Облысымызға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов жұмыс сапарымен келді. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу барысында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзге де мәселелер қарастырылды.
Аймақ басшысы су тасқынына дайындықты күшейту мақсатында Төтенше жағдайлар департаментіне қазан айының соңына дейін барлық елді мекендерге барып, мониторинг жүргізуді тапсырғанын айтты.
ТЖМ өкілдерінің мәліметінше, қазір облыста 12 елді мекенде су басу қаупі сақталып отыр. Бұған кейбір дайындық шарасының тиянақсыздығы да себеп болуы мүмкін.
«Амангелді ауданындағы Ақсай, Үрпек, Жангелдин ауданындағы Тентексай, Түйемойнақ, Қарасу ауданындағы Қошево, Ленино, Черняев, Бейімбет Майлин ауданының Қызылжар ауылдарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілмеген. Оның үстіне, бұл елді мекендерде аталған жұмыстар 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспарына да енгізілмеген. 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстар жоспарында 52 іс-шара көзделген. Қазіргі уақытта оның 37-сі іске асырылды, 9-ы орындалу үстінде. Қалған 6 іс-шара бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ. Оларды іске асыру мерзімі – ағымдағы жылдың IV тоқсаны. Оның 4-еуі бойынша инженерлік техника жеткізіледі делініп отыр, ал екеуіне қаржы қарастырылмаған. Осыған байланысты инженерлік жұмыстар жоспарының су тасқынына қарсы іс-шараларын уақытылы іске асырмау қаупі бар», – дейді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды ескерту комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері Төтенше жағдайлар департаментін материалдық-техникалық жабдықтауға 5 млрд теңге бөлінді. Су тасқыны қаупі жоғары өңірлер үшін 50 бірлік техника сатып алынды.
«2023–2026 жылдары облыстың орман шаруашылығы мекемелерін техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 9 млрд теңге бөлінді. 51 өрт сөндіру автокөлігі, 89 трактор, 39 орман өртін сөндіру кешені, 85 патрульдік автокөлік, 42 мотоцикл, сондай-ақ аспалы және тіркемелі жабдықтар мен байланыс құралдары сатып алынды. Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі 100%-ті құрайды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде биыл облыс аумағында орман өрттерінің ауданы 33,8%-ке, дала өрттерінің ауданы 96,8%-ке төмендеді», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды