Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Арманы алдамады

16 марта 2020 15:00 • 6 157 просмотров

Құқық қорғау саласында ер азаматтармен қатар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тер төгіп жүрген нәзік жандар да баршылық. Солардың бірі – Қостанай облыстық полиция департаментінің Ақпараттандыру және байланыс басқармасының инспекторы Әсел Мұратбек.

Әсел Жүсіпқызы 1997 жылы Науырзым ауданында туған. 2015 жылы М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түседі. Мұнда ақпараттық жүйелер мамандығын игеріп шықты.

«Болашақ мамандығымды бала кезімде анықтадым десе де болады. Бастауыш сыныпта «Кім болғым келеді?» деген тақырыпта бәріміз шығарма жаздық қой. Сол кезден-ақ полиция мамандығы қызықтыратын. Отбасымызбен тәртіп сақшылары туралы шытырман оқиғалы көркем фильмдерді көп көрдік. Міне, осылайша арман жетегіне еріп кеттім», — дейді жас полицей.

Әсел Мұратбектің құқық қорғау саласына келуінің басты себебі – спорт. 2008 жылғы Қытайдың Бейжің қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел спортшыларына жанкүйер болды.

«Сол додада Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері Елена Шалыгина «қола» жүлдегер атанды. Осы сәттен бастап, мен күреспен айналысуға бел будым. 2008 жылы күрес залының есігін аштым. Бапкердің жаттықтыруының арқасында спортта жоғары жетістікке жете бастадым. Бала күнгі арманым мен спорттағы көрсеткішім мамандығыма жетеледі. Алматыдағы ҚР ІІМ академиясына түскенде қыздар взводының командирі етіп тағайындады. Кейін кіші сержант атағын алдым», — деп жалғады Әсел Жүсіпқызы.