Бағдарлама сәтті жүзеге асуда

24 апреля 2025 8:44 • 510 просмотров

Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы Рудныйда да белсенді жүргізілуде. Бұл бағдарлама абаттандыру мен экологияға деген көзқарасы өзгертуде. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеншілер қаласына жасаған жұмыс сапары барысында негізгі мақсат – көшелерде, аулаларда, демалыс аймақтарында және әр адамның өз орнында тәртіп орнату екенін айтады.

Рудный қаласының бюджеті 89 млрд теңгеге дейін өсті – бұл екі жыл бұрыңғыдан үштен бір бөлікке көп. Сондай-ақ, 6,5 млрд теңге жол жөндеуге бағытталады. Нәтижесінде Горняков, Топорков, Молодая Гвардия, Свердлов көшелері жөнделеді. Тротуарларға бөлінетін қаржы 2 есе артты, 9 тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын жөндеуге 700 млн теңге бөлінді.

«Жыл соңына дейін көшелердің 100%-ы көше шамдарымен жарықтандырылады

2 500 ағаш отырғызылады. Бос жатқан жер телімдерінде шағын саябақтар мен спорт алаңдары салынады. Жарнамалық конструкциялар ретке келтіріледі. Қаланың әр учаскесіне жауапты адам бекітілді. Стихиялық қоқыс үйінділері мен көлемді қалдықтарды шығару мәселесі шешіліп жатыр. Экологиялық мәдениет есеппен емес, қарапайым істермен басталады: таза ауладан, күтілген көшеден, жұмыс орнындағы жауапкершіліктен. Бұл – күн сайын ескерусіз атқарылатын жұмыс», – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы қаланың абаттандыруға қатысты әр саласына жеке тоқталды. Қала облыстың ірі тау-кен аймағы болып саналады. Сол себепті, заманауи, жайлы және өмір сүру үшін таза болуы керек дегенді айтты облыс әкімі.

«Кен бюджеті жыл сайын өсіп келеді. Соңғы екі жылда ол үштен біріне өсті. 2023 жылғы 67,5 млрд теңгеден биылғы жылға дейін 89 млрд теңгеге дейін жетті. Қалалық инфрақұрылымды жақсартуға биыл 9,3 млрд теңге бағытталып отыр, өсім 1,6 есе. Тек автожол саласына 6,5 млрд теңге бағыттаймыз, өсім 50% жуық. Былтыр 4,5 млрд болатын. Осы жылы қаланың сыртқы келбетін жақсарту үшін тоғыз үйдің қасбеттері мен шатырларын жөндеуге 700 млн теңге бөлінді, бұл жерде де үш есе өсім бар. Менің атыма қаладағы кейбір көшелер мен кварталдарды жарықтандырудың жоқтығы туралы өтініштер келіп түсуде. Жыл соңына дейін қала әкімдігіне көшелерді жарықтандырумен 100% қамтуды қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Құмар Ақсақалов.

Ары қарай Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко баяндама жасады. Шаһар басшысының сөзінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы екі бағытта іске асырылып жатыр екен. Бірі тұрғындардың, қоғамдық ұйымдар мен жеке кәсіпорындардың өкілдері тартылса, екінші бағытта бюджет қаражатын тарта отырып, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері атсалысуда.

«Осы жылдың 27 наурызы мен 10 сәуір аралығында аумақты абаттандыру және санитарлық тазарту жөніндегі көктемгі айлығы шеңберінде 12 жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Оған 39 874 адам, оның ішінде кәсіпорындар, мекемелер қызметкерлері және белсенді азаматтар қатысты. Аумақты жинау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару ісіне 398 түрлі меншік нысанындағы ұйымдар, 130 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, он екі рұқсат етілмеген қоқыс полигоны жойылды», – деді Виктор Ионенко.

Қаланы көгалдандыру жұмыстары да қарқын алады. Биыл облыстың елді мекендерінде 52,7 мың ағаш отырғызылса, оның 2,5 мыңнан астамы Рудный қаласында егіледі.

«Қаланы санитарлық тазарту мен көгалдандыруға тек ұйымдар мен кәсіпорындар ғана емес, сонымен қатар қарапайым азаматтар да үлес қосуда. Осындай жанның бірі Ғабдолла Ахметжановты ерекше атап өтуге болады. Ол өз қаржысына 600-ден астам ағаш көшеттерін сатып алып, қала бойынша егіп шықты. Жастарға үлгі боларлық әрі, құрметке лайық іс атқарды», – деді қала әкімі.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов учаскелік инспекторлар абаттандыру ережесін бұзуға жол бермеуі керек дейді. Бұл тұрғыда заң шеңберінде нақты шара болданылуы қажет. Кеңесте осы мәселе бойынша Рудный қаласы полиция басқармасының бастығы Ерлан Рахимов баяндама жасады.

«Абаттандыру ережелерін бұғаны үшін халыққа құқықтық жауапкершілік туралы түсіндіру үшін полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар және БАҚ өкілдері арасынан тоғыз мобильді топ құрылды. Өткен жылы 785 рейдтік іс-шара жүргізілсе, биыл жетпіз сегіз рейд болды. Былтыр 1143 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал осы жылы 298 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тек абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін биыл жүз алпыс төрт құқық бұзушы ұсталды», – деді Ерлан Рахимов.

