Эко саябақ ашылды

15 октября 2026 8:51 • 61 просмотров

Қостанай облысында 44 гектарлық экопарк ашылып, екі жел электр стансасы іске қосылды. Қостанай облысында жалпы аумағы 44 гектарға жуық жаңа экопарк ашылып, жалпы қуаты 100 мегаватт болатын екі жел электр стансасы іске қосылды. Екі жоба да тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және өңірдегі экологиялық таза энергия үлесін арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысының ірі қалалардың маңында экологиялық парктер құру жөніндегі тапсырмасы аясында Қостанай қаласының маңында жаңа экопарк ашылды. Аумағы 44 гектарға жуық саябақ отбасылық демалысқа, спортпен шұғылдануға және серуендеуге арналған.

Мұнда жүгіру және велосипед жолдары, футбол және волейбол алаңдары, балалар ойын алаңдары салынды. Сондай-ақ орындықтар мен күркелер орнатылды. Келушілерге арналған 125 автокөлікке есептелген тұрақ қарастырылған. Бұдан бөлек, салынып жатқан «Астана» тұрғын алабына апаратын жерасты өткелі салынды.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, экопарк – жай ғана абаттандырылған аумақ емес, ол адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосылған үлес.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында біз тазалыққа, абаттандыруға және табиғатқа ұқыпты қарауға ерекше көңіл бөлеміз. Осындай құндылықтардың әр адамның күнделікті өмірінен көрініс тапқаны маңызды», – деді облыс әкімі.

Жаңа экопарктің басты ерекшелігі – орманның ортасында орналасуы. Ресми ашылуына дейін-ақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған саябаққа отбасыларымен келіп, орман соқпақтарымен серуендеп, таза ауада уақыт өткізуге болады.

«Біз мұндай орынды көптен күттік! Мұнда керемет әдемі, айналаның бәрі орман, ауа таза, кеңістік мол. Балалар қатты қуанып жүр, өзіміз де серуендеп жүре бергіміз келеді. Әр демалыс сайын келеміз. Бұл экопаркке ғашық болып қалдық!» – деп әсерімен бөлісті келушілердің бірі.

Өңір басшысы мұндай қоғамдық кеңістіктер облыс орталығының маңында ғана емес, облыстың өзге қалалары мен ауылдық елді мекендерінде де дамытылатынын атап өтті.

«Марс» пен «Юпитерден» соққан жел

Сол күні Қостанай облысында жалпы қуаты 100 мегаватт болатын екі жел электр стансасы да іске қосылды. MarsWind және JupiterWind деп аталатын компаниялар жүзеге асырған жобаларға барлығы 38,6 миллиард теңге инвестиция салынды.

Осылайша, «Марс» пен «Юпитер» Қостанай облысына соншалықты алыс емес екені белгілі болды. Әрине, ғарышта емес, энергетика саласында. Екі стансада 16 жел генераторы орнатылды. Жобалар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігіне айналды. Олардың іске қосылуы нәтижесінде 15 жаңа жұмыс орны құрылды.

Қазіргі таңда Қостанай облысы шамамен 0,45 гигаватт электр энергиясын тұтынады, ал өңірдің өз электр энергиясын өндіру қуаты 0,12 гигаваттты құрайды. Энергия тапшылығын азайту мақсатында энергетика саласында алты жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде төрт жел электр стансасы, бір күн электр стансасы және бір газ поршеньді станса бар.

Аталған жобалар толық іске қосылғаннан кейін өңірдің электр энергиясын өндіру қуатын он есеге арттырып, 1,2 гигаватқа жеткізу және облыстың қажеттілігін толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысы жаһандық энергетикалық тапшылықтың күшеюі жағдайында еліміз үшін сенімді әрі экологиялық таза энергия көздерінің маңызы арта түсетінін атап өткен болатын. Қостанай облысында жел электр стансаларының іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Жаңартылатын энергетиканы дамыту электр энергиясын өзімізде өндіру көлемін арттырып, өңірдің энергетикалық дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыс әкімі.

Жасыл энергетикадан экологиялық көлікке дейін

Өңірдегі экологиялық бастамалар жаңартылатын энергия көздерін дамыту және қоғамдық кеңістіктер құрумен ғана шектелмейді. Қостанай қаласында қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған заманауи қалалық көлік түрі – экотакси де іске қосылды.

Тағы бір маңызды бағыт – ауылдық елді мекендерде қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу. Бұл бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін тек қалаларда ғана емес, әрбір ауылда қалыптастыруды көздейді.

Облыс әкімінің айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту кешенді тәсілді талап етеді. Ол инфрақұрылымды дамытуды, заманауи технологияларды енгізуді және тұрғындардың күнделікті әдеттерін өзгертуді қамтиды.

«Бұл шаралардың барлығы ортақ мақсатқа – жасыл экономиканы дамытуға және тазалық, абаттандыру мен табиғатқа ұқыпты қарау күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналатын экологиялық қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған», – деп түйіндеді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды