Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ақмешіттің орны айрықша

Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева облыс орталығындағы көне Ақмешітке барды. Аталмыш мешітке жүз отыз жылға жуық уақыт болды, биыл оған күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

            Бұл ХІХ ғасырдың аяғындағы өлкемізді мекен еткен мұсылман жамағаты үшін салынып берілген үлкен сый болатын әрі маңайдағы көршілес елдер арасында сәулеті жағынан ерекше көз тартар ғимарат саналды. Кеңес үкіметі тұсында талан-таражға ұшырап, діни мекеме атауынан айырылса да, араға бір ғасыр салып, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзінің ғибадат ететін орын мәртебесін қайтадан алды. Оған халқымыздың аяулы перзенті, дін ғұламасы, күрескер тұлға Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.

            Өздеріңізге мәлім, аймағымыздың тарихи-мәдени ескерткіші саналған Ақмешіт 2017 жылы «Қазақстанның киелі орындары» тізіміне енгізілген болатын. Қаламыздың орталығында орналасқан тарихи нысан құлшылық үйі ғана емес, көз тартар көрікті орын, өскелең ұрпақтың тәрбие және рухани ордасына айналған. Алайда ақ қар, көк мұз, жауын-шашынның астында қаншама жылдар тұрған ғибадат үйі соңғы уақытта тозығы жете бастаған еді. Сыртқы келбеті көнеріп, іргесі жарылып, есік-терезесі ескірген тарихи сәулет нысаны күрделі жөндеуді қажет етті. Облыс орталығында жаңадан Аймағанбет қажы Спанұлы құлшылық үйі бой көтеріп, мұсылман жұртының игілігіне берілген бес жылдан бері бұл Ақмешіт жұмысын тоқтатып тұрды.

            Осыдан екі жыл бұрын «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекет қорғауына алынған жәдігерімізге ғылыми-жаңарту жұмысын жүзеге асыру мақсатында бір жағынан бастан-аяқ құрылыс жүргізіп, екіншіден, бастапқы қалпына қайтадан келтіру науқанына кірісіп кеткен едік. Ол үшін ең алдымен архив құжаттарынан, фото суреттерден нысанның алғашқы жобасымен танысуға тура келді. Бұл үшін еліміздің белгілі сәулетшілерінен құралған мамандар Татарстан Республикасына, Орынбор және Уфа қалаларына арнайы барып келді. Соның арқасында қазіргі Ақмешіт ғимараты бастапқы келбетіне қайта оралып отыр. Мұнаралары бұрынғысынан 3 метрге биіктетіліп, әуел бастағы қалпына келтірілді. Есік-терезелері, едені жаңартылды, іргесі бекітілді.

            Құрылыс-жөндеу жұмыстары былтыр көктемде аяқталғанмен, елдегі карантиндік шектеулерге байланысты ғимаратты пайдалануға беру кейінге шегеріліп отыр.

            — Жергілікті халықтың сұрауы бойынша алдағы уақытта Ақмешіт мұсылман жамағатына құлшылық мақсатқа беріледі. Қазір құжаттарды ресімдеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Күнделікті намаз өтеу, неке қию, азан шақырып есім қою қатарлы шараларды өткізбесе, дәл қала орталығында орналасқан бұл жер жаппай құлшылық жасауға қолайсыз – байқасаңыздар, ғибадат үйінің сыртында көлік қоятын орын тапшы, — деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.