Ауқымды жұмыстардың дені Қашар кентінде іске аспақ. Кент әкімі Мадина Райымбекова кенттегі абаттандыру жұмыстарының бір парасына тоқталды. Биыл бұл бағытқа 544,2 млн теңге бөлінген.

«Бұл қаражатқа көшелерді жөндеу, балалар алаңдарын күтіп ұстау, көгалдандыру, жарықтандыру және санитарлық тазалау сияқты бірқатар жұмыстар атқарылады. Облыстық бюджеттен бөлінген 409,4 млн теңгеге 4,422 км кенттік көшелерді орташа жөндеуден өткізу жоспарланып, конкурс жарияланды. Бұл жұмыстар кент тұрғындарының көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Кент бюджетінен балалар, ойын және спорт алаңдарын күтіп ұстауға 7,5 млн теңге, төрт жүз тонна көлемдегі полигондарды жоюға 6,7 млн теңге қарастырылған. Жүз елу мың шаршы метр аумақты залалсыздандыруға алты млн теңге, ал жүз гектар жердің шөбін шабуға 12,5 млн теңге бөлінді», – дейді кент әкімі.

Гүл отырғызу жұмыстарына бес млн теңге бөлінген. Нәтижесінде, 6 мың дана гүл егіледі. Ал көлік тұрақтарын істеуге 7,8 млн теңге жұмсалмақ. Мердігер «ЖаңаӨмір» ЖШС кент көшелерін қысқы және жазғы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін 48,3 млн теңге алады. Бұған қысқы күтіп ұстау (10,4 млн теңге), қар шығару (7,2 млн теңге) және қаңтар-ақпан айларындағы қар күреу жұмыстары (9,3 млн теңге) кіреді.

«Кент көшелерін жарықтандыруға 28,5 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 35 тірек және 42 шам орнатылады, электр желілері жөнделіп, елу бір шам ауыстырылады. Электр энергиясына төлеу үшін 16,5 млн теңге қарастырылған. Санитарлық тазалау жұмыстарына 6,8 млн теңге жұмсалады. Әлеуметтік серіктестер «Қашары Руда» АҚ, «ЖаңаӨмір 2012» ЖШС, жергілікті кәсіпкерлер кентті көгалдандыруға, гүл отырғызуға елу үш млн теңгеден астам қаржы бөлуде. «Қашары Руда» АҚ үш жүз қарағайды күтіп-баптаумен айналысады, су бұру және су өткізу құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізді. «ЖаңаӨмір 2012» ЖШС бес жарықтандыру тірегі мен төрт жарықшам орнатады, сондай-ақ, 3,1 млн теңгеге қоқыс шығарады және 2,4 млн теңгеге жүз тонна санкцияланбаған қоқысты жояды. «Рудный қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы» бұталарды кесіп, көгалдарды абаттандырады. «PRIME KONSTRUCTIONS» ЖШС 3,1 млн теңгеге үш жүз метрлік газон қоршауын орнатады. Жол қауіпсіздігін арттыру үшін проекциялық жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылды. Жалпы, Қашар кентінде абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп, кент тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», – деп түйіндеді кент әкімі Мадина Райымбекова.

Рудный индустриалдық университеті экологиялық білім беру мен тұрақты даму бағытындағы жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Университет ғалымдары мен студенттері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды іске асыруға атсалысып, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосуда.

«РИУ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да ерекше көңіл бөледі. Бельгия, Финляндия, Қытай, Чехия және басқа да елдердің университеттерімен байланыс орнатылып, тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда РИУ Набережные Челны қаласындағы Қазан федералды университетінің (ҚФУ) ғалымдарымен бірлесіп, жасанды интеллект жүйелері мен нейрондық желілерді пайдалану арқылы экологиялық жағдайды жақсарту жобасын талқылауда. Бұл жоба қоршаған ортаны мониторингілеу, ластану көздерін анықтау және тиімді шешімдер қабылдау үшін заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, РИУ Мәскеу энергетикалық университетімен бірлесіп, энергия тұтынуды азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу жобасын іске асыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл бастама энергия тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды азайтуға және тұрақты энергия көздерін дамытуға бағытталған», – дейді РИУ Ректоры Нұрбек Сапарходжаев.

Оқу орында экологиялық мәдениетті дамытуға кешенді тәсіл қолданылады. Студенттерге қоршаған ортаның құндылығын түсіну, табиғатты қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты қағидаттар бойынша білім беріледі. Экологиялық жауапкершілік болашақ инженерлерді даярлаудың ажырамас бөлігі. Осылайша, Рудный индустриалдық университеті қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы заманауи білім беру орталығына айналуда. Университет ғалымдары мен студенттерінің белсенділігі экологиялық мәселелерді шешуге және болашақ ұрпақ үшін таза қоршаған ортаны сақтауға септігін тигізеді.

Өңір басшысы кеңес соңында әр тұрғын бұл бағдарламаға атсалысуы қажет екенін айтты. Тазалық пен тәртіп бір күндік мәселе емес және тек коммуналдық қызметтердің міндетіне жатпайтынын атап өтті.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды