Қала көшелерін жөндеу басталды

24 апреля 2025 8:34 • 488 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығындағы жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында жұмыс қарқынына, мерзімдердің сақталуына және жөндеу сапасына ерекше назар аударылды. Биыл Қостанай қаласында 90 көше күрделі, орташа жөндеуден өтіп, 50 шақты аула абаттандырылады. Аталған жұмыстарға қомақты қаржы бөлініп отыр

2025 жылы Қостанайда жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 91 көше жөнделеді. Оның ішінде үш көше толық реконструкциядан өтеді. Жөндеу жұмыстары қолайлы ауа райымен бірге басталып кетті.

Қазірдің өзінде облыс орталығының Сьянов, Гоголь, Рабочий көшелерінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мысалы, Сьянов көшесінің ені 14 метрге дейін кеңейтіліп, инженерлік коммуникацияның бәрі бастан-аяқ жаңартылады. Жаңа төсемтастар төселіп, жаяу жүргіншілерге арналған жиекжолдар жөнделеді.

— Биыл жол жөндеуге 9 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сол себепті, ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылып отыр. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру бағдарламасы аясында 49 аула жөнделетін болады., – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сьянов көшесінің құрылыс жұмыстарын «Арвис» ЖШС жүргізіп жатыр.

— Жобаның құны 1,6 млрд теңгеден асады. Жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыс үш жерде бірдей жүріп жатыр. Екі апта шамасында Тәуелсіздік көшесіне дейінгі учаскені жаңа жол төсеуге әзірлеп бітеміз. Қаржы жеткілікті, техника мен жұмыс күші сақадай сай. Әзірге ешқандай қолбайлау жоқ», дейді мердігер Владимир Аветисян.

Негізгі нысандардың қатарында Сьянова, Қайырбеков, Назарбаев, Баймағамбетов, Гоголь, Мәуленов, Герасимов, Маяковский, Әл-Фараби, Перронная көшелері және басқалары бар.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтау маңызды.

— Бірінші кезекте сапалы жол жабындысын қамтамасыз ету қажет. Қала көшелерінде шұңқырлар болмауы тиіс, ал жұмыстар тұрғындардың күткен талабына сай жүргізілуі керек. Жөндеу жұмыстарының орындалуы тұрақты бақылауда болады, – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Тақырыпқа сай айта кетейік, облыста жол жөндеу жұмыстары қарқынды басталды. Оған Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін жоба туралы айтқаны дәлел. Президент Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауға тапсырма бергені мәлім.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Торғай арқылы Астана мен Ырғызға төте түсетін Орталық – Батыс автожолының құрылысы жоспар бойынша 2027 жылы басталуға тиіс. Бірақ ыңғайы келсе келер жылы-ақ қолға алынуы әбден мүмкін. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады.

— Ұсынып отырған жобамыз бойынша жол Астанадан Жантекеге, одан Егіндікөлге барады. Әрі қарай Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандары арқылы Ырғызға барады. Екінші санатты, ені 9 метр болатын, екі жолақты жол саламыз, – деді Көлік министрі М. Қарабаев.

Орталық – Батыс төте жолының картасына сәйкес, Астанадан Жантекеге дейін 100 шақырым, бірінші санаттағы төрт жолақты жол салынады. Жантекеден Егіндікөл, Арқалыққа қарай дәл қазір жол жоқ. Сондықтан бұл бағытқа ұзындығы 241 шақырым болатын жаңа жол түседі. Арқалық пен Торғайды жалғап жатқан үшінші санатты жол екінші санатты болып қайта жөндеуден өтеді. Ені 7 метр жол 9 метрге дейін кеңейтіледі.

Арқалық қаласы мен Амангелді, Торғай кенттерінің маңынан айналма жол түседі. Торғайдан әрі Ырғызға дейін де жол жоқ. Бұл екі аралыққа ұзындығы 193 шақырым жаңа жол салынады. Орталық – Батыс күре жолы Ақтөбе, Ақтау, Ресей, Қытай, Өзбекстанға кететін Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне тікелей шығады.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды