Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қуатты зауыт Қостанайда

Автомобиль жасау саласындағы әлемдік көшбасшы Kia Corporation Қостанайда салынып жатқан көлік құрастыру зауытының құрылысына ерекше мән беруде.

Kia Corporation президенті Хо Сун Сон Қостанай қаласына арнайы ат басын бұрып, құрылыс барысын бақылады. Бұл жоба – Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беруі тиіс жобалардың бірегейі.

Сондай-ақ, жаңа зауыт Kia брендінің Қазақстан мен ТМД нарығында кең таралуына ықпал ететін болады. Бұл туралы Kia Corporation президенті Хо Сун Сон Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу барысында мәлімдеді.

Қостанайға арнайы іссапармен келген Хо Сун Сон мырза бастаған Kia делегациясы облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге жаңа зауыттың құрылыс барысымен танысты.

Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Kia Corporation президенті Орталық Азия мен ТМД елдерінде автомобиль бизнесін дамытуда Қостанай облысының географиялық тиімдідігін атап өтті.

Оның айтуынша, дамыған көлік инфрақұрылымы мен қолайлы географиялық жағдайы Қостанайды автомобиль өндірісі мен экспортының орталығына айналдыруы тиіс.

Аталған зауыт болашақта жылына 70 000 автокөлік шығаратын болады. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 90,0 млрд теңге.

2025 жылы іске қосылуы тиіс зауыт 1500 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.

Зауытты салу үшін жергілікті атқарушы билік облыс орталығындағы индустриялық аймақтан 70 га жер учаскесін бөлді, бүгінгі күні бұл арада құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан басқа да қажетті қолдау шаралары көрсетілуде.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов адам күшіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Аталған зауытты қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында машина жасаудың 5 бағыты бойынша (машина жасау технологиясы; автоматтандыру және басқару; машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету; қара металл өңдеу; дәнекерлеу) өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жастардың білімі мен тәжірибесін ұштастыру мақсатында оқу орындарында материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары қолға алынған.

Сондай-ақ, зауыттың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті, әрі инвесторлардың басты талаптарының бірі – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда.

Атап айтқанда, электр, газ, су және кәріз желілері, сондай-ақ сыртқы жарықтандыру және байланыс желілері іспетті инженерлік коммуникациялардың толық кешенін салу жоспарланған.

Жаңа зауыттың жұмыс циклының үздіксіздігін (қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді тасымалдау) қамтамасыз ету мақсатында, ұзындығы 4,2 шақырым кіре беріс тас жолын, және тек зауыт қажеттілігіне ғана қолданылатын 5 шақырымдық темір жол торабын салу көзделген.

«Шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтай отырып, қарым-қатынасты нығайту – Мемлекеттік органдардың басты басымдықтарының бірі екенін айта кеткен жөн «, – деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.

Бұдан соң KIA корпорациясының президенті Хо-сунг Сон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Президент автоиндустрияны дамыту Қазақстанның өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі саналатынын атап өтті.

Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді. Зауыт жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жобаны жүзеге асыру үшін 90 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. 1,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 70 мың автомобиль шығаруға есептелген. Оның ішінде 50 мың автомобиль ұсақ бөлшектерден құрастыру әдісімен өндіріледі, яғни жергілікті өнім үлесі барынша жоғары болады.

Сонымен қатар Хо-сунг Сонг автомобильдің қосалқы бөлшектерін жаһандық деңгейде өндірушілерді Қазақстанға тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Атап айтқанда, елімізде автокөліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыт салу жөнінде кореялық Seyong EHWA (KIA көліктеріне арналған автобөлшектер өндіруші) компаниясымен келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысы KIA корпорациясының Қазақстанда автобөлшектердің жергілікті өндірісін жолға қою туралы шешімін құптады. Сондай-ақ аталған саланы дамыту үшін білікті отандық мамандар даярлау қажет екенін айтты.

Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Тэ-ик Чжо 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен Оңтүстік Корея өзара тиімді әріптестікті нығайтып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде елдеріміз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономикалық реформалардың мақсаттарына сәйкес келетін экономикалық ынтымақтастықты іс жүзінде белсенді түрде дамытуда. Бұл реформалар өңдеу саласын дамыту арқылы республика өнеркәсібін әртараптандыруға бағытталған», – деді ол.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде, содан кейін жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында зауыт пилоттық режимде іске қосылмақ, ал екінші тоқсанында өндірістің толық циклі ашылады.

«Бүгінде Kia үшін Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болу – үлкен құрмет пен мақтаныш. Қостанайдағы жаңа зауыт азаматтар, университет түлектері мен инженерлерге жоғары деңгейдегі тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірегей жұмыс орындарын ұсына отырып, маңызды рөл атқаратынына сенімдімін», – деді Kia Corporation президенті.

Оңтүстік Корея компаниясы автомобиль жасаудағы жергілікті қамту деңгейін арттыру бойынша Қазақстанның өнеркәсіптік саясатына толық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Kia Қостанайда локализациялау орталығын ашу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда шағын және орта бизнестің қатысуымен құрамдас бөліктер өндірісі жүргізілмек.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов озық әлемдік тәжірибелерге жүгіне отырып, заманауи жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосу республиканың автомобиль жасаудағы өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал ететініне сенімді.

«Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғыдан әсер етеді. Атап айтқанда, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының құрылуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшектер жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады», – деді Құмар Ақсақалов.

Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды