Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Анар Фазылжанова: «Ұтатын жеріміз көп»

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, соңғы жетілдірілген әліпбиге тікелей атсалысқан ғалым Анар Фазылжановамен ҚазАқпарат агенттігінің тілшісі жүргізген сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Анар Мұратқызы, жетілдірілген жаңа әліпби жобасына нағыз тіл мамандары үлес қосты ма?

– Үкімет жанынан құрылған латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық кеңесте мақұлданған әліпби нұсқасы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әзірленіп, Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының талқылауынан бірнеше рет өткен және «Тіл-Қазына» орталығының ұйымдастыруымен сынама сауалнамалар арқылы жетілдірілген нұсқа. Бұған дейін ұсынылған әліпбилерді әзірлеуге тілтанушы ғалымдар тікелей қатыспаған болатын. Ал бұл жоба тұңғыш рет тілтанушы мамандардың қатысуымен әзірленді және оның сынамадан өтуіне IT, әдістеме, дизайн т.б. сала мамандары қатысты.

– Латын әліпбиіне қатысты сын-ескертпелер аз болған жоқ. Соның бәрі мына жобада қаншалықты ескерілді?

– Әліпби жасау – мамандарға тиесілі іс. Әр саланың өз мамандары болады. Сол саланың қоғам тұтынатын өнімдерін әзірлеуде, ол өнім қоғамның үдесінен шығып, дұрыс қызмет етуі және сапалы болуы үшін, әрдайым сала мамандарына жүгінген абзал. Демек осы әліпби жобасы тілтанушы ғалымдар дайындаған өнім болуымен ерекше. Алайда әліпбидің тілтанымдық өнім ретінде лингвистикалық қасиетіне қоса, оның жаппай жұртшылықтың тұтынуында болуымен ерекшеленетін тағы бір қоғамдық та қасиеті бар. Яғни, әліпби жасау кезінде терең лингвистикалық ғылыми ізденістер мен тілдік материалдың талдауына сүйену ғана жеткіліксіз.

Сонымен бірге сол әліпбиді тұтынатын қоғам санасында орныққан әрбір таңбаға қатысты қалыптасқан ортақ танымдық бірлікке, мазмұнға да табан тіреуіміз керек. Міне, сондықтан да әліпби реформасы басталған кезде Елбасымыздың «Халықпен ақылдасу керек» деген ұсынысын ғалымдар ілтипатпен қабылдады. Сол кезден бастап әліпбиге қатысты қоғамдағы барлық ұсыныстар тілтанушы ғалымдардың сарабынан өткізілді десем, артық айтқан болмаспын. Біздің ойымызша, кез-келген тәжірибе, тіпті ол теріс болса да – адам үшін, қоғам үшін пайдалы.

Сондықтан, бұған дейінгі сәтсіз шыққан әліпби тәжірибелері осы жолы әзірлеген әліпбидің қырналып екшелуі, түзелуі үшін көп септігін тигізді. Сол себепті осы жобаның тілтанымдық, ортологиялық, тарихи, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық-педагогикалық негіздері бар деп толық айта аламыз.