Бірлік, келісім және даму

17 апреля 2025 8:47 • 376 просмотров

Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген кеңесі өтті. Жиын ҚХА-ның ХХХIV сессиясына дайындық және ұйымның 30 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Кеңес отырысында облыстағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиынның маңыздылығын атап өтіп, ҚХА-ның 30 жылдығына арналған жоспарлар мен бастамалардың жүзеге асырылуын қадағалау қажеттігін айтты.

«»Этносаралық келісім, халық бірлігі – өңірдегі мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі. Біз көпұлтты мемлекетпіз.Тек біздің облыс аумағында оның дамуына лайықты үлес қосатын 50-ден астам түрлі этностардың өкілдері тұрады. Біздің әрқайсымыз әр тұрғынның әл-ауқаты, тұрақтылығы аймақтың экономикалық дамуына байланысты екенін анық түсінеміз. Облыс экономикасы оң нәтиже көрсетуде. Біз өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, металлургияда ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында өз позициямызды күшейтуді жалғастырамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіп секторында жеті жоба сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1400 жұмыс орны құрылып, инвестициялардың жалпы көлемі 126 млрд теңгеге жетті», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Қостанай облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастарды дамытуға елеулі үлес қоса отырып, жаңа бастамалар мен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев баяндап берді.

«Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ҚХА біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Тұрақтылық, толеранттылық пен келісімнің кепілі болды. Айта кету керек, Қостанай облысындағы барлық этномәдени бірлестіктер осы жылдар ішінде өздерін қоғамдық өмірге белсенді қатысушылар ретінде және сенімді серіктес тұрғысынан көрсете алды. Олар өздерінің мәдениетін сақтап қана қоймай, ағартушылық жұмыстарды да жүргізеді. Қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысып келеді. Өйткені, бұл біздің ортақ үйіміз. Қазақстан Республикасына деген патриотизм мен сүйіспеншілік біз үшін жай ғана сөз емес, нағыз іс. Жыл басында «Жомарт жан» орталығының жұмысын жандандырдық. Бүгінде орталық көмекке шын зәрулерге алтын ұя іспетті болып тұр. Кездесулер өткізу арқылы, олардың біздің қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуін қамтамысыз етеміз. Жақында Корей және Башқұрт орталықтарының қолдауымен «Аналар үйіне» теледидар алынды. Алғыс айту күні қарсаңында Федоров ауданындағы қарттар үйіне музыкалық-караоке жиынтығын алып бердік. Алдағы уақытта да осы орталықпен ынтымақтастықты дамыту жоспарымызда бар. Біз бірде-бір өтінішті назардан тыс қалдырмауға тырысамыз», – деді Әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Рафаил Гаджибаллаев.

Сондай-ақ, жиын барысында «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен облыстың түрлі этнос өкілдері марапатталды. Марапатқа этносаралық татулықты нығайтуға, қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге және облыстағы қоғамдық, мәени іс-шараларға үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Бақыт ТҰРАШ, суретті түсірген Бердіболат ҒАБДУЛЛИН