Қостанай қаласында өңірдің тамақ өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Баян Сұлу» АҚ-ның жаңа технологиялық «Кондитерлік астана» кешені іске қосылды. Бұл туралы кәсіпорын өкілдері мәлімдеді.
Кондитерлік компания өкілдерінің айтуынша, жоспарланған кеңейту және қосымша өндірістік желілерді орнату есебінен инвестицияның жалпы көлемі 14,6 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Жобаның іске асырылуы кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, облыстың тамақ өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін береді.
«„Кондитерлік астана» жобасын іске асыру – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындаудағы маңызды қадам. Облыс үшін өз шикізатымызды барынша пайдалану, терең өңдеуді дамыту, жұмыс орындарын құру және қосылған құны жоғары өнім шығару аса маңызды. Мұндай жобалар өңір экономикасын, оның өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайтады», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл Қостанай қаласында қуаттылығы жылына 40 мың тоннадан асатын макарон өнімдерін өндіретін зауыт іске қосылады. Лисаковск қаласында қуаттылығы 350 мың тонна болатын май экстракциялау зауыты салынуда. Алдағы уақытта Рудный қаласында қуаттылығы 415 мың тонна болатын астықты терең өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
«Биоэтанол өндіру тұрақты авиациялық отынды (SAF) шығару үшін шикізат базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оны өндіруді де Қостанай облысында ұйымдастыру жоспарланып отыр. Б. Майлин ауданында майлы дақылдарды сақтау және өңдеу бойынша қуаттылығы 300 мың тонна болатын кешен салынуда. Осылайша, тек астықты өңдеу бойынша өндірістік қуаттар шамамен 1 млн тоннаға артып, жылына 3 млн тоннаға жуықтайды», – деп атап өтті облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Кәсіпорынның мәліметінше, негізгі басымдық бисквит өнімдері мен печенье шығаруға беріліп отыр. Сонымен қатар кәсіпорын қазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттырады. Бұдан өндіріс саласы ғана емес, өңірдің аграрлық секторы да ұтады.
«„Баян Сұлу» АҚ-ның жаңа кешені кәсіпорынның кондитерлік өнім өндіру қуатын жылына 16,6 мың тоннаға арттырады. Жобалық қуатқа шыққаннан кейін жалпы өндіріс көлемі жылына 70 мың тоннаға жетеді. Сол кезде Қостанай облысы кондитерлік өнім өндіру көлемі бойынша елімізде көшбасшы өңірлердің біріне айналады», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Компания өкілдері атап өткендей, бұл отандық нарық үшін аса маңызды. Кондитерлік өнімдер сегментінде импорттың үлесі әлі де айтарлықтай. Өндірістік қуаттардың артуы «Баян Сұлуға» қазақстандық өнім көлемін көбейтуге, ассортиментті кеңейтуге және отандық өндірушілердің нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба 260 жаңа жұмыс орнын құрады. Алайда оның өңір экономикасына әсері бұдан да ауқымды: шикізатты өңдеу көлемі артады, жаңа іскерлік байланыстар қалыптасады, экспортты ұлғайтуға және өндірістік секторды одан әрі дамытуға мүмкіндік пайда болады.
Қосымша өндірістік қуаттар экспорт көлемін арттыруға да жағдай жасайды. Осылайша, бір инвестициялық жоба бірден бірнеше міндетті – өндіріс көлемін ұлғайтуды, отандық шикізатты өңдеуді, жұмыспен қамтуды және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды біріктіреді.
«Өндірістік қуаттарды кеңейту – бұл тек өндіріске салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар компанияның сапа мен дәстүрдің символы ретіндегі брендін нығайтуға жасалған қадам. Біз тұтынушыларымызға өздері жақсы көретін тәттілердің одан да көп түрін ұсынуға ұмтыламыз», – деді «Баян Сұлу» АҚ басқарма төрағасы – президенті Тимур Садықов.
Оның айтуынша, «Кондитерлік астананың» іске қосылуы – бұл бір кәсіпорынның өндірісін кеңейту ғана емес, сонымен қатар өңір экономикасын әртараптандырудағы маңызды қадам.
Қостанай облысы үшін бұл жоба жаңа өндірістік қуаттарды, жұмыс орындарын және отандық шикізатты тереңірек өңдеуді білдіреді. Яғни бұл – өңір экономикасының дамуына тікелей әсер ететін нақты нәтижелер.
«Баян Сұлу» компаниясының мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыстар қазірдің өзінде нақты нәтиже беруде: бүгінде Қостанай облысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі бойынша елімізде бірінші орында тұр.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды