан Арқалық әуежайын қалпына келтіру.
Аталған жұмыс шеңберінде жалпы ауданы 3 200 м2 болатын, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті екі қабатты жаңа әуежай кешенін салу көзделіп отыр. Ұзындығы 2500 метр ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жөнделеді. Сондай-ақ аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтарды сатып алуға қаражат көзделген. Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын рейстерді іске қосу жоспарлануда. Әуежайдың құрылысы аңшылық туризмді дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.
Президент Құрылтайда «Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн» деген еді. Министрдің сөзінше, әуежай құрылысы биыл басталады. «Келесі жылы толық іске қосылады. Торғай халқы Арқалықтан Астана, Алматы, Қостанайға тікелей әуе жолымен қатынайды», деді Көлік министрі.
Жалпы ауданы – 3 200 шаршы метр, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсететін екіқабатты жаңа әуежай кешені салынады. Ұзындығы 2,5 мың метр ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жөнделеді. Аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар сатып алынып, Қостанай, Астана және Алматыға қолжетімді бағамен субсидияланатын рейстер іске қосылмақ.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер ҚР Үкіметінің сайтынан алынды