Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жангелдинде жұмыссыздық азайды

19 июня 2020 10:00 • 919 просмотров

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өңірдің оңтүстік аудандарына жасаған іссапары Жангелдин ауданында жалғасын тапты. Аймақ басшысы бұл туралы «Инстаграм» желісіндегі парақшасында егжей-тегжейлі баяндап жазды.

Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарын «Жұман» шаруа қожалығының қызметімен танысу арқылы жалғастырды. Осы нысан басында Амангелді және Жангелдин аудандарының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен кездесу өткізді. Еркін жиын барысында облыста мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Сол жиында келтірілген мәліметтер бойынша, егіз аудан – Амангелді мен Жангелдинде ірі қара малының басы 78,7 мыңға жетеді екен.

Іссапар жоспарына сәйкес, аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, Жангелдин ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Мәселен, Қаратүбек орта мектебіне 172,8 млн теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары арқылы 21 жұмыс орны құрылған. Жалпы, жұмыстар осы жылдың күзінде аяқталады.

«Сонымен қатар, «Топжарған» стадионы 154,8 млн теңгеге қайта жаңартылып жатыр. 40 жұмыс орны құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы ашылғаны – 20 жұмыс орны. Жөндеу аяқталғаннан кейін стадионның сыйымдылығы 3000 мың орын болады, — деп жазады Архимед Мұхамбетов. — Жалпы, Жангелдин ауданында ЖҚЖК аясында жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын 8 жобаны іске асыру басталды. 479 жұмыс орны құрылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 239 адам жұмысқа орналасады».

Айта кетейік, биыл Қостанай облысында ауылға жұмысқа орналасқан жас мамандарға 277,8 мың теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар жастардың үй салып алуына немесе сатып алуына қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатта әрбір жас маманға жылдық сыйақысы 0,01% болатын 4 млн 167 мың теңге көлемінде қаржы беру көзделіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімі өткізген селекторлық отырыста жан-жақты талқыланған болатын.