Қазақстан XXI ғасырдың басында қоғамдық-саяси бағытын орнықтырып, әлемдік қоғамдастықтың жауапты әрі сенімді серіктесі ретінде танылды. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының өзара үйлесімділік пен ынтымақтастыққа, іскерлік пен кәсібилікке негізделуімен түсіндіріледі.
Қазақстанның шетелдермен қарым-қатынасының басымдылығы халықаралық қатынастар аясында мемлекет беделін көтеруге және өзара түсіністік үлгісін көрсетуге негізделген. Мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастықтың дамуына, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуларды орнықтыруға барынша қолдау жасалды. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты маңызы зор әрі келешегі кемел бастамалар өз еліміздің ғана емес, аймақ пен тұтас әлемнің қауіпсіздігі мен мүддесіне бағытталған. Осындай келелі мәселелерді шешуге атсалысу – Қазақстан үшін үлкен мерей.
Әлемдік ауқымдағы саяси қайраткер – Елбасының аймақтық және жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы үлесі зор. Айта кету керек, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропалық одақ, көрші елдермен өзара ынтымақтастықтың орнауы, БҰҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және тағы басқа ұйымдарға Қазақстанның кіруі, Семей полигонының жабылуы үлкен қадам болды.
Соның ішінде Қазақстанның тұңғыш рет халықаралық деңгейде танылуына әсер еткен фактор – ядролық қарудан бас тарту болды. Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы қадамы жаһандық әлемнің қауіпсіздік жүйесіне үлес қосудан басталды. Қазақстан халқының бейбіт қатар өмір сүру мұраты әлем елдерінде мойындалды.
2010 жылдың 3 тамызында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлер Кеңесі тарихи шешім қабылдады. Бұл ұйымға мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша, 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында елордада халықаралық өмірдегі ең басты саяси оқиға – ЕҚЫҰ саммиті өтетіндігі жарияланды. Азия және ТМД мемлекеттері арасынан Қазақстанда тұңғыш рет аталған саммит өткізілді. Бұл қазақстандықтардың 1991-2010 жылдар аралығындағы жүргізген іс-қимылдары нәтижесінде қол жеткізілген табыс пен халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға жоғарғы құрметінің белгісі еді. Заманауи кезеңде «еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құрлықтық шеңбер ауқымынан асып кеткендігі» жөніндегі тезисті ұсынуда Қазақстан белсенділік көрсетті. Бұған әлем құлақ аса бастады. Халықаралық қоғамдастық еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік категорияларын пайдалануды үрдіске айналдырды.
Қазақстан сын-қатерлерге, әсіресе терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы ЕҚЫҰ ұйымының рөлін арттыру қажеттігін мәлімдеді. Ауғанстан мен орталық Азиядағы (Қырғызстандағы саяси дағдарыстар) қауіпсіздік мәселесін бейбіт түрде реттеу күн тәртібінде тұрған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана саммитіне көп үміт артты. Бұл тарихи шара Қазақстандағы «толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтармен таныстырудың мүмкіндігі» болатын. Астана әлем жұртшылығына ЕҚЫҰ-ның «Хельсинкиден Астанаға дейінгі» табысты эволюциясын» жария етті. Қазақстандықтардың беделін асырған бірлік пен патриотизм нығая түсті.
Осылайша 2010 жылғы 3 тамыздағы тарихи шешімнің өзі тағылымға айналды. Ол Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ұстанған бағыт-бағдары мен жолының дұрыс екендігін дәйектеді. Осы шешім арқылы Қазақстан халқының жауапкершілік жүгі артты. 2011 жылы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің 20 жылдығында Қазақстанның әлем жұртшылығы сеніміне ие болғанын мәлімдеді. Оның басты дәлелі әлемдік бизнес тұтқаларын ұстаушы – шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына сенімділікпен үлес қосуы. Алғашқы ірі инвесторлар – Шеврон, Бритиш Петролеум, Миттал, Самсунг, Дженерал электрикс, Дженерал моторс және басқа да әлемдік бизнес шыңындағы компаниялар еді.
1999-2007 жылдары аралығында мемлекеттің ІЖӨ өсімі жыл сайын орта есеппен он пайызды құрады. Шағын және орта бизнес саны 35 есе өсті. Қызмет көрсету салалары да дамуға бағыт алды. 2011 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінде бизнес жүргізу бойынша 47-орынға ие болды.
Ішкі экономикадағы және әлеуметтік өзгерістерді жүргізуде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үлгілеріне мән берілді. Қазақстандағы тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында жеткен жетістіктердің бастысы – халықаралық стандарт бойынша Қазақстанның білім беру саласының дамыған елдер тобына енгендігі. 2000-2010 жылдар аралығында білім саласына бөлінген қаржы 9 есе, яғни 100 миллиардтан 900 миллиард теңгеге дейін өскен. Мұның нәтижелері: «Болашақ» бағдарламасы, Инновациялық-зияткерлік мектептер, Назарбаев Университет, Халықаралық университеттер және басқалар.
Қазақстанның Еуропа мен Азия кіндігінде орналасуы – басты артықшылықтардың бірі. Ел игілігі үшін қолға алынған үлкен жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі. Бұл жоба мемлекеттер арасында өзара жауапкершілік, достық пен ынтымақтастыққа қызмет атқару міндетін жүктейді.
Келешек ұрпаққа ұлы мұра жасалынды. Атап айтқанда, мықты мемлекет, жаңа экономика, біртұтас қоғам құрылды. Еуразия ғажайыбы – жаңа елорда бой көтерді. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласы – түрлі бағыттағы идеялардың және Қазақстан экономикасының, мәдениеті мен саяси өмірінің орталығына айналды. Дәл осы қалада ЕҚЫҰ саммитінен кейін әлемдік саясатта жаңа – «Астана рухы» ұғымы пайда болды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы – тәуелсіздік бесігі, ал Астана – болашақтың бесігі» болатындығын халыққа жариялаған болатын.
Алайда осыншама жетістіктерге қол жеткізу оңай болған жоқ. Әрбір бастама аясындағы іс-қимылдарды халықтың қолдауы үлкен серпіліс берді. Тұрғындардың сенімі мен шыдамдылығы және ортақ мүддеге сай қажырлы еңбегі қиындықтар мен кедергілерден алып шықты.
Келешекте жаһандық күрделі мәселелер туындаған жағдайда қажетті іс-шаралар жасау және даяр болу күн тәртібінде тұр. Олар: жаңа технологиялық революция, жаңа экономикалық құрылымдар (жаһандық дағдарыс әсерінен қорғану), ауыз су тапшылығы және құнарлы жер мәселелері (аштық пен жұқпалы аурулардың алдын алу) және басқалар. Жаңа ғасырда аймақтық және жаһандық біріздендіру үрдістері қажеттілікке айналды. Бастамалық тұжырымдамалар қазақ халқының дәстүрлі ұстанымына сәйкес дамыды. Қазақтың жадында: «көршіңді құдайыңдай сыйла» немесе «құдайы көрші» деген тарихи ұғымдар ұрпақтан-ұрпаққа сабақтаса жалғасуда.
Мұны Елбасы халыққа былайша жеткізді: «Әлемнің кез келген мемлекеті кедей де тұрақсыз, тәуекелге ұшырағыш көршіден, бай да қуатты көршіні қалайтыны шындық. Осындай мәселе ауқымында тек өзара ынтымақтастық қана табысқа жетелейді. Қазақстан – өзінің геоэкономикалық жағдайын жақсарта отырып, континенттік тұйықталудан шығуды бірден-бір қолдаушы ел». Заманауи әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелер, рухани, этностық және моральдық сын-қатерлер (толассыз соғыстар, этносаралық қақтығыстар, қылмыстың өсуі, діни төзімсіздік пен радикализмнің бой көрсетуі – экстремизм, терроризм және басқалар) күрделенген әлемде Қазақстанның таңдауы – ел тұтастығы. Елбасының басты ұстанымы – адамзат болашағы үшін бейбітшілік пен келісім мәселесін жоғары қою. Ол халық мүддесі мен адамзаттың ортақ игілігіне сәйкес бастамалар көтерді.
2012 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысушылар үндеуінде әлемнің түрлі діндері мен мәдениеттерінің артықшылықтарын барынша толық пайдалану қажеттігі, әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі, жастардың имандылық негіздерін орнықтыру, олардың рухани дамуы мен түрлі деңгейде білім алу маңыздылығы, азаматтардың ана тілі мен тарихын, мәдениетін меңгеру қажеттілігіне мән берілді. Онда былайша мәлімделді: «…біз үрейлендірудің немесе күш қолданудың кез келген түрін айыптаймыз және барлық мемлекеттерді мұндай проблемаларды диалог арқылы шешу үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға шақырамыз». Әлем халқына мұндай бейбіт жолдаудың елімізде мәлімделуі қазақстандықтардың ұстанымын білдіретіні айқын. Қазақстан әлем мемлекеттеріне қоғамдағы тұрақтылық пен экономикалық дамуды орнықтыру жолдарын ортақтаса іздестіру жөнінде ұсыныс жасап келеді. Қазақстан – өңірлік ықпалдастықтың тұрақты жақтаушысы. Біздің еліміз өңірлік көлік инфрақұрылымын құруға белсенді түрде инвестиция салуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол бағыты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін халықаралық күштерді шығаруға арналған Солтүстік тарату жүйесіндегі Қазақстанның көлік инфрақұрылымы, «Жаңа жібек жолы» бастамасы аясындағы жаңа идеялар, Қазақстанның өңірлік ықпалдастыққа қосқан үлесі.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастықтағы 193 тәуелсіз мемлекеттің бірі – Қазақстан Республикасы атынан 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-сессиясының жалпы дебаты аясында сөйлеген сөзінде таяу отыз жыл аралығындағы түрлі соғыстар мен қақтығыстардың шиеленіскен түйінін тек даналықпен шешу нәтижесінде жер бетіндегі өркениет күшейе түсетініне сенімді екендігін жеткізді.
Дүние жүзінің назарын аударған оқиғалардың бірі – 2016 жылы Вашингтонда өткізілген Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммиттің аясында, Карнеги қорының штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаһандық ядросыз әлем стратегиясын жариялауы болатын. Қазақстан жария еткен «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі қалың жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болды. Манифест бейбіт өмірге үндеу, яғни соғыс өртін тұсаулайтын – келешек ұрпақты қорғау бағытындағы қадам ретінде қабылданды. Елбасы өзінің ұсынысын келесідей негіздеді: «…Басты қатер – жаһандық соғыс. …ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі қарусыздандыру жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Бізде мұндай мүмкіндік енді болмайды». Адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттілігі заңдылыққа айналуда. Елбасының тарихи мәлімдемесі, жаһандық сын-қатерлер аясында бұрынғыдан да ең қажетті құрал ретінде ел бірлігі – басты құндылыққа айналып отыр.
Тұңғыш Президент бастамаларының маңыздысы – шетелдегі қандастардың елге оралуына қатысты жүйелі көші-қон мәселесін қолға алып, халықаралық қатынастар мен ішкі әлеуетті үйлестіре нәтижелі іс-қимылдар жүргізуінде. Бүгінгі күні қандастардың үлесі жалпы тұрғындардың 6 пайызын құрайды. Атажұртқа оралған қандастарымыз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосуда.
1992 жылдың 4 маусымында Елбасы Мемлекеттік рәміздер туралы заңға қол қойды. Мемлекеттік Елтаңба авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Өзбекстаннан елге оралған Жандарбек Мәлібеков тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осылайша үлес қосты. Еліміздің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына үлес қосқандар қатарында Түркиядан оралған Халифа Алтай «Құран Кәрім»-ді араб тілінен қазақ тіліне аударып халыққа ұсынса, эпиграфика және этнография саласының білгірі, Моңғол елінен келген тарихшы-ғалым Сартқожа Қаржаубай «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ тарихына қатысты ежелгі, ортағасырлық және жаңа тарих кезеңінің деректерін қазақ тіліне аударып, ғылыми айналымға қосты, Қазақстан-Қытай қатынастары, дипломатиялық қатынастар тарихы жөніндегі ғылыми монографиялары жарық көрген ҚХР-дан оралған тарихшы-ғалым Набижан Мұхаметжанұлы тәуелсіз елдің тұғырын көтеруге атсалысса, Ираннан оралған айтулы шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей Мұхаммед Қайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегін парсы тілінен аударып, мәтіннің қазақ тарихына қатысты мазмұнын айшықтады. Әрине халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Түркиядан оралған таэквондо бойынша әлем чемпионы, 6-шы дан дәрежесінің иегері Мұстафа Өзтүрік, Өзбекстаннан оралған бокстан Олимпиада ойындарының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан спортына үлес қосты. Қазақ мәдениетін отандық және шетелдік сахнада аспандатқан Қытайдан оралған қазақтың атақты бұлбұл әншісі – Майра Мұхамедқызы және бидің жұмбақ әлемінің жаңа бейнесін халқына арнаған биші – Шұғыла Сапарғалиқызы еді. Оған қоса қандастарды бейімдеу орталықтарынан өткізу, қоғамға кіріктіру және орналастыру да күрделі жүйелі жұмыстарды талап еткен болатын.
Қазақ халқының ұрпақ және дәстүр сабақтастығы, өзге этнос өкілдеріне құрмет көрсету қасиеттері, Елбасының отандық және халықаралық бастамалары шетелдік сарапшылар тарапынан оң баға алды. Тәуелсіздіктің отыз жылындағы Қазақстан Республикасының адамзат құндылығына қосқан басты үлесі – халық бірлігі мен ынтымақтастығы шеңберіндегі идеялар және іс-қимыл үлгілері. 1992 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерді. Нәтижесінде 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 1997 жыл – «Ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» туралы Қазақстан Президентінің жарлықтары жарияланды. Тұңғыш Президентіміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын сұхбат алаңына тоғыстыру идеясын көтерді. Нәтижесінде, Қазақстан – дінаралық үнқатысу орталығы ретінде елордамызда 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары діндер көшбасшыларының съездері өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек. Бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институттық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажет. Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», деп атап айтты. Саясаттағы осындай сабақтастық еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясында айқындалған сара бағытпен серпінді дамуына кепілдік береді.
Құндызай ЕРІМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты