Қостанай облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Биыл өңірде 105 мыңға жуық оқушының жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 232,9 млн қаражат қарастырылған. Оған қоса демеушілер, кәсіподақ және ата-аналар да қол ұшын беруге ниетті.
Қостанай облысында 2024–2025 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл мектепті 4 752 түлек бітіреді – бұл өткен жылмен салыстырғанда көбірек. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға ниетті түлектердің үлесі де артып отыр.
Білім басқармасының мәліметінше, биыл түлектердің 80%-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Мұндай көрсеткіш жастардың отандық жоғары оқу орындарында білім алуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
— Жекелеген санаттағы 37,8 мың баланы жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Биыл қала сыртындағы лагерьлер желісі – 12 нысан, оның 9-ы – мемлекеттік және үшеуі – жекеменшік. Олар Арқалық қаласындағы «Строитель», Алтынсарин ауданындағы «Болашақ», және «Светофор» лагерлері. Онда сегіз мыңнан астам баланы демалдыру жоспарлануда. Бәкіров атындағы, «Лесная сказка» және «Алтынгүл» демалыс базаларында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған интернат ұйымдарының тәрбиеленушілері демалады. Қалғандарында әр лагерьдің мүмкіндігін ескере отырып, 3-тен 6-ға дейін ауысым өткізу жоспарлануда, – деді блыстық білім басқармасының басшысы Айман Ибраева.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов барлық жауапты тұлғаларға лагерьлердің ашылуына дайындық іс-шараларын қысқа мерзімде аяқтауды, ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді тапсырды. Және жазғы науқан барысында барлық нормалар мен ережелердің сақталуына жүйелі мониторинг ұйымдастыру қажеттігін айтты.
— Әрбір нәтиженің артында – баланың және мұғалімнің еңбегі тұр. Біз бұл еңбекті бағалап қана қоймай, оны қолдауға міндеттіміз. Осыған байланысты өңірде емтихан алдындағы кезеңде қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру шаралары қабылданып жатыр. Оқушылардың ынтасын арттыру мен психологиялық қолдау көрсетуге ерекше назар аударылуда. Бала емтиханға алаңдаумен емес, жанында қолдау көрсететін ересектер бар екенін сезініп, сенімділікпен келуі керек, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, ҰБТ өткізу кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне де баса мән беріліп отыр.
— ҰБТ кезіндегі қауіпсіздік пен тәртіп – бұл біздің тікелей жауапкершілігіміз. Мұнда ұсақ-түйек деген болмауы тиіс, – деп толықтырды Құмар Ақсақалов.
Қалалар мен аудандар әкімдеріне түлектерді емтихан тапсыру пункттеріне жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Білім басқармасымен, денсаулық сақтау саласымен және Полиция департаментімен бірлесе отырып, тестілеу өтетін жерлерде медицина қызметкерлері, психологтар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік етеді.
Балалардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуы – тәрбиелік жұмыстың маңызды бөлігі
Келесі басым бағыт – оқушылардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру. Мемлекет басшысы өз тапсырмаларында жазғы демалыстың сапасын, қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығына бірнеше рет назар аударған болатын.
«Жазғы демалыс – бұл жай ғана каникул емес. Бұл – тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі, баланың дамуы мен күшін қалпына келтіру мүмкіндігі», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
2025 жылы Қостанай облысында сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларымен 105 мыңнан астам бала қамтылады – бұл жалпы санның 98,6%-ын құрайды. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылып, олар үшін тегін және сапалы демалыс ұйымдастырылады.
Жаз мезгілінде өңірде 12 загородтық және 773 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұрын пайдаланылмаған нысандарды қалпына келтіру үшін инвесторлар тарту жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Меңдіқара ауданындағы «Солнечный» лагерін аукционға шығару үшін құжаттарды дайындау аяқталуда. Бұл нысанға әлеуетті инвестор ретінде «Аллюр» зауыты қызығушылық танытуда.
«Бұрын лагерлер – балалар жазын өткізуге армандайтын орын еді. Біз осы мағынаны қайтарғымыз келеді», – деді өңір басшысы.
Жазғы сауықтыру науқаны барысында қауіпсіздік мәселелері әрдайым басты назарда болады. Бұл санитарлық-эпидемиологиялық талаптардан бастап, өрт қауіпсіздігі нормаларына, аумақты қорғауға және персоналдың біліктілігіне дейінгі барлық аспектілерді қамтиды.
«Жүйе ата-ананың кез келгені баласының қауіпсіз екеніне сенімді болатындай құрылуы тиіс», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында лагерлерде кәсіби бағдар беру жұмысы күшейтіледі. Жазғы демалыс жоспарына өңір кәсіпорындарына, соның ішінде облыс орталығының Индустриялық аймағына экскурсиялар енгізілген.
«Бала өз көзімен заманауи өндірістің қалай жұмыс істейтінін көрген кезде, оның бойында қызығушылық пен арман пайда болады. Бұл кез келген дәрістен маңыздырақ», – дейді облыс әкімі.
— Жаздың күндері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Шомылу маусымы басталар алдында облыс әкімінің қаулысымен бекітілген 26 шомылу орны бар. Оның 8 – і, коммуналдық, 18 – жеке жағажайлар. ТЖД сүңгуірлері осы айда 3 балалар сауықтыру лагері акваториясының түбін тексеруді жоспарлаған. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аймақтың білім беру ұйымдары оқу жылы ішінде қауіпсіздік ережелерін оқыту бойынша түрлі іс-шаралар өткізеді. Жыл сайын шомылу маусымы басталар алдында білім басқармасы осы бұйрықтың орындалуын одан әрі пысықтай отырып, шомылу маусымы кезінде шараларды күшейту туралы бұйрық шығарады. Облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің бассейндерінде балаларды жүзуге оқыту жүргізіледі, ТЖД мамандарымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырамыз, – деді А. Ибраева.
Төтенше жағдайлар қызметімен, санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен, полициямен және медициналық мекемелермен ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою тапсырылды. Сонымен қатар, ата-аналар мен балалар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ақпараттық-ағарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан және қала әкімдеріне – демалыс өтетін жерлерде абаттандыру жұмыстарын аяқтап, ойын және спорт алаңдарын орнату тапсырылды.
«Біздің ортақ міндетіміз – балалар өзін қауіпсіз сезінетін, пайдалы істерге араласатын жазды ұйымдастыру», – деп қорытындылады Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды