Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Әлеуметтің әлеуеті артып келеді

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қос ауданға іссапармен барды. Ол Меңдіқара және Ұзынкөл аудандарының тынысымен танысты.

Жұмыс сапарының аясында Меңдіқара ауданында болып, алдымен Михайловка орта мектебінде жасалған жөндеу жұмыстарына баға берді. Мұнда өткен жылы 299,9 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген болатын.

Одан әрі аудан орталығындағы Мұхамеджан Қарабаев атындағы Қостанай облыстық оңалту орталығында болды. Аталмыш орталықта биыл 933 млн. теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізілді. Жұмыс өткен жылда басталып, ағымдағы жылдың наурыз айында аяқталған. Қазір мұнда облыстың әр ауданынан келген науқастар ем алып жатыр.

–Қазіргі таңда аз-мұз жұмыстар бар. Атап айтсақ, ол жеделсатыны жаңарту, тиісті медициналық аппараттар мен жиһаз сатып алу қажет. Бұл үшін қаражат бөлінген, оңалту орталығы мемлекеттік сатып алу жұмыстарын өзі жүргізіп жатыр. Биыл бұл мәселелер түгел шешілмек,-деп атап өтті Оңалту орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрхан Өтегенов.

Бұдан соң өңір басшысы Алтынсарин көшесіндегі №12 16 пәтерлі тұрғын үйге ат басын бұрды. Қаңырап қалған ғимараттарды кәдеге жарату жұмыстары ертеректе басталған. Аталмыш тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Ол үшін бюджеттен 88,9 млн.теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы Меңдіқара ауданы 1 892 313,3 мың теңге сомасына 18 жобаны іске асырған болатын.

-Бұл үйде көп балалы аналар, бюджеттік ұйым қызметкерлері, оның ішінде үш медицина қызметкері тұрып жатыр. Қалған пәтерлер кезек бойынша берілді. Алдағы уақытта осындай жөндеу жұмыстарын қажет ететін бірқатар ескі ғимарат бар. Егер сараптамадан өтсе, оларды да қайта жаңартуды қолға алмақпыз,-дейді Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбеков.

Сапар қорытындысы бойынша Архимед Бегежанұлы Меңдіқара ауданының әкімі Нұрлан Қатарбековке ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі жұмыс сапарының жалғасында Ұзынкөл ауданына барды. Ол алдымен Ұзынкөл ауылындағы аудандық ауруханаға соқты. Аудан әкімі Мұрат Сандыбаев мұнда шатырға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Ғимараттың ауданы 336 шаршы метрді құрайды.Ағымдағы жылдың 24 ақпанында ауа-райының нашарлауына байланысты шатыр бұзылып, біраз қираған болатын.

-Бүгінгі таңда ғимараттың бір бөлігі толық жөндеуден өтті. Іші-сырты тегіс жаңартылды. Енді қалған бөлігіне кіріскелі отырмыз. Қазіргі уақытта барлық құжаттары дайын,-дейді аудан әкімі Мұрат Сандыбаев.

Бұдан соң өңір басшысы «Тұмар» шағын маркетіне барды. Ағымдағы жылдың ақпан айында «Аббасова И.В.» ЖК өз қаражаты есебінен 25,7 млн. теңге сомасына шағын–маркеттің құрылысын аяқтады. Меншік иесі шығарылатын өнім ассортиментін кеңейту үшін 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр.

Дүкен иесінің айтуынша, әзірге таурадың дені облыс орталығынан жеткізіледі. Алдағы уақытта жергілікті өнім өндірушілермен байланыс орнатып, қамтамасыз ету ойда бар.

-Біздің ауданда нанның бірнеше түрін пісіретін, көкөніс өсіретін, балық сататын азаматтар жеткілікті. Солармен тығыз байланыс орнатып, өнімдерін біздің дүкенде де сатуды жоспарлап отырмыз. Мұндай шағын маркет ауданда тұңғыш рет ашылды. Енді осыны кеңейтіп, әртараптандыру қажет,-дейді жеке кәсіпкер Ирина Аббасов.

Сондай–ақ өңір басшысы Ұзынкөл ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. 2020 жылы ЖҚЖК бағдарламасы аясында ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Мұнда 26х12 ойын алаңы, медициналық және әдістемелік кабинет, киім шешетін бөлме (ерлер, әйелдер), қазандық, жуынатын бөлмесі, дәретханалар бар.

Сапар соңында «109» бірыңғай ахуалдық орталығында болды. Ахуалдық орталық ағымдағы жылыдң 31 наурызында ашылды, тәулік бойы халықтан өтініштер қабылдау жүзеге асырылады.

Маржан АЛПЫС, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.