Қауіпсіз жаз – қоғам мүддесі

5 июня 2025 8:37 • 150 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдің өрт қаупі жоғары кезеңге және шомылу маусымына дайындығы қаралды. Басты назарда – азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелері болды.

Өрт қауіпті кезең: алаңдатарлық деректер мен нақты шаралар туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дәмір Ермағамбетов баяндады.

Жаздың аптап ыстығымен өңірде өрт оқиғалары күрт көбейді. Жыл басынан бері 222 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың қатарында Жітіқара, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарындағы 3 орман өрті, сондай-ақ Б. Майлин ауданындағы 1 дала өрті бар.

«Өрт өздігінен шықпайды – 90% жағдайда бұл адам немқұрайлылығының салдары. Әр адам өз әрекетінің салдарын түсінуі керек. Бір тасталған темекі тұқылы табиғат пен адамдар үшін апатқа айналуы мүмкін», – деді Құмар Ақсақалов.

Жыл басынан бері 132 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 16-сы – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша. Салынған айыппұлдардың 95%-ы өндірілді, ал келтірілген шығын бойынша талап-арыздардың 35%-ы өтелді. Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмысы жалғасады.

Материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. Соңғы екі жылда орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілді. Биыл техника сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінді. 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын орман-өрт сөндіру кешені сатып алынбақ. Бұл техникамен жабдықтау деңгейін 76%-дан 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Автожолдардың бойындағы қорғаныш орман алқаптарына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыста олардың ұзындығы 1000 км-ден асады. Оларды ұстау мен өрт қауіпсіздігі шараларын жол иелері қамтамасыз етуі тиіс.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың сабан мен сабақты өртеу тәртібіне тоқталды. Бұданг да келетін қауіп аз емес. Облыс әкімі егіс алқаптарында сабан мен сабақты өртеу әлі де жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдірді:

«Бұл тек өрт қаупі емес, бұл – топыраққа қарсы жасалған қылмыс. Гумус жанады, құнарлы жоғарғы қабат жойылады. Мұндай палдарды заңмен тыйым салу мәселесін қарау керек», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік мәселесі көтерілді. Облыс аумағында шомылуға 26 ресми орын белгіленген (оның ішінде 8 коммуналдық және 18 жеке жағажай). Алайда шомылушылар 230-дан астам бейберекет жерде шомылады. Бұл судағы оқыс оқиғалардың негізгі себебі.

«Қайғылы оқиғалардың 95%-ы жабдықталмаған жағажайларда орын алады. Биылдың өзінде алғашқы оқыс жағдайлар тіркелді. Ата-аналар балаларды бақылаусыз қалдырмауы керек», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін шомылу маусымы басталғалы бері 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал былтыр маусым қорытындысымен 45 адамға жалпы сомасы 646 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қауіпсіздік шаралары сапалы болу үшін құтқару қызметтеріне қолдау қажет. Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында былтыр 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Батпақта жүретін көліктер, квадроциклдер, құтқару қайықтары сатып алынды. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы Тобыл өзені жағалауындағы құтқару станциясы күрделі жөндеуден өтті.

2024 жылы ТЖД бөлімшелері 1500-ден астам адамды құтқарды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46%-ға көп.

Облыс әкімі келесі нақты тапсырмалар мен міндеттерді жүктеді.

— Қала және аудан әкімдіктеріне өртке қарсы іс-шараларды бақылауды күшейту қажет. Қорғаныш жыртуларды ұйымдастыруды жеке бақылауға алыңдар. Қосымша қауіпсіз шомылу орындарын ертерек қамтамасыз ету керек. Су айдындары маңында рейдтер мен патрульдер жүргізілсін. Құтқарушыларды оқытып, жағажай түбін тексеру ұажет. Халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтіңдер. Өрт – бұл жай ғана от емес. Бұл адамдарға, табиғатқа және экономикаға келген зиян. Біз барлық қауіп-қатерді азайтуға міндеттіміз. Бұл судағы демалысқа да қатысты. Қауіпсіз жаз – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды