Қостанай командасы бразилиялық джиу-джитсудан өткен халықаралық чемпионатта 19 медаль жеңіп алып, үздік ондыққа енді. Өңір спортшыларының бұл жетістігі Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортының дамып келе жатқанының тағы бір айғағы болды. Бұл бағытта спорт клубтары, жаттықтырушылар ұжымы және бизнестің қолдауы маңызды рөл атқарады.
Компанияның мәліметінше, 9–11 қазан аралығында Қазан қаласында өткен бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионатына 51 команда қатысты. Қазақстан атынан сынға түскен спортшылардың қатарында Қостанай қаласындағы Vershina спорт клубының тәрбиеленушілері де болды. Турнир қорытындысы бойынша команда 7 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға ие болды.
Қостанайлық спортшылардың халықаралық турнирге қатысуына қазақстандық Allur автомобиль компаниясы қолдау көрсетті. Өндірістік кешені Қостанайда орналасқан кәсіпорын команданың Қазанға баруы үшін автобус ұсынды. Бұл қолдау клубтың халықаралық жарысқа қатысуына байланысты туындаған ұйымдастыру мәселелерінің бірін шешуге мүмкіндік берді.
«Әр жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Ол – айлар бойғы жаттығу, тәртіп және үнемі жақсаруға деген ұмтылыс. Бұл бізге, Allur компаниясына, ерекше жақын, өйткені біз де нәтижеге жету үшін қаншама күш-жігер қажет екенін жақсы білеміз. Қостанайдағы спорттық бастамаларды қолдап, балаларымыздың өз әлеуетін ашуына көмектесу біз үшін маңызды. Vershina командасының жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз және спортшыларға жаңа жеңістер тілейміз», – деді Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майконов.
Команда құрамында алты жастағы балалардан бастап ардагер спортшыларға дейінгі әртүрлі жас санатындағы 17 спортшы өнер көрсетті. Бұл клуб үшін осындай деңгейдегі халықаралық жарысқа қатысудағы алғашқы тәжірибе болды.
Автокөлік өндірушісінің мәліметінше, клубтың бірнеше өкілінің өнер көрсетуі ерекше көзге түсті. Әлихан Әбдіров Gi және No-Gi санаттарында екі алтын медаль жеңіп алды. Егор Малығын да екі алтын медальға қол жеткізді. Әмір Тлемис Ингушетиядан келген атақты қарсыласын жеңсе, бұған дейін әлем чемпионы атанған Мұратбек Қайрекен команда қоржынына қола медаль қосты.
Айта кетейік, табысты өнер көрсетудің алдында ұзақ дайындық кезеңі өтті. Спортшылар жаттығуды жаз айларынан бастаған. Дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі Ыстанбұлда өткен грэпплингтен Еуропа чемпионаты болды. Бұл жарыста қостанайлық спортшылар 5 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Нәтижесінде команда 75 команданың арасында алтыншы орынға тұрақтады.
Қазақстанда өңірлердегі спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Компания сілтеме жасаған Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, елімізде 1,8 миллионға жуық бала мен жасөспірім дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл олардың жалпы санының 34,6 пайызын құрайды. 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 45 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
2026 жылы елімізде балалар спортын қолдауға бағытталған жаңа шаралар да қабылданды. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қаржыландырудың жаңа моделі енгізіліп, бір тәрбиеленушіні даярлауға жұмсалатын шығындарды арттыру көзделді. Сонымен қатар 2026–2028 жылдары балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға 74 миллиард теңге қарастырылған.
Allur басшылығының пікірінше, мемлекеттік бағдарламалармен қатар өңірлік клубтар мен жеке бастамалар да спорттық ортаны дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар тұрақты жаттығуға, жас спортшыларды даярлауға және олардың елден тыс жерлерде өтетін жарыстарға қатысуына жағдай жасайды. Бизнестің қолдауы осы жұмыстарды толықтырып, халықаралық турнирлерге баруға байланысты ұйымдастыру мәселелерін шешуге көмектеседі.
Қостанайдағы Vershina клубын Алмат Джунусов басқарады. Спортшыларды Расул Ибрагимов пен Қуаныш Әбілов жаттықтырады.
Команда мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қараша айында қостанайлық спортшылар Абу-Дабиде өтетін джиу-джитсудан әлем чемпионатына және Бакуде ұйымдастырылатын грэпплингтен әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания өкілдері хабарлады.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